Жаңалықтар

Утилалымның бағасын төмендетуге қатысты Үкімет басшысы жауап берді

Утилалымның бағасын төмендетуге қатысты Үкімет басшысы жауап берді
Фото: primeminister.kz 30.01.2024 15:21 912

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкіметке депутаттық сауал жолдап, утилалымның бағасын төмендетуге қатысты мәселе көтерген еді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат әлеуметтік желіде сауалға берілген ресми жауапты жариялады.

Осы утилалыммен күресіп жүрген азаматтар жауабын сұрап жатыр. Әрбір қазақтың дұрыс көлік мінгенін, дұрыс темір тұлпар тақымдағанын қалаймын. Сондай-ақ қолдан жасалған қымбатшылықтың салдарынан халықтың зардап шеккенін қаламаймын. Мінеки, депутаттық сауалдың жауабы жаңа ғана келіп түсті. Осы саладағы сарапшылармен бірге әрі қарай күрес жүргізетін боламыз, - дейді депутат.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кеденнен өткізу кезіндегі шекті бағаны төмендетуге қатысты жауап берген.

Құрметті депутаттар! Кедендік алымдарға, сондай-ақ кәдеге жарату төлемінің ставкаларына және бастапқы тіркеуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Кедендік торда автомобильдердің шекті бағасын төмендетуге қатысты Тауарды әкелген кезде сыртқы экономикалық қызметке қатысушы кеден органының өкіліне тауардың құны көрсетілген декларация тапсырады. Шекара арқылы өткізілетін тауарға салынатын салықтар мен алымдарды есептеу оның кедендік құнын ескере отырып жүзеге асырылады және құжаттарды ресімдеген кезде түрлі төлемдердің есеп-қисабына дәл осы мән әсер етеді. Бұл ретте сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кейбіреуі кедендік құнды төмендету арқылы есеп-қисап сомасын азайтуға тырысады, - делінген жауапта.

Мысалы, 2023 жылы кеден қызметтері Қазақстанға әкелінетін көлік құралдары құнының 157,4 млрд теңгеге төмендегенін анықтады, олар бойынша 43,6 млрд теңгеге кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді. Сонымен қатар Қытайдан экологиялық санаты төмен жүк автомобильдерін импорттаған кезде олардың кедендік құнын төмендету фактілері бар, олар 5-экологиялық санат бойынша Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейді.

Сонымен бірге тауардың мәлімделген кедендік құнын растайтын мәліметтер болмаған жағдайда мұндай тауарлардың құнын кеден органы ұқсас тауарлар бойынша өз қолындағы мәліметтер негізінде не тәуелсіз сараптама нәтижелері негізінде айқындайды. Осылайша, автомобильдердің шекті бағасы бойынша кедендік тор кедендік құнды бақылау шеңберінде жолсыздықтар анықталған кезде ғана қолданылатынын атап өтеміз.

Кәдеге жарату төлемінің ставкаларын төмендетуге және бастапқы тіркеуге қатысты Автокөліктер үшін кәдеге жарату алымын (2015 жылдан бастап) және бастапқы тіркеу алымын енгізу автопаркті жаңартуға ынталандыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында пайдаланылады. Сонымен қатар тиісті саясат автомобиль жасау саласындағы инвестициялық жағдайдың орнықтылығын сақтауға бағытталған әрі пайдалануда болған автомобильдерді әкелуге тосқауыл қою, сондай-ақ жаңа автомобильдерді, оның ішінде отандық өндірістің автомобильдерін сатып алу арқылы еліміздің автопаркін жаңарту функциясын орындауды жалғастыруда, - дейді премьер-министр.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2015 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында жеңіл автомобильдер паркі 4 млн бірлікті құрады, оның ішінде 10 жыл бұрын шығарылғаны 75,4 % (2,90 млн. бірлік) және шығарылғанына 3 жыл толмағандары 8,4 % (326 мың бірлік). 2022 жылдың басында (кәдеге жарату алымы 50 %-ға төмендегенге дейін) жеңіл автомобильдер паркіндегі үлес мәні оң мәнге қарай өзгерді.

Айталық, шығарылғанына 3 жыл толмаған автомобильдер үшін 8,4 %-дан 13,6 %-ға дейін өсті, ал шығарылғанына 10 жылдан асқан автомобильдердің үлесі 73 %-дан 63 %-ға дейін төмендеді. Алайда кәдеге жарату алымы 50 %-ға төмендеп, 2022 жылы заңдастыру жарияланғаннан кейін 2015 жылдан бері алғаш рет ескі машиналар санының өскені тіркелді. Сондай-ақ кәдеге жарату алымы нарықтың 77 %-ына дейінгі көлемдегі отандық автомобильдердің құнына кірмейтінін атап өткен жөн. Бұл ретте алынатын кәдеге жарату алымынан 180 млрд теңге жеңілдетілген кредиттеу және лизинг жолымен автомашиналарды, ауыл шаруашылығы техникасы мен автобустарды жаңартуға бөлінді, - делінген жауапта.

Бұдан басқа, Экология және табиғи ресурстар министрлігі кәдеге жарату алымы есебінен 2024-2026 жылдары экологиялық іс-шараларға 200 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ әлемнің жетекші елдері ішкі автомобиль нарығын қорғау үшін тарифтік және тарифтік емес кедергілерді, сондай-ақ тікелей және жасырын протекционизм құралдарын белсенді пайдаланатынын атап өткен жөн. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Өзбекстанның автомобиль өнеркәсібі дами бастаған сәттен бастап өз нарығын қорғау мақсатында импорттық автомобильдер үшін тосқауыл баждары қолданылды және әлі де қолданылып жатқанын атап өткен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға