Бірі әлемді аралауды армандайды. Екіншісі үлкен қалаға арман қуып келген. Үшіншісі алған білімін елінің қажетіне жаратқысы келеді. Бүгінгі жастардың арманы әртүрлі болғанымен, оларды біріктіретін бір нәрсе бар – өздері қалаған өмірді құруға деген ұмтылыс. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай El.kz тілшісі бүгінгі жастардың нені армандайтынын және олар үшін жақсы өмірдің өлшемі не екенін саралап көрді.
20 жас – бір жағынан алдыңда бүкіл өмірің жатқандай көрінетін, екінші жағынан «енді не істеймін?» деген сұрақ жиі мазалайтын кезең. Оқу, жұмыс, баспана, ақша, саяхат, отбасы, мансап – бәріне бірдей үлгергің келеді. Оның үстіне қазіргі жастардың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда көп. Басқа елде білім алуға, қашықтан жұмыс істеуге, әлеуметтік желі арқылы кәсіп бастауға, жаңа мамандық игеруге болады. Бірақ мүмкіндік көбейген сайын талап та артқандай. Жақсы білім алу, табысты жұмыс табу, баспана алу, саяхаттау, ата-анаға көмектесу, отбасы құру, сонымен бірге өзіңді дамытуды да ұмытпау керек.
Әлеуметтік желіге қарасаңыз, бүгінгі жастың арманының дайын үлгісі де бар сияқты: 20 жаста жақсы табыс табу, 25-ке дейін баспана алу, бірнеше елді аралау, сүйікті кәсібіңді табу, жеке бизнес бастау. Ал жастардың өзі шын мәнінде нені қалайды?
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Арманның басында әлі де отбасы тұр
Қазіргі жастарды бұрынғы буыннан мүлде бөлек, тек мансап пен жеке еркіндікті ойлайтын ұрпақ ретінде сипаттайтын пікірлер кездеседі. Алайда зерттеу нәтижелері мұндай түсінікпен толық келісе қоймайды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2026 жылғы «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеуіне сүйенсек, жастар үшін ең маңызды құндылық – ата-ана мен отбасы.
Сауалнамаға қатысқандардың 68,8%-ы ата-анасын басты құндылық ретінде атаған. 44,5%-ы денсаулықты маңызды санаса, 34%-ы жұбайы мен балалары бар отбасын таңдаған. Жастар үшін материалдық тұрақтылық, достық, мансап, білім, махаббат пен жан тыныштығы да маңызды.
Демек қазіргі жастың арманы тек жоғары жалақы, қымбат көлік немесе үлкен қызметпен шектелмейді. Жақындарының амандығы, денсаулық пен болашақ отбасы да өмірлік мақсаттарының арасында тұр. Арманның формасы өзгеруі мүмкін, бірақ кей құндылықтар сол күйі қалған.
«Жастық шағымды естен кетпестей өткізгім келеді»
Бүгінгі жастардың бір бөлігі үшін жақсы өмір тек тұрақтылықпен өлшенбейді. Олар жаңа жер көріп, жаңа әсер алып, жастық шағын қызықты өткізгісі келеді. Аяулым Булатқызы да дәл қазір үлкен материалдық мақсаттардан бұрын әлемді көргісі келетінін айтады.
Қазіргі арманым – ел-жер көріп, саяхаттау. Өмір өтеді де кетеді. Ал мен жастық шағымды естен кетпестей әдемі өткізгім келеді, – дейді Аяулым Булатқызы.
Саяхат қазіргі жастар үшін жай ғана демалыс емес. Басқа елді көру, жаңа адамдармен танысу, тіл үйрену, өзге мәдениетті тану да тәжірибе жинаудың бір жолына айналды. Оның үстіне бүгін әлем көру бұрынғыдай қол жетпес арман емес. Жастар халықаралық білім бағдарламаларына қатыса алады, академиялық ұтқырлықпен шетелде оқиды, тағылымдамадан өтеді немесе өз бетінше саяхаттайды.
Сондықтан қазіргі буынның бір бөлігі үшін ақшаны тек баспана немесе көлікке жинау міндетті мақсат болмауы мүмкін. Біреу оны білімге, енді бірі саяхат пен жаңа тәжірибеге жұмсауды жөн көреді.
Жақсы өмір деген міндетті түрде бай болу ма?
Материалдық жағдай жастардың өмірінде бәрібір маңызды орын алады. Қазіргі жиырма жастағылар күн сайын өзімен қатар адамдардың жетістігін көріп отырады. Біреу әлеуметтік желіде жаңа көлігін көрсетеді, екіншісі баспана алғанын жариялайды, үшіншісі шетелде оқып жүр, тағы бірі кәсібін ашқан.
Бұрын адам өзін көбіне айналасындағы адамдармен салыстырса, қазір оның салыстыратын ортасы тұтас интернетке айналды. Сондықтан қаржылай тәуелсіз болуға ұмтылысты тек байлыққа құмарлық деп түсіндіру дұрыс емес. Тұрақты табыс – жас адам үшін еркіндіктің бір түрі. Ата-анадан қаржылай тәуелсіз болу, жеке тұру, білім алу, саяхаттау, жақындарыңа көмектесу немесе көңіліңнен шықпайтын жұмыстан қорықпай кету үшін де ақша қажет.
Осы тұрғыдан алғанда қазіргі жастар үшін «ақша» мен «еркіндік» бір-бірінен алыс ұғым емес.
Арман қуып үлкен қалаға келетін жастар
Жастардың арманы кейде туған жерінен кетіп, басқа қалада өз мүмкіндігін сынаудан басталады. Оқу, жұмыс, кәсіби орта мен жаңа мүмкіндік іздеп Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларға келетін жастар аз емес. Аружан Айдарханова да солардың бірі. Ол Астанаға арманын жүзеге асыру үшін келгенін айтады.
Мен арман қуып Астанаға келдім. Өз елімде маған бәрі ұнайды. Оның үстіне бізде жастарға барлық жағдай жасалған. Тек ынта-жігер керек, – дейді Аружан Айдарханова.
Оның сөзі қазіргі жастардың тағы бір бөлігінің көзқарасын көрсетеді. Біреу мүмкіндікті шетелден іздесе, енді бірі оны өз елінде табуға тырысады.
Үлкен қалаға көшу де жас адам үшін оңай шешім емес. Жаңа ортаға бейімделу, баспана жалдау, оқу мен жұмысты қатар алып жүру, өз ортаңды қалыптастыру қажет. Соған қарамастан жастардың бір бөлігі арманға жету үшін жайлы ортасын тастап, жаңа қалада өмірін қайта бастауға дайын.
«Алған білімім еліме пайдасын тигізсе деймін»
Қазіргі жастардың арасында жеке жетістікпен қатар, алған білімін елінің қажетіне жаратуды мақсат ететіндер де бар. Азамат Намелбек болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Оның арманы – оқып жатқан саласында маман болып қана қоймай, сол білімінің елге пайдасын тигізуі.
Болашақта алып жатқан білімім еліме пайдасын тигізсе деймін. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп бекер айтпаса керек, – дейді Азамат Намелбек.
Қазіргі жастар үшін шетелде білім алу мен елден біржола кету бір мағынаны білдірмейді. Біреу басқа мемлекетте оқып, тәжірибе жинап, кейін Қазақстанға оралуды жоспарлауы мүмкін. Енді бірі халықаралық компанияда жүріп-ақ елдегі жобаларға үлес қосуды көздейді.
Өйткені қазіргі еңбек нарығында адамның қай жерде отырғанынан гөрі не істей алатыны маңызды бола бастады.
Бәріне үлгеру керек пе?
Бүгінгі жастардың арманы өзгерген сайын жетістік туралы түсінігі де өзгеріп келеді. Бір мамандықты таңдап, өмір бойы сол салада жұмыс істеу бұрын қалыпты саналса, қазір жастар кәсіби бағытын өзгертуге, жаңа мамандық меңгеруге немесе бірнеше істі қатар алып жүруге бейім. Жасанды интеллект пен технологияның дамуы да еңбек нарығындағы бұл өзгерісті жылдамдатып отыр.
Сонымен бірге жастарға қойылатын талап та аз емес. Мектепті жақсы бітіру, грантқа түсу, университетте жүріп тәжірибе жинау, жақсы жұмыс табу, баспана алу, саяхаттау, өзін дамыту, отбасы құру – мұның бәріне мүмкіндігінше ерте үлгеру керек деген түсінік бар. Әлеуметтік желі бұл қысымды одан әрі күшейтуі мүмкін. Өйткені онда көбіне адамның жетістігі көрінеді де, сол нәтижеге дейінгі сәтсіздік, күмән мен қиындық кадр сыртында қалады.
Психологтардың пікірінше, өз өмірін өзгелердің жетістігімен үнемі салыстыру адамға қосымша қысым түсіруі мүмкін. Сондықтан белгілі бір жасқа дейін бәріне үлгеруді мақсат етуден гөрі, адамның өзіне не маңызды екенін түсінуі маңызды. Мамандықты ауыстыру, қайта оқу, басқа қалаға көшу немесе бастапқы жоспарын өзгерту – сәтсіздік емес, өз жолын іздеудің бір бөлігі.
Осы себепті қазіргі жастар үшін жақсы өмірдің өлшемі тек жоғары қызмет пен мол табыс емес. Жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігі, өзіне және жақындарына уақыт бөлу, сүйікті іспен айналысу, жан тыныштығын сақтау да маңызды бола бастаған.