Жаңалықтар

Үй кезегінде тұрғандарға баспана алу талабы жеңілдейді

Үй кезегінде тұрғандарға баспана алу талабы жеңілдейді
Фото: © Pixabay.com 15.08.2023 15:26 534

Отбасы банк 15 тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтарға әлеуметтік тұрғын үйлерді жаңа әдіспен ұсынады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

10% басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады.

Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 2% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие алуға өтініш бере алады:

1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

2. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

4. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар. Қазір осы төрт санат бойынша 227 мың қазақстандық баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 51 мыңы 1 және 2-топтағы мүгедектер.

«Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады. Ал бұрын бұл мақсатқа тек жақын туыстары – күйеуі немесе әйеліне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толған балаларына ғана кепілгер ретінде қатысуға рұқсат берілетін. 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және олардың баспана мәселесін шешуге көмектесу мақсатында қосымша қарыз алушылардың тізімі кеңейтілді. Енді олар кепілгер ретінде туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тарта алады. Пәтер сатып алу шарты тікелей мемлекеттік бағдарламаға қатысушымен жасалатын болады», - делінген банк ақпаратында.

Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында жылжымайтын мүлік объектілері аясында қабылданатын болады. Бұл бұдан былай бүкіл Қазақстан бойынша өтінімдерді жалпылама қабылдау болмайды деген сөз. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары енді бірден белгілі бір аймақтағы нақты нысандағы нақты пәтерді таңдап өтінім беретін болады.

Мәселен, қазір жылдық 2% мөлшерлемемен заем алып, азаматтар қоныстана алатын нысандар Шымкент пен Ақтөбе қалаларында дайын. Бұл бірінші кезеңде мемлекеттік бағдарламаға осы екі облыстың тұрғындары ғана өтініш беріп, қатыса алады деген сөз. Қалған өңірлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдар салатын белгілі бір өңірдегі жылжымайтын мүліктің дайын болу уақытына қарай бағдарламаға қатыса алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға