Жаңалықтар

Ұялыжар ауылы Наурызды қалай тойлады?

Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы
Ұялыжар ауылы Наурызды қалай тойлады?
Фото: Әйгерім Бегімбет, Алмас Зауырбек 24.03.2017 10:31 10961

Жыл басын, ізгілік пен мейірімділіктің, береке мен бірліктің мерекесін ауыл халқы ерекше көңіл күймен, ықыласпен қарсы алады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ұялыжар ауылы да Ұлыстың ұлы күнін дүркіретіп өткізді.

Үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауына жақын қоныс тепкен бұл ауылда 10 жылдан бері дәстүрге айналған бір үрдіс бар. 2007 жылы 1960 жылы туған ағалар қалталарынан қомақты қаржы шығарып, Наурыз тойдың барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз мойындарына алады. Оған дейін де Наурыз той тойланып жүргенімен, лайықты деңгейде, жалпыхалықтық сипатта өту үшін эстафета әр жылы, 1961, 62, 63 жылғыларға жалғасып, биыл 1970 жылы туғандарға берілді.  Олар ақпан айының бел ортасынан-ақ қызу дайындыққа кірісті. Бүгінде ауылда сол жылы туған ағалардың 18-і түрлі салада қызмет атқарып, туған мекеннің гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүр. Олардың әрқайсысы  30 мың теңгеден шығарып, іс-шараның жоспарын түзді.

«Ауылымызда 350-ден астам отбасы тұрады. Тату-тәтті бәрі. Жолымыз түзу. Әрбір үйге табиғи газ, ауызсу келіп тұр. Мәдениет үйі, балабақша, емхана, мектеп, әкімдік сияқты мекемелер халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Шама-шарқы жеткенше ауыл халқы да Наурыз тойға ақша қосады. Биыл олардан 200 мыңнан астам қаржы жиналды. Бұдан бөлек Лесбек Құрманәлиев 100 мың, Талғат Маханбетов 50 мың, Айдос Нұрбаев 100 мың теңге қосып, демеушілік танытты. Бұл қаржыға Бөржар ауыл огругіне қарасты елді мекен тұрғындары арасында волейбол, футбол, қазақша күрестен жарыс өткіздік. Қаржылай қомақты жүлде тағайындадық. Мектебімізге спорттық керек-жарақтар әперіп, бірсыпырасын түгендеп бердік. Ұйымшылдық танытқан сыныптасарыма, ауыл халқына алғысымды білдіремін», - дейді ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген, жеке кәсіпкер Сәкен Сұлтан.

Бір күн бұрын 1970 жылы туған азаматтар мен олардың жұбайлары өздеріне жүктелген міндет бойынша жұмыстарын атқаруға кірісті. Ағалар жағы киіз үй тіксе, бірі ту биені сойып, етін жілік-жілікке бөлді. Ал өзгелері отын жарып, қазан-ошақ әкеліп, үстелдерді қаз-қатар қойып, орнатты.

Біз барғанда әйелдері бір үйге жиналып, дастарханның қамын жасап жатыр екен. Олар да күні бойы тыным таппай, ауыл халқына жететін шара-шара бауырсақ, қаттама нан, самса, қуырма тұшпара, тәттілер пісірді. Жылқының ішек-қарнын тазалап, қазы-қарта, жал-жая дайындады.  

«Біздің арамызда дәрігер, мұғалім, мектеп директорының орынбасары сынды әртүрлі маман иелері бар. Бірақ негізгі қызметіміз – келіндік қызмет. Бір-бір әулеттің отанасымыз. Ұйымшылмыз. Қандай шаруа болмасын бірігіп атқарып, қолдау көрсетіп жүреміз. Ауылымыздың биылғы Наурызын өткізуге біздер жауапты болғандықтан, дастарханды барынша жайнатуға, тағамдарымызды дәмді пісіруге тырысып жатырмыз. Бүгін барлық келіншектер үйіндегі жұмыстарын ысырып қойып, біздің үйде бас қосты. Наурыздың сәні наурызкөже мен бауырсақ ғой. 600-700 адамға арнап дайындадық», - дейді 4 баланың анасы Гүлжазира Керімбекова.

Күн мен түн теңелді. Наурыздың таңы атты. Төрт түлігін өріске өргізген соң, ауыл халқы ұлттық киімдерін киіп «Мәдениет үйіне» қарай аяңдады. Өйткені Наурыз той осы жерде тойланады. Орталыққа жиналған қариялар, ақ жаулықты аналар амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі құттықтап жатты.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қазақ. Алдымен, дәстүр бойынша тұрғындар ағаш егіп, көк шыбықты жерге қадайды. Ал арық-атыз бен бұлақ көздері күні бұрын тазаланып қойылған. Сондықтан болар, ауылда жасыл желек көп. Жайқалып тұр.

«Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар» дегендей екі-үш тай қазанда наурыз көже пісірілді, енді бірінде палау басылды.

«Кеше жігіттер жылқы сойған. 225 кг ет берді. Бүгін енді Наурыз тойға 120 кг күріш басып жатырмын. Көпшілікке палау дайындап үйренгендіктен, бұл жолы да дәмді шығады деп ойлаймын», - дейді аспаз Фарух Райымұлы.

Ал қыз-жігіттер өз өнерлерін ортаға салып, ақ дастарханға жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысты. Ауылдағы «Мыңбала» балабақшасы, Абай атындағы жалпы орта мектеп, емхана мен әкімдік қызметкерлері салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау мақсатында өзара сынға түсті. Сәбиді бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату, келін түсіру сынды көріністер қойып, мерекенің шырайын келтірді.

«Мен бастауыш сынып мұғалімімін. Әріптестеріммен бірігіп, қыз ұзату дәстүрін көрсеттік. Сыңсу айттық. Бұдан бөлек арнайы ән жаздырдық. Шыны керек, қалаға қарағанда ауылда Наурыз ерекше тойланатын сияқты. Мұнда барлығы бір-бірін жақсы таниды, міндетті түрде Наурыз көжеден дәм татқызады. Ізгі лебіздерін білдіреді. Осы ауылға келін болып түскелі бері Ұлыстың ұлы күнін ауылда тойлаймыз», - дейді Назира Оразбаева.

Ал жастар жағы арқан тартыс, қошқар көтеру, қазақша күрестен бағын сынады. 40 медаль сарапқа салынды. 80 апа-әжеге ақ жаулық, ал 32 атаға шапан сыйға тартылды. Бұдан бөлек әннен шашу шашып, би билеген  ұжым қызметкерлері мен кішкентай өнерпаздар да сыйлықтан құр алақан қалған жоқ.

Тік тұрып, зыр жүгіріп, қызмет көрсеткен 1970 жылғы ағалар мен жеңгелер ауыл тұрғындарынан ақ бата алып, Наурыз тойдың эстафетасын 71 жылы туғандарға тапсырды.  Жер бусанып, көк шығып, тіршілік қайта түлейтін көктемнің шуақты сәті, молшылықты, жақсылықты дәріптейтін осынау мереке ұялыжарлықтардың есінде осылайша қалды.

«Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса жол болсын.

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын» деп бірін-бірі құттықтаған ауыл тұрғындары енді қайтадан қыз-қыз қайнаған қызу тірліктеріне кіріседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға