Үш адамның өмірін қиған апат: ІІМ істі жақында аяқтайды

 magnific.com
Фото: magnific.com

Алматыда үш адамның өмірін қиған резонансты жол апаты бойынша тергеу соңғы аяқталуға жақын. Ішкі істер министрлігі істі алдағы екі апта ішінде толық аяқтап, қорытындысын жариялауды жоспарлап отыр. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғаға қатысты тек апаттың өзі ғана емес, оған байланысты басқа да күмәнді жайттар тексеріліп жатыр.

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов тергеу барысы аяқталуға жақын екенін айтты.

Қылмыстық іс бойынша сараптамалардың бәрі дерлік дайын. Тергеу жұмыстары соңына таяп қалды. Сондықтан екі апта ішінде істің аяқталғанын хабарлаймыз, – деді ол.

Қайғылы оқиға қалай болды

Еске салсақ, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болып, үш адам қаза тапты. Zeekr жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, екінші Mercedes көлігімен соқтығысқан. Полиция бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын нақтылады.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен іс тіркелді. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – делінген хабарламада.

Күдікті және дәлелдер

Апаттан кейін жүргізуші жарақат алып, ауруханада күзетпен жатқан. Кейін сот шешімімен қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілді. Тергеу барысында барлық айғақ жиналып жатыр. Бейнебақылау жазбалары толық алынып, сараптамаға жіберілген. Полиция оқиғаға қатысты барлық адам анықталғанын жеткізді.

Қатысы бар тұлғалардың барлығы белгілі. Әрқайсысына қатысты әкімшілік шара қолданылып, материалдар сотқа жолданды. Көліктер айып тұрағына қойылды. Камера жазбаларының барлығы іске тіркелді, – деп хабарлады департамент.

Алкоголь және қосымша істер

Тергеу кезінде жүргізушінің апат сәтінде алкогольдің жеңіл дәрежесінде мас болғаны анықталған. Бұдан бөлек, бірқатар қосымша қылмыстық істер тіркелген. Ішкі істер министрлігі бұл істің ауқымы кең екенін атап өтті.

Күдікті қамауға алынды. Оның мас күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар мемлекеттік нөмірді заңсыз беру фактісі бойынша және полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық істер қозғалды, – делінген мәліметте.

Ведомство тексеру жан-жақты жүріп жатқанын мәлімдеді.

Барлық мән-жай толық зерттеледі. Қоғамда айтылған деректер де назардан тыс қалмайды. Егер заңбұзушылық дәлелденсе, жауапкершілікке тек қатысушылар ғана емес, оған ықпал еткен тұлғалар да тартылады, – деген еді министрлік.

Резонанс және күдік

Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желіде апат алдында көше жарысы болғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кейбір жоғары лауазымды тұлғалардың қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары  Бауыржан Әленов тексеру жүріп жатқанын жеткізді.

Бұл ақпарат тексеріліп жатыр. Қазір арнайы комиссия жұмыс істеуде. Іс қозғалды, кейбір басшылар қызметінен босатылды. Нәтижесін кейін хабарлаймыз, – деді ол.

Президент тапсырма берді

Резонансқа байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне нақты тапсырма берген. Министр Ержан Сәденов тергеу барысы туралы мәлімдеді.

Бұл іс жан-жақты әрі объективті түрде қаралып жатыр. Күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі мен мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру деректері де тексерілуде, – деді ол.

Ол жауапкершілік мәселесіне де тоқталды.

Барлық кінәлілер заң алдында жауап береді. Ешкім өз мәртебесіне қарап жауапкершіліктен құтылмайды, – деді министр.

Қалада бақылау күшейді

Апаттан кейін Алматыда жол қауіпсіздігі күшейтілді. Қалада ауқымды рейдтер жүргізіліп жатыр. Полиция соңғы күндері мыңдаған құқықбұзушылық анықталғанын хабарлады.

Соңғы үш күнде 5 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелді. 43 жүргізуші мас күйде ұсталды. 369 адам құжатсыз көлік басқарған. 94 автокөлік айып тұрағына қойылды, – делінген мәліметте.

Қауіпті жүргізу деректері де назарда.

Жылдамдықты асырудың 2 мыңнан астам фактісі анықталды. Түнгі жарыстар да тіркелді. Мұндай жағдайлардың барлығы бақылауда, – деп хабарлады полиция.

Жасырын патруль енгізілді

6 сәуірден бастап қалада жасырын патрульдеу тәсілі іске қосылды. ІІМ бұл әдістің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Қызметкерлер азаматтық көлікпен жүріп, агрессивті жүргізу фактілерін анықтайды. Ақпарат бірден патрульдік экипаждарға беріледі. Осылайша құқықбұзушылық дереу тоқтатылады, – деді министрлік.

Оқи отырыңыз