Ұшақ ішінде ұшқыш капитанға шабуыл жасады: Flydubai рейсінде не болды?

Ұшақ ішінде ұшқыш капитанға шабуыл жасады: Flydubai рейсінде не болды?
Фото: El.kz архиві

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағындағы рейс апатпен аяқталуға шақ қалды. Ұшу кезінде екінші ұшқыш капитанға шабуыл жасап, нәтижесінде Boeing 737 ұшағы күрт төмендеген. Қауіпті сәтте ұшақты басқаруға жолаушылар мен резервтік экипаж мүшелері араласқан.

Ұшқыш кабинасында не болды?

Оқиға 30 қыркүйекте болған. Reuters, Associated Press және Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі таратқан ақпаратқа сәйкес, тергеу жалғасып жатқанымен, оқиғаның негізгі себептері мен екінші ұшқыштың нақты мақсаты әзірге толық анықталған жоқ.

Flydubai ұшағы Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан. Бортта 174 жолаушы болған. Олардың арасында Израиль, Үндістан, АҚШ және БАӘ азаматтары бар.

Ұшу кезінде Оман азаматы болып саналатын екінші ұшқыш капитан Смит Маччхарға шабуыл жасаған. Үндістан азаматы капитан бірнеше жерінен өткір затпен жараланған.

Әртүрлі ақпарат көздерінде шабуыл кезінде пышақ немесе балта қолданылғаны айтылған. Сондықтан қарудың нақты түрі әзірге ресми түрде нақтыланбаған.

Шабуылдан кейін екінші ұшқыш әуе кемесін басқаруды өз қолына алған. Израиль билігінің мәліметінше, ол ұшақты төмен қарай бағыттауға әрекет жасаған. Алайда оның мұндай әрекетке не себепті барғаны ресми тергеу аяқталғанға дейін белгісіз.

Ұшақ бір минут ішінде мыңдаған метрге төмендеген

Ұшу барысын бақылайтын жүйелердің деректеріне сәйкес, Boeing 737 шамамен 33 мың фут, яғни 10 шақырым биіктікте болған кезде күрт төмендей бастаған.

Associated Press мәліметінше, ұшақ шамамен бір минут ішінде 17 мың футқа дейін, яғни шамамен 5,2 шақырым биіктікке түскен.

Борттан төтенше жағдай туралы сигналдар берілген. Олардың арасында 7500 коды да болған. Бұл код әуе кемесін басқаруға заңсыз араласу немесе ұшақты басып алу қаупі туындаған кезде диспетчерлерге хабарлау үшін қолданылады.

Оқиға Израильдің әуе кеңістігіне қауіп төнуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызған. AP мәліметінше, жағдайдың нақты мән-жайы анықталғанша Израиль әскері жойғыш ұшақтарын әуеге көтерген.

Жолаушылар кабинаға қалай кірді?

Капитан Смит Маччхар жараланғанына қарамастан, кабина есігін аша алған. Осыдан кейін бірнеше жолаушы мен экипаж мүшесі ұшқыштар кабинасына кірген.

Жолаушылардың бірі Янив Хаюн журналистерге кабинаға кірген кезде жараланған капитан мен екінші ұшқышты көргенін айтқан.

Оның сөзінше, ол басқа адамдармен бірге шабуыл жасаған ұшқышты басқару тетіктерінен алыстатуға көмектескен.

Хаюн сондай-ақ ұшақтың төмендеуін тоқтату үшін қысқа уақыт бойы штурвалды өзіне тартқанын мәлімдеді. Кейін ұшақты басқаруды бортта болған Flydubai-дің резервтік экипажындағы басқа ұшқыштар қолға алған.

Капитанға ұшақ ішінде медициналық көмек көрсетілді

Борттағы жолаушылардың арасында дәрігер Шота Мусаев та болған. Ол жараланған капитанға ұшақ қонғанға дейін алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Төтенше жағдайдан кейін ұшақ Сауд Арабиясының Табук қаласына бағытталды. Қонған соң капитан мен екінші ұшқыш ауруханаға жеткізілді.

Кейін жолаушылар Flydubai-дің басқа ұшағымен Сауд Арабиясынан шығарылып, сол күні кешке Израильге жеткен.

Капитанның жағдайы қандай?

Соңғы мәліметтер бойынша, капитан Смит Маччхардың жағдайы тұрақты.

Оның төтенше жағдайда көрсеткен әрекетін Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху атап өтті.

Сондай-ақ Израиль билігі ұшақты сақтап қалуға көмектескен жолаушыларды марапаттауды жоспарлап отыр. Израиль президенті Ицхак Герцог бірнеше адамды азаматтық ерлігі үшін марапатқа ұсыну туралы мәлімдеді.

Оқиға экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі мәселесін де қайта көтерді. Осыдан кейін Израиль елге рейс орындайтын авиакомпаниялардың ұшқыштарына қатысты тексерулерді күшейту туралы шешім қабылдады.

Бұл террорлық шабуыл болды ма?

Оқиғадан кейін Израильдің кейбір өкілдері болған жағдайды «террорлық шабуыл» деп атады. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац та осы сипаттаманы қолданған. Алайда тергеу әзірге мұндай қорытындыны ресми түрде растаған жоқ.

Екінші ұшқыштың әрекетінің нақты себебі белгісіз. Тергеушілер оның мотивін және шабуылдың алдын ала жоспарланған-жоспарланбағанын анықтап жатыр.

Кейбір ақпарат құралдарында шабуылдың сырттан үйлестірілуі мүмкін деген нұсқа да айтылды. Нетаньяху Иранмен байланысы болуы мүмкін деген сұраққа әзірге мұндай қорытынды жасауға ерте екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Иранның бұл оқиғаға қатысы бар екенін растайтын ресми дерек жоқ.

БАӘ арнайы тергеу тобын құрды

1 қазанда БАӘ бас прокуроры Хамад Саиф әл-Шамси оқиғаға байланысты арнайы тергеу тобын құруды тапсырды.

Топ құрамына прокуратура қызметкерлері кірді. Олар шабуылдың барлық мән-жайын, екінші ұшқыштың әрекетінің себебін және оқиғаның алдын ала жоспарланған-жоспарланбағанын анықтауы тиіс.

Сондай-ақ тергеушілер оқиғаның террорлық әрекетпен байланысы бар-жоғын тексереді. БАӘ өз тергеу жүргізу құқығын ұшақтың осы елде тіркелгенімен түсіндірді.

Екінші ұшқыш қазіргі уақытта Сауд Арабиясында қалып отыр. Оның аты-жөні ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу жұмыстарына бірнеше елдің құқық қорғау және авиациялық органдары қатысып жатыр.

Flydubai Израильге рейстерді тоқтатты

Оқиғадан кейін Flydubai Израильге қатынайтын рейстерін уақытша тоқтатты. Компанияның бұл бағыттағы ұшуларды қашан қайта бастайтыны әзірге белгісіз.

Қазіргі таңда басты сұрақ – екінші ұшқыштың капитанға не себепті шабуыл жасағаны және оның ұшақты әдейі төмендетуге әрекеттенген-тенбегені. Бұл мәселелер бойынша соңғы қорытынды тергеу нәтижесінде белгілі болуы тиіс.

Оқи отырыңыз