Жаңалықтар

Ұшатын күн жақындағанда билет бағасын әдейі көтеріп жібереді - депутат

Ұшатын күн жақындағанда билет бағасын әдейі көтеріп жібереді - депутат
Фото: parlam.kz 17.04.2024 13:19 324

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, жолаушы тасымалдаушы компанияларға бақылау жүргізу керегін талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақта «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген сөз бар. Қазір еліміздегі бірқатар жолаушы тасымалдаушы компаниялардың іс-әрекеті осыны байқатады. Өңірлеріміздің басым бөлігін су басып, тұрғындар  тілсіз апатпен күресіп, әбігерге түсіп жатса, кейбір әуе және темір жол компаниялары билет бағаларын шарықтатып жіберді. Ойлары – осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу. Мұны «Жығылған үстіне жұдырық» демегенде, басқаша не деуге болады?!, - дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, мәселен, баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды.

Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Жол қатынасы бағасының қымбатшылығы және әуе, темір жол көліктерінің аздығы, тасқын су басқан облыстардан басқа өңірлерге тұрғындардың кетуіне қиындық туғызуда, - дейді мәжілісмен.

Айта кету керек, бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, әуе және темір жол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде қатаң ескертті. Осыған орай «Қазақстан темір жолы» компаниясы өздеріне қарасты «Жолаушылар тасымалы» Акционерлік Қоғамы поездарының билеттері қымбаттамайтынын, бұрынғы қалпында қалдырылатынын хабарлады.

Qazaq Air әуе компаниясы еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, әуе билеттерінің жоғарғы құнын бір бағытқа 40 000 теңгеге дейін арзандатты. Компания бұл уақытша тарифпен Қазақстан Республикасындағы су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлердің бағыттарында 24 сәуірге дейін әрекет ететінін мәлімдеді.

Ал еліміздегі ең ірі әуе компаниясы – Air Astana тобы 9-шы және 18-ші сәуір аралығында Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларына 33 қосымша рейс ұйымдастырылғанын мәлімдеумен ғана шектелді. Әуе қатынасы бойынша ішкі рейстер бағасының тым қымбаттауы әріптестерім тарапынан бірнеше рет көтерілді. Бірақ түбегейлі өзгерісті көріп отырған жоқпыз. Соңғы жағдайларға байланысты бағаның одан әрі шарықтауы, шектен шығушылық деп білеміз. Ұшатын күн жақындағанда билет бағасын әдейі көтеріп жіберу – барып тұрған қиянат! Күні кеше Мәжіліс депутаты Самат Мусабаевтың көлік министріне әлеуметтік желі арқылы жолдаған талабы мүлдем жауапсыз қалды! Неге жауап жоқ? Әлде министрдің әуе компанияларына билігі жүрмей ме?, - деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Елдегі көлік саласы тек қауіпсіз және сапалы болып қоймай, көпшілікке қолжетімді болуы керек.

Осыны көлік компанияларынан талап ету қажет, ал тыңдамаған жағдайда мемлекет тарапынан қатаң шара алынсын! Оларға жалбақтайтын заман өтті Сонымен қатар, транспорт билеттерінің құны ғана емес, зат бағасы да қырық құбылып тұр, - деді депутат.

Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде қапшықтардың бағасын қымбаттатқанын алып-сатарлардың әрекетіне тоқталды.

«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші халық тасқынға қарсы жұдырықтай жұмылып жатқанда кейбір алып-сатарлар қара басының қамын күйіттеуде. Құны 50 теңге тұратын қапшықтың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп, асыра пайда тауып жатқандар да аз емес. Осындай күрделі кезеңде баға тұрақтылығын, әсіресе, тасқынға қарсы қолданылатын құрал-саймандардың және құрылыс материалдарының бағасын ұстау мемлекеттің басты міндеті. Тағы бір аса маңызды мәселе. Топан судың салдары өңірлерде күрделі санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық жағдайға алып келетінін көріп отырмыз. Мұны сарапшылар да, тұрғындар да айтып, дабыл қағуда!, - дейді Еділ Жаңбыршин.

Су тасқыны елді-мекендердегі үйлермен қоса ауыл айналасындағы зияраттарды, қатты-тұрмыстық қалдықтар мен мал өлекселері көмілген орындарды, даладағы дәретханаларды, жанар-жағармай станцияларын шайып өтті. Тасқынның қаттылығы сонша зиратта жерленген адам сүйегін сыртқа шығарып жіберген фактілер анықталды.

Жоғарыда келтірілген мәселелерді ескере отырып, Үкімет келесі сұрақтарды шұғыл түрде шешу қажет:

  1. Еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағаларын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол бермесін. Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын;
  2. Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастырсын.
  3. Су тасқыны орын алған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін.
  4. Қазірден бастап Үкімет тиісті министрліктер мен ведомстволарды ұйымдастырып, жүйелі түрде жұқпалы ауруларға қарсы жедел кешенді шаралар қабылдасын.

Қорытындылай келе айтпағым. Бұл апат көзге көрінбей, іште жасырын жатқан біраз кемшіліктерімізді ашып жатыр. Ағын су мемлекеттегі «ескі ауруларымызды» тазалауға да себепші болады деген үмітіміз бар. Осы төтенше жағдай бәрімізге сабақ болуы тиіс. Халқымыздың дана сөзі бар «Бір қиындықтың артында екі жақсылық бар» деген. Жақсылық та, береке де әрекетпен келеді. Сондықтан халық пен билік бірге қимылдап, топан су зардабын тез арада жоюға күш салу қажет!, - дейді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға