Жаңалықтар

"Үш мың баланың көз жасы". Нартай Аралбайұлы естімейтін балалардың ертеңіне енжар қараған Үкіметті сынады

"Үш мың баланың көз жасы". Нартай Аралбайұлы естімейтін балалардың ертеңіне енжар қараған Үкіметті сынады
Фото: t.me/mazhilis_kz 18.10.2023 12:08 1949

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы  микротия және атрезия патологиясымен өмірге келген балалардың тағдырына назар салуды талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі депутаттық сауалым 3000 баланың көз жасы, 6000 ата-ананың аялы алақанымен қалқалап өшіріп алмауға ұмтылған үмітінің соңғы сәулесі деп біліңіз. Қазақ «бай күйігі – сыртта, бала күйігі – іште» дейді. Қазақстандағы 3000 баланың көңілдегі күйік  микротия және атрезия патологиясы деп аталады. Қарапайым тілге салсақ бұл бөбектердің өмірге құлақсыз келуі. Қазір осындай 3000-нан астам баланың болашағына балта шабылмаса екен деген мыңдаған ата-ана шырылдап жүр. Шарасыз үнді қолында қаржысы, білегінде билігі бар Үкімет естіді ме? Естісе неге өмірге  естімей келген балалардың ертеңіне енжар қарайды?, деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат құлақсыз туылып, қоғамнан қағажу көріп, тәрбиесіз, тәртіпсіз қатарластарының мазағына тап болып, төрт қабырғаға өз еркімен қамалған микротия және атрезия диагнозы қойылған балаларды биліктің қалай өзекке тепкенін айтып берді.

Оның айтуынша, бір құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан сәбилер мүгедек боп танылмайды. Зейнетақы алмайды.

Біздің елде мүгедектік алу үшін екі құлағың да болмауы керек екен. Қазақ «Баланың ұяты – әкеге, Қыздың ұяты – шешеге» дейді, ал құлақсыз туылған бөбектердің жанайқайын естімейтін құлағы бар биліктің ұяты кімге? Микротия және атрезия патологиясының емі бар екен, құлақтың ішіне ота жасап, есту каналдарын ашып, сыртына табиғи құлаққа ұқсас қалып орнатып береді. Ол АҚШ-да. Бір құлаққа жасалатын операцияның құны былтыр 99 000 доллар болған, биыл 105 200 доллар. 1 ай уақытты алатын реабилитация, барып-келу жолы, жатын орын, тамақ дегендерің аталған ақшаның сыртындағы шығын, дейді мәжілісмен.

Естімейтін баламның үнін естіртейін деп ата-аналар Үкіметке жүгінген. Оларға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ деректері бойынша микротия және атрезия патологиясы бар балалар бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін балалар санатына жатпайды және медициналық көмек сапасының мониторингі департаментінің «Мұқтаж пациенттер» тізіміне енгізілмейтіні айтылған.

«Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады» дейтін қазақпыз. Әлгіндей жауаптарды алғанда құлақсыз туған баланың жаны қалай жаурайды десеңізші? Шырылдаған ата-аналар ақырында «Қазақстан халқына» қорына барыпты. Бірақ Қор да қор қылып қайтарыпты. «Бізде бұл мақсатқа ақша қарастырылмаған» деген суық, суыт жауап берген. Қазақстанда аталған дертті емдейтін маман жоқ, әйтпесе естімейтін баласының жанайқайын билікке естірте алмай жүрген ата-ана Америка асып қайтсін? Бұл тек ресми тіркелген 3000-нан астам баланың әке-анасының жанайқайы, науқас ретінде тіркелмегендері тіптен көп, деді депутат.

Мәжілісмен мынадай ұсыныстарын атап өтті:

  1. Микротия және атрезия патологиясына шалдығып бір құлақсыз туылған балаларға да мүгедектіктің берілуін қамтамассыз етуіңіз сұраймын.
  2. «Қазақстан халқына» қоры арқылы аталған дертті емдеу үшін балалардың АҚШ-на баруын қамтамассыз етулеріңіз қажет, тиісті қаржыны бөлу керек. Шешімді жедел қабылдау шарт, себебі бұл дерт балалардың екінші сау құлағының есту қабілетін нашарлатып жатыр.
  3. Қазақстандық білікті дәрігерлерді микротия және атрезия патологиясын емдеудің тәсілдерін меңгеру үшін АҚШ-на оқуға жедел жіберу керек. Дәрігерлердің өзі ықылас білдіріп отыр. Құлақсыз туылған, естімейтін балапандардың жанайқайын құлағы бар билік өкілдерінің еститін кезі келді ғой.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға