Жаңалықтар

Урбанизацияға қазір қамданбасақ, кейін қипақтап қалмаймыз ба?

Урбанизацияға қазір қамданбасақ, кейін қипақтап қалмаймыз ба?
Фото: © El.kz 27.06.2023 18:00 926

Жыл өткен сайын ауылдан қалаға қоныс аударған ағайынның қатары көбеймесе, азаймай тұр. Дамыған, дамушы елдерде урбанизация қалыпты жағдай саналады. Көңіл жабырқататыны, сол көшке ілескендердің арасында ауыл шаруашылығына бейім мамандар бар. Алайда нарық заманында тәжірибесі толысқан, ерік-жігері мығым маманды ұстап қалу да әсте оңай емес, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Уақыт өте кеңес өкіметі тұсында астықты артығымен алған шаруалардың ерлігі аңызға айналып бара жатқандай көрінеді. Бұған тек нарық емес, экологиялық ахуал да белгілі бір деңгейде әсер ететіні түсінікті. Бұл – бөлек тақырып. Ресми деректерге сүйенсек, 2014 жылдан беріге дейінгі аралықта 553 ауыл қысқарып кеткен. Ал ауыл шаруашылығы саласында 1 млн 600 мың адам жұмыс істесе, қазір 1 миллион 100 мыңға азайған. Бұл дегеніңіз – ауылдың инфрақұрылымын дер кезінде жаңартып, ауылдықтарға барынша қолдау көрсету керек дегенді ұқтырса керек. Ал қалалар ше? Қала халқының саны да еселеп өсіп жатқанын ескерсек, урбанизацияға дайындықты кейінге қалдыруға болмайды деген тоқтамға келеміз. Бұған мысалды алыстан іздемей-ақ, елордадағы судың қысымына қатысты жайсыздықты айтсақ болады.

Тақырыпқа қатысты өзекті мәселелер ұғыныңқы болуы үшін біз кейінірек шегініп, статистикаларға тоқталуды құп көрдік. 1930 жылы дүниежүзінде урбанизация небары 30% құраған екен. Себебі, сол кезеңдегі ескі қалалар мен қазіргі өркениеттің бесігінде тербелген қалалардың жайын салыстыруға келмейді. Сәйкесінше, соңғы мәліметтер бойынша әлемде урбанизация деңгейінің 56%-ға жетуі заңды құбылыс. БҰҰ болжамына зер салсақ, урбанизация үрдісі осы қарқынмен 2050 жылға дейін 70%-ға жетіп қалады. Ал бізде ше? Елде кейінгі онжылдықта урбанизация үрдісі жеделдеген. Мысалы, 2014 жылы урбанизация 56% болса, қазір 61,2%-ға жеткен. Осылайша, алдын ала әзірленген болжамды статистикалардан асыппыз. Нарықтағы бағаның байлауға көнбейтіні секілді, урбанизацияны да ұстап тұру мүмкін емес десе болады. Ішкі көші-қон тоқтамайды әрі қала халқының саны жылдан-жылға өседі. Мұнда тек урбанизацияның алдын алуға шама жетеді. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлының айтуынша, кейінгі жылдары ауылдан қалаға көшуді мақсат еткен отбасылар көп. 2014 жылдан былтырға дейін ауылдан қалаға 677 000 адам көшкен. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл тұтас бір қаланың тұрғыны бөтен қалаға қоныс аударғанмен бірдей. Енді осы 677 000 адамға жайлы орта қажет емес пе? Қалада жалдамалы үйдің пәтер ақысы көңілге қонымды болып, тұрғындар ең бірінші кезекте ауыз су, жылуға зар болмауы керек қой. Қарап отырсақ, урбанизация ауылдағы тіршілікпен қатар қаладағы тұрмысқа әсер етеді.

Президент тапсырмасымен Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Осы тұжырымдамаға сай ауылдағы әлеуметтік мәселелер кезең кезеңімен реттелмек. Инженерлік желілер жаңарып, көлік инфрақұрылымы дамиды. Соның ішінде ауылда мектеп, медицина нысандары ашылып, тұрғын үйлер ауыз су, жарықпен қамтылады. Шалғай ауылдар интернетке қосылып, автожолдар салынады. Сонымен қатар мәдени және спорт нысандары пайдалануға беріледі. Сірә, көпшілік бұл тұжырымдамасыз-ақ іске асып жатқан шаруалар деп топшылауы бек мүмкін. Бірақ, тұжырымдаманың басқа бағдарламалардан артықшылығы бар. Мысалы, мұнда инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 6 295 ауылдық елді мекеннің 3500-і таңдалған. Себебі нақ осы 3500 елді мекенде жалпы ауыл халқының 90% тұрады. Бұл дегеніңіз өзге ауылдар қараусыз қалады деген ұйғарым емес. Негізі, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын нығайту мақсатында қолға алынған шаруалар баршылық. Сонымен қатар біз тізіп өткен қыруар жұмыс тұжырымдама шеңберінде іске асатын межелі міндеттің бір парасы ғана. Әрине, тұжырымдамаға дейін де ауылдағы әлеуметтің ахуалын жақсартуға бағытталған бағдарлама, жобалар үйлесімді іске асты. Ал тұжырымдамада жоба-жоспар бірізділенді. Үкімет осылайша ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын нығайту арқылы урбанизацияға әсер ете алады.

Урбанизация салдарынан ауыл шаруашылығы мамандарының ішінде техникалың тілін білетін жұмысшылар да жылдан-жылға азайып барады. Негізі, индустриалды аймақтарда урбанизация қарқыны бәсеңдемейді. Мысал ретінде айтар болсақ,  Қарағанды облысында урбанизация 80% жеткен. Неге десеңіздер, индустрия ілгерілеген сайын қалаға көшуге қамданатын ағайын көбейген. Урбанизация Шығыс Қазақстанда 68%-ға жетсе, Павлодарда 62% болыпты. Баршамыз білеміз, солтүстікте индустриялық салалар әжептеуір дамыған. Аграрлы оңтүстік өңірлерді алып қарасақ, урбанизация төмен болып тұр. Қазір Алматы облысында 24%, Түркістанда 20%. Мамандар мұны да растап,  көрсеткіштің бірізділенбей, құбылуына аймақтардың табиғатынан бұрын экономикалық әлеуеті әсер ететінін айтады. 

Жоғарыда кейбір ауылдардың тұрғындары жаппай қалаға көшкеннің әсерінен босап қалып жатқанын айттық. Бұл қысқарған ауылдардың халқы түгел қалаға көшті деуге келмейді. Мысалы, ауылдарда да ірілендіру жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Яғни, аудан орталығына жақын маңдағы немесе халық көп шоғырланған ауылдарға қоныс аударған отбасылар бар. Бұл тұжырымға статистикалар тұздық болады. Елдегі ауылдықтардың 40%-ы халқы 5 мың адамнан асқан ауылдарда тұрады. Тағы бір жайға тоқталсақ, елде Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент агломерациясы деген бар. Осы қалалардың төңірегіне әлеуметтік-экономикалық жағынан бірімен-бірі тығыз қарым-қатынас орнатқан ауылдар топтасқан. Қызығы, аталған қалаларға жақын ауылдардағы халық саны 2 млн-ға жетіп қалған. Қарап отырсақ, 2 миллион деген елдегі бүкіл ауыл халқының 22 пайызы. Осындай ауылдардың тұрғындары ауылда күн кешіп жүр деген аты болмаса, шаруашылыққа ыждағатты емес. Көбінің жұмысы қалада. Былайша айтсақ, ауылда тұрып, қаланың тұрмысын кешеді.

Бүгінде демографтар Америка, Еуропа құрлығындағы мемлекеттердің демографиялық урбандалу көрсеткіші жоғары екенін біледі. БҰҰ-ның кейінгі зерттеулеріне зер салсақ, 2050 жылы Американың солтүстігіндегі халықтың 89% қалада тұрады деп болжаған. Урбандалуда Азиямен қатар Африка құрлығындағы мемлекеттер Еуропадан қалыс қалғаны біз айтпай-ақ белгілі. Демографтар 2050 жылдары Азиядағы халықтың 66,2 пайызы қалада тұрады деген болжам жасаған. Бір қызығы, Америка, Еуропада нақ қазір қалаға қоныс аударуға ниетті халықтың саны төмендегені байқалады. Яғни, ондағы урбандалу үрдісі жеделдегеннен белгілі бір деңгейге жетіп үлгерді. Азиядағы мемлекеттерде керісінше, қалаға көшкендердің саны жылдан жылға артып жатыр. Біз де Еуропа халықтары секілді белгілі бір шекке жеткен соң, урбандалу бәсеңдей бастайды екен. БҰҰ-ның зерттеулерінде 2050 жылы қазақстандықтардың 69%-ы қалада тұруы ықтимал деген де болжам бар. Бірақ, елдегі урбанизация қарқынына қарап, аталған мерзімде қала халқы 70%-дан асып кетуі мүмкін деген ойда қаласың.  Демограф Шынар Төлешованың айтуынша, 3 мегаполистегі халық санының күрт өсуі әлеуметтік жағдайға әсер ете бастаған. Мұның ішінде ауыз су, инфрақұрылымды айтпағанда, балабақша немесе мектепте орын тапшылығы байқалады. Осындай түйткілдер шынтуайтында урбанизация үрдісін елемеуден туындаған. Ең қиыны, қаланың бір бөлігіне қалталы, бай отбасылар топтасса, екінші жақта әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар шоғырлануы әбден мүмкін. Әлеуметтік теңсіздік дегеннің өзі осыдан шықпай ма? Демек, урбанизацияға қазірден қамданбасақ, кейін қипақтап қалуымыз әбден мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға