Үш гол, бір қызыл қағаз: «Қайраттың» сәтсіз ойынына не себеп?

Үш гол, бір қызыл қағаз: «Қайраттың» сәтсіз ойынына не себеп?
Фото: «Қайрат» ФК

Алматылық «Қайрат» УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында Бельгияның «Андерлехт» клубына 0:3 есебімен есе жіберді. Алаң иелері матчтың алғашқы минуттарынан-ақ есепте қалып қойып, бірінші таймда үш гол жіберді. Кездесуден кейін бас бапкер Рафаэль Уразбахтин ойын тағдырына команданың өз қателіктері әсер еткенін айтты.

Алматыдағы Орталық стадионда өткен матчта есеп екінші минутта ашылды. Бұрыштамадан кейін «Андерлехт» қорғаушысы Жульян Бьянкон мүмкіндігін мүлт жібермеді. 24-минутта бельгиялықтар екінші голын соқты. Лукас Амброс алыстан соққы жасап, қонақтардың басымдығын арттырды. Бірінші тайм аяқталмай жатып «Қайрат» он ойыншымен қалды. Александр Широбоков қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Көп ұзамай Даниил Сикан есепті 0:3-ке жеткізді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от «Қайрат» ФК | FC Kairat Almaty (@f.c.kairat)

Үзілістен кейін алматылықтар қорғаныста жинақырақ әрекет етті. Бір ойыншы кем болғанына қарамастан, «Қайрат» екінші таймда қақпасына гол жіберген жоқ. Нәтижесінде алғашқы кездесуде «Андерлехт» үш доп айырмасымен жеңіске жетті. Матчтан кейін Рафаэль Уразбахтин қарсылас мұндай деңгейдегі кездесулерде әр қателікті тиімді пайдаланатынын атап өтті.

Өкінішке қарай, бұл – мүлде басқа деңгей. Мұндай өрескел әрі қарапайым қателіктер жіберсең, міндетті түрде жазасын аласың. Қазақстан чемпионатында қарсылас мұндай мүмкіндіктерді әр кезде пайдалана бермеуі мүмкін, ал мұнда бірден жазалайды. Менің ойымша, алғашқы екі голды өзіміз алып келдік. Қызыл қағаз да қажетсіз болды. Алаң ортасында ондай әрекетке барудың мәнін көрмедім, – деді бас бапкер.

 

Уразбахтиннің сөзінше, үзілісте команда алдында есепті емес, ең алдымен ойын тәртібін сақтап қалу міндеті тұрған.

Жігіттерге ең бастысы – шашырап кетпеу керектігін айттық. Жинақы әрі ұйымшыл ойнау қажет болды. Екінші таймда бірінші таймда ойнауымыз керек болғандай ойнадық, өрескел қателіктерге жол бермедік. Әрине, мұндай қарсыласқа қарсы он ойыншымен ойнау қиын. Үшінші голдан кейін біз үшін ойын іс жүзінде аяқталды, – деді Уразбахтин.

Кездесуге футбол комментаторы Әлімжан Асқар да пікір білдірді. Ол «Андерлехттің» фаворит болғанын мойындағанымен, «Қайраттың» алаңдағы ойыны көңілден шықпағанын жеткізді.

Өкінішті, әрине. «Қайраттың» «Андерлехтке» қарсы ойында жеңілуі ықтимал екенін білдік. Бірақ дәл осындай дәрменсіздік болады деп ойламадық. «Андерлехт» – «Левскиден» мықты команда. Соған қарамастан, «Қайрат» алдыңғы кезеңнен кейін жинақталып, басқаша ойын көрсетеді, жігіттер жігерлі, намысты футбол ойнайды деп күттік. Бірақ ойын бастала салысымен, екінші минутта гол өткізіп алды, – деді Әлімжан Асқар YouTube арналарының біріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, «Андерлехттің» деңгейі жоғары екені анық болғанымен, еурокубокта мұндай қарсыластармен кездесуге дайын болу керек.

Иә, «Андерлехт» – деңгейі жоғары клуб. Бірақ бұл – еурокубок. Еурокубокта үнемі осындай жоғары деңгейдегі командаларға қарсы ойнайсың, – деді ол.

0:3 есебіндегі жеңіліс «Қайраттың» келесі кезеңге өту мүмкіндігін айтарлықтай қиындатты. Енді алматылықтарға Бельгиядағы қарымта кездесуде кемінде үш доп айырмасын қайтару қажет. Қарымта матч 27 тамызда Бельгияда өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 23:30-да басталады.

Оқи отырыңыз