Ұшатын жедел жәрдем мен аэротакси: Қытай болашақтың көліктерін таныстырды

Ұшатын жедел жәрдем мен аэротакси: Қытай болашақтың көліктерін таныстырды
Фото: © thepaper.cn

Қытайдың Шанхай қаласында төмен биіктіктегі әуе экономикасына арналған халықаралық көрме өтті.

Бұл – ұшқышсыз басқарылатын аппараттар, электрлі әуе таксилері (eVTOL), шағын авиация және оларға қажетті инфрақұрылымды біріктіретін жаңа сала.

Forbes Kazakhstan мәліметінше, көрмеде әлемдік және қытайлық ондаған жаңа техника алғаш рет таныстырылды.

V2000EM Prosperity – алты адамға арналған әуе таксиі

AutoFlight компаниясы көрмеге толық өлшемді V2000EM Prosperity жолаушылар eVTOL-ын алып келді. Қытайда бұл модель «Шэншилун» деген атаумен белгілі.

autoflight.com/V2000EM Prosperity
autoflight.com/V2000EM Prosperity

Әуе көлігі бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған. Ұшу салмағы – 2,4 тонна, ал бір рет қуатталған кезде 200 шақырымға дейін ұша алады. Аппарат тікұшақ сияқты тік көтеріледі де, қажетті биіктікке жеткен соң ұшақ тәрізді көлденең ұшуға көшеді. Бұл энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазір Prosperity сертификаттау сынақтарынан өтіп жатыр. Өндіруші оны 2027 жылы пайдалануға ресми рұқсат алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, AutoFlight компаниясы Қазақстанмен де әріптестік орнатқан. Биыл мамыр айында Alatau City аумағында Орталық Азиядағы алғашқы ірі eVTOL аппаратының көрсетілім ұшуын өткізді. Сонымен қатар қазақстандық Alatau Advance Air Group компаниясы алғашқы аппараттарды сатып алып, V2000 және V5000 үлгілерінің тағы 50 данасын жеткізу туралы меморандумға қол қойған. Сондай-ақ елімізде алғашқы вертипорттың құрылысы басталды.

M1 – жедел медициналық көмекке арналған ұшатын аппарат

Көрмедегі әлемдік жаңалықтардың бірі – Yufeng Future компаниясының M1 медициналық әуе аппараты болды.

Жобаны әзірлеу кезінде инженерлер Шанхайдағы Ruijin ауруханасының мамандарымен бірлесіп жұмыс істеген. Аппараттың ішінде науқасты зембілмен тасымалдауға, дәрігерлердің жұмыс істеуіне және қажетті медициналық жабдықтарды орналастыруға мүмкіндік қарастырылған.

Әзірлеушілердің есебінше, M1-ді пайдалану дәстүрлі құтқару тікұшағына қарағанда шамамен жеті есе арзан. Мұндай аппараттар науқастарды ірі қалалардағы ауруханаларға небәрі 10-15 минут ішінде жеткізе алады.

DJI FC200 – ауыр жүкті көтеретін дрон

DJI компаниясы жаңа буындағы FlyCart 200 (FC200) жүк дронын таныстырды.

Аппарат бір рейсте 200 келіге дейін жүк тасымалдай алады. Ал жүксіз ұшу қашықтығы 36 шақырымға жетеді.

bikmantech.com/FlyCart 200
bikmantech.com/FlyCart 200

Бұл модельдің басты ерекшелігі – бірнеше дронның бір мезгілде бір жүкті бірге тасымалдай алады. Мысалы, төрт FC200 бірігіп 600 келіге дейінгі құрылыс материалдарын, арнайы техниканы немесе төтенше жағдайларға қажетті жүктерді таулы әрі қатынауы қиын аймақтарға жеткізе алады.

KT20 – байланыс жоқ жерде де жұмыс істейтін дрон

Shenzhen Skylink компаниясы ұялы байланыс жоқ аумақтарға арналған KT20 ұшқышсыз аппаратын ұсынды.

Бұл – тік ұшып-қонатын ұшақ пен спутниктік байланыс терминалының мүмкіндігін біріктірген әмбебап дрон.

Максималды ұшу салмағы – 150 келі, ал пайдалы жүк көтергіштігі – 20 келі.

Гибридті қозғалтқыштың арқасында бес сағатқа дейін үздіксіз ұша алады. Бірнеше минуттың ішінде аппаратты әртүрлі міндетке бейімдеуге болады. Оған лидар, радар, бейнекамера, газ талдағыш немесе байланыс құралдарын орнату қарастырылған.

VE25-100 – алты орындық көпмақсатты eVTOL

Volant Aerotech компаниясы алты адамға арналған VE25-100 Tianxing электрлі әуе көлігін таныстырды.

Аппараттың максималды ұшу салмағы – 2,5 тонна, коммерциялық жүк көтергіштігі – 500 келі. Ұшу қашықтығы 200-ден 400 шақырымға дейін жетеді.

evaint.com/VE25-100 Tianxing
evaint.com/VE25-100 Tianxing

Компания бұл модельді тек әуе таксиі ретінде емес, туристік тасымал, логистика және қоғамдық қызметтерге арналған әмбебап платформа ретінде ұсынып отыр.

Көрменің алғашқы күні-ақ Volant қытайлық және шетелдік тапсырыс берушілерге 260 аппарат жеткізу жөнінде келісімге қол қойды.

Сонымен қатар компания Шанхайда халықаралық зерттеу орталығын ашатынын және саланы дамытуға 300 миллион юань көлемінде инвестициялық қор құрғанын жариялады.

Қытай енді тек дрон емес, тұтас индустрия қалыптастырып жатыр

Биылғы көрменің басты ерекшелігі жаңа ұшу аппараттарының таныстырылуында ғана емес. Сарапшылар пікірінше, Қытай төмен биіктіктегі әуе экономикасын жаңа кезеңге шығаруға кірісті.

Енді басты назар аппараттарды жасаудан гөрі, оларды нақты өмірде қолдануға ауып отыр. Атап айтқанда, жолаушылар мен жүк тасымалы, медициналық эвакуация, энергетикалық инфрақұрылымды бақылау, ауыл шаруашылығы және байланыс жоқ өңірлерде қызмет көрсету сияқты бағыттар қарқынды дамып келеді.

Сонымен бірге Қытай бұл саланың толық инфрақұрылымын қалыптастыруға кірісті. Көрме барысында төмен биіктіктегі ұшу аппараттарының жарамдылығын сынақтан өткізу мен сертификаттауды жеделдетуге арналған Шанхайдың ұшу жарамдылығы технологиялары платформасы жұмысын бастады.

Биылғы көрмеге 452 компания мен ұйым қатысты. Жалпы ауданы 60 мың шаршы метрді құрайтын экспозицияда 570 ұшу аппараты мен олардың үлгілері қойылған. Оның ішінде 501 ұшқышсыз аппарат, 51 электрлі әуе таксиі (eVTOL) және 18 шағын авиация ұшағы бар. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрмеде 23 әлемдік және 42 қытайлық премьера көпшілік назарына ұсынылған.

Оқи отырыңыз