Жаңалықтар

Ұстаздық – үнемі ізденісті қажет ететін мамандық

Ұстаздық – үнемі ізденісті қажет ететін мамандық
Фото: Жеке мұрағат 05.10.2023 10:00 1833

Ұстаздар күні – еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі. Себебі шәкіртін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, үлкен өмірге қадам басуға дайындайтын балалардың екінші анасы – мұғалім. Бүгін біз білім жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымының қызметіне ерекше көңіл бөле отырып, Информатика пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сағындықованы сұхбатқа тарттық.

El.kz: Сандуғаш ханым, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс білдіремін! Алдымен неліктен ұстаз мамандығын таңдағаныңызды айтып берсеңіз. 

Сандуғаш Сағындықова: Ұстаздық мамандығым – бұл менің балалық шағымның, үлкен өмірге қадам басу кезімдегі армандарымның бірі. Кішкентай кезімнен қолыма қалам ұстатып, әріп танытқан алғашқы ұстазыма қарап өз мамандығымды таңдадым. Еңбек өтілім – 12 жыл. Санатым – педагог сарапшы.

El.kz: Еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?

Сандуғаш Сағындықова: 2007 жылы Ақтау қаласындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжіне информатика мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы оқу орнын аяқтадым. 2011-2014 жылдары С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде информатика мамандығында білім алсам,  2020-2022 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Информатика» пәні бойынша магистратураны тәмамдадым.

Осылайша алғашқы еңбек жолымды 2011 жылы Ақтау қаласындағы «№13 гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бастадым. Аталған мекемеде 2011-2013 жылдары тәлімгерлік қызметті, 2013-2020 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі қызметтерді қоса атқардым.  Қазіргі кезде осы білім беру ұйымында информатика пәні мұғалім болып жұмыс жасаймын және 9 «А» сыныбына жетекшілік етемін.

El.kz: Ұстаз ретін сабақ беру кезінде қолданатын қандай да бір ерекше методикаңыз бар ма? Сабақ беру әдісін қаншалықты түрлендіріп тұрасыз?

Сандуғаш Сағындықова: Жаңалыққа жаным құмар заманауи ұстазбын. Сабағымның ұмытылмастай өтуі үшін түрлі цифрлық құралдарды қолданамын. Мұндай әдістерімді өзім ғана қолданып қоймай, көпшілік ұстаздардың әдістемелік және цифрлық құзіреттілігін арттыру мақсатында YouTube канал жүргіземін.

El.kz: Өз біліктілігіңізді, біліміңізді қалай жаңартып отырасыз?

Сандуғаш Сағындықова: Ұстаздық қызмет үнемі дамуды, жетілдіруді қажет ететін мамандық. Ақылы курстарға жиі қатысамын. Сонымен қатар өз біліктілігімді арттыруда түрлі кітаптарды ақтарып, жиі ізденіп отырамын.

El.kz: Сабаққа қажетті компьютер мен ноутбуктер жеткілікті ме? Оқушыларға білім алуға толық жағдай жасалған ба?

Сандуғаш Сағындықова: Информатика кабинетінде барлық мектептерде кездесетін мәселе – ол оқушыларға осы құралдардың жеткіліксіздігі. Бірақ бұл кемшілікке байланып қалмай, ретін тауып сабақты сәтті ұйымдастыруға тырысамын.

El.kz: Бүгінде кейбір ата-ана баласының үлгерімі төмендесе болды «ұстазы дұрыс үйретпейді» деп кінәні мұғалімге жаба салады. Осы ретте оқушының әкесі мен анасы ұл-қызының оқуына қаншалықты назар аударуы қажет екенін айта кетіңізші.

Сандуғаш Сағындықова: Ең алдымен, баланың бас ұстазы өз ата-анасы екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазір жалпы қоғамда біреуге итере салу, жаба салу жиі кездеседі. Сондықтан әр ата-ана баласының болашағы үшін алаңдаса мұндай қадамдарға бармайды деп ойлаймын.

El.kz: Өзіңіздің және шәкірттеріңіздің осы күнге дейін жеткен қандай жетістіктеріңіз бар?

Сандуғаш Сағындықова: Өзімнің жеткен жетістіктеріме тоқталсам, қалалық «Алтын диск», облыстық «Педагогикалық идеялар панорамасы», қалалық, облыстық  «Үздік қысқа мерзімді жоспар» байқауы, қалалық және республикалық «Үздік сынып жетекші» байқауының жеңімпазымын. Смағұл Мағжан, Талғат Бижан, Қуандық Шыңғыс, Тлеубаева Аяжан, Көшербай Бекнұр сынды оқушыларым қалалық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары. Алдағы уақытта оқушыларымның республикалық пәндік олимпиадаларда топ жарғанын қалаймын және сол үшін біраз еңбек етуді жоспарлап отырмын.

El.kz: Қазіргі таңда заманымыз цифрлық жүйеге көшіп жатқаны жасырын емес. Бүгінгі күннің ұстаздарының цифрлық сауаттылығы қандай деңгейде?

Сандуғаш Сағындықова: Қазіргі таңда білім сапасын арттыруда цифрлық технологияларды қолданудың маңызы өте жоғары. Оны қолдану және одан нәтиже шығару әр мұғалімнің кәсіби біліміне, іскерлігіне, дағдысына тікелей байланысты. Ұстаздардың цифрлық сауаттылығын арттыруда өз үлесімді қосып келемін. Мен жүргізетін YouTube арнамды 12 мыңдай оқырман ұстаз қарайды. Тек Қазақстаннан емес, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан елінен видеоларымды асыға күтетін әріптестерім бар.

El.kz: Жалпы заманауи мұғалімнің бойында қандай қасиеттер болуы керек? Бүгінде ұстаздарға көбіне қандай қасиет жетіспей жатады?

Сандуғаш Сағындықова: Заманауи мұғалім, менің ойымша жан-жақты қырынан дамыған, өзін үнемі аз-аздан, үздіксіз жетілдіріп отыратын және өз ісіне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілігі мол қасиеттерге ие болуы керек деп есептеймін. Бүгінде ұстаздарға креативтілік жетіспейтін секілді, үнемі көп мұғалімдердің қолданып жүрген әдісін қолдануға тырысады. Ал үнемі даму мен ізденісте жүретін ұстаздың бойынан креативтілік, шығармашылық, сыни ойлау қасиеті табылады.

El.kz: Мұғалімдердің қазіргі қоғамдағы мәртебесі мен беделі қаншалықты жоғары?

Сандуғаш Сағындықова: Қай заманда да біздің қоғам ұстаз мәртебесіне бей-жай қарамаған. Өйткені, мұғалім бірді ғана емес, мыңды тәрбиелеуші. Ұстаз мәртебесі әлі де билік өкілдерінің назарына болатынына сенімім мол.

El.kz: Ұстаздар арасында қазір қандай мәселелер өзекті болып отыр? Қандай өзгеріс енгенін қалайсыз?

Сандуғаш Сағындықова: Ұстаздар арасындағы мәселелер қазіргі кезде оң шешімін тауып жатыр деп ойлаймын. Қағазбастылықтан арылып, цифрлық журналға қол жеткіздік. Енді аттестациялау мәселесіне қатысты тұрақты талап енгізілсе деймін, өйткені жылда түрлі өзгерістер орын алып отыр.

El.kz: Мейрам күніне орай ұстаздарға өз тілегіңізді арнасаңыз

Сандуғаш Сағындықова: Мен әріптестерімнің ең бағалы уақытын еліміздің болашағын тәрбиелеуге жұмсап жатқанына қуанамын. Ұстаздық – қоғамдағы ең құрметті және абыройлы мамандық. Сондықтан ұстаздық жылдарыңыздың жемісін көріңіздер. Ештеңеге қарамастан өздеріңізді дамытыңыздар және жаңа білімге ашық болыңыздар дегім келеді. Сәттілік, мереке құтты болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға