Үш жыл ішінде 300 заң: президент депутаттар жұмысына баға берді

 Ақорда архиві
Фото: Ақорда архиві

Бүгін ел тарихындағы қос палаталы Парламенттің соңғы бірлескен отырысы өтіп жатыр. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, депутаттардың жұмысына жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Парламенттің уақыт талабына бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алған жасампаз институтқа айналғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, заң шығарушы орган түрлі саладағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа жұмылдырып, елімізде жоғары саяси және заңнамалық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті.

Парламент мемлекетіміздің басты өкілді органы ретінде әрбір шақырылым сайын Қазақстанның алға қарай нық қадам басуына зор серпін берді. Басқаша айтқанда, ол ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды. Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық шақырылымдағы Сенат пен Мәжіліс депутаттарына ел мүддесіне адал қызмет еткені үшін алғыс айтып, қазіргі депутаттық құрамды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамдардың бірі деп атады.

Президенттің сөзінше, қазіргі депутаттар мемлекет дамуының күрделі әрі шешуші кезеңінде жұмыс істеп, елдегі ауқымды реформалардың бастауында тұрды. Соңғы үш жылдың өзінде Парламент 300-ден астам маңызды заң қабылдаған. Олардың қатарында тарихи маңызы бар конституциялық заңдар мен кодекстер де бар.

Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін барлық салада ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Осындай жауапты кезеңде сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру жолындағы еңбектеріңіз еліміздің тарихында қалады, – деді мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз