Жаңалықтар

Универсиада: күнгей мен көлеңке

Спорт
Универсиада: күнгей мен көлеңке
07.02.2017 12:08 7968

Тарих парақтарына үңілсек

  • Универсиада – бұл студенттер арасындағы халықаралық спорттық сайыс. Бұл дода екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Аталған сөз «университет» пен «Олимпиада» сөздерінен шыққан.

  • Алғашқы Универсиада 1959 жылы Турин қаласында өткізіліп, оған 45 елден келген мыңдаған спортшылар қатысты. Ал қысқы түрі 1960 жылы Францияның Шамони қаласында ұйымдастырылды.
  • Бұл турнирді ең көп Италия мемлекеті қабылдаған екен. Апеннин түбегіндегі елде Универсиада алауы он рет тұтанған. Бес рет Болгарияда, Төрт рет Жапонияда, ал үш реттен – Испания, Қытай, Чехословакияда (Чехия мен Словакия бір шаңырақтың астында болғанда) өткізілген. Ең қызығы, осы жылғы студенттердің қысқы сайысын өткізуге Алматы мен Турин қаласы бақ сынаған. Ондағы экономикадағы тұрақсыздық біздің оңтүстік асатанамыздың жеңісіне септік болды.

Статистика сөйлейді

Алматыда өтіп жатқан 28-ші қысқы универсиадаға барлығы 54 мемлекеттен 1613 спортшы қатысып жатыр. Олар 12 спорт түрінен 85 медаль жиынтығын (жалпы саны 543 жүлде) сарапқа салуда. Сондай-ақ, бұл шараға 3000-дай волонтерлар тартылып, 127 халықаралық төрешілер мен 600-ге тарта техникалық мамандар жұмыс істеуде. 6500 адам турнир қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.

Бұл додаға ең көп спортшыны Ресей мемелекеті (215) әкеліпті. Ал еліміздің намысын 170 спортшы стуеднттеріміз қорғауда. Әзірбайжан, Армения, Бразилия, Грекия, Гонконг, Малайзия, Жаңа Зеландия, Парагвай, Таиланд және африкалық Уганда елінен жалғыз спортшылар келген екен.

Европадан 30-ға тарта, Азиядан 16, тиісінше Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлығының үш-үш мемлекеттің атлеттері келген. Ал бүкіл Африка құрлығының атынан сноубордшы Бролин Маведже қатысып жатыр.

Қаржы көрсеткішіндегі көп сома

Республика бюджетінен Универсиадаға барлығы 109 млрд теңге жұмсалған. «Алматы Арена» кешенінің құрылысына 38,5 млрд теңге, «Халық Арена» спорт сарайына 23,4 млрд теңге қаржы кеткен. Ал жалпы, спортшылардың тамағы мен жатын орнына 42,6 млрд теңге бөлініпті. Қысқы дүниежүзілік универсиаданың ашылу мен жабылу салтанатын 3,5 млн долларға бағалаған.   

Сәтсіздік 

Екатерина Аидова Қазақстанның атынан сынға түсетін үздік он спортшының қатарына енген болатын.

Оған еліміздегі конькиден жүгіруден 500, 1000, 1500 метр қашықтықтағы рекордтар тиесілі. Рекордшымыз Универсиада ойындарында 1000 және 1500 метр бойынша конькиден жүгіруден бар болғаны қос қолаға иелік етті.

Дәл осы спорт түрінен тағы бір үздігіміз саналған Роман Кречтің тіптен жолы болмады. Ол алғашқы 500 метрлік сайыста бірге жүгіру кезіндегі қарсыласы кәріс спортшысы Янг Сеунгеонгтің сәтсіздігінен кейін жолақтан жолаққа өту кезінде қиындыққа душар болды. Жаттықтырушысы Людмила Прокашеваның айтуынша, алғашқы жүгіруде Кречтің 8-ші болып келуіне осы айналымдағы әлгі оқиға басты рөл атқарған. Ал екінші жүгіру кезінде Роман Креч өз уақытын жақсарта алмай, бар-жоғы алтыншы орыннан көрінді.

7,5 шақырым қашықтықта топ жарып, Қазақстанға алтын сыйлаған биатлоншы Галина Вишневская 10 шақырымға із қуалай жарысу сайысында нысанадан шатасып, жүлдегерлер қатарынан тыс қалды.

Бәсекенің ережесі бойынша спортшылар бірінші нысана көздеу айлағында нысанда екі рет жатып, ал содан кейін екі рет тұрып ату керек болатын. Бірақ, жерлесіміз Вишневская екінші мүмкіндігінде тұрып атып, жарыстың ережесін бұзды. Негізі, отандасымыз екінші нысана көздеу айлағына келерге дейін көш бастап келе жатқан. Бірақ, бұл қателігінен кейін жарысты ұйымдастырушылар биатлоншымызды жарыс жолынан шығарып тастады. Ол – бұл сайыстың фавориті еді.

Жерге қаратқан кёрлинг

Кёрлинг – мұз алаңда өткізілетін командалық ойын. Алғаш рет кёрлинг XVI ғасырда Шотландияда пайда болды. XIX ғасырда бұл спорт түрінің шотландиялық, немістік және швейцариялық секілді түрлері шықты.

Кёрлинг Олимпиада бағдарламасына 1998 жылы енгізілген. Ал Универсиада бағдарламасына 2003 жылы Тарвизио өткен ойындарда қосылды, дегенмен қосымша спорт түрі ретінде өткізілді.

 Еліміздің кёрлинг құрамасы алғашқы кездесуін алыс 2004 жылы өткізген. Қазақстанда қазірде аталған спорт түрімен 800-ден астам адам айналысады екен.

28-ші Универисада ойындарында Қазақстанның ерлер керлинг құрамасы Канададан 1:7, Швециядан 1:8, Чехиядан 2:10, Жапониядан 3:7, Ұлыбританиядан 1:10, Оңт.Кореядан 2:13, Норвегиядан 0:8, Ресейден 1:8 және АҚШ-тан 4:10 есептерімен ойсырай ұтылды.

Ал қыздарымыз Ұлыбританиядан 4:10, Қытайдан 0:10, Норвегиядан 4:10. Ресейден 1:14, Оңт.Кореядан 2:14, Канададан 2:13, Швецариядан 3:8, Швециядан 5:13 есептерімен жеңіліс тапты. Кәсіби түрде айналысып жатқандар жүздеп кездессе де, бұл спортта жеңіске жету әзірге біз үшін арман болып тұр.

Кёрлингтің күйін қыздар хоккей құрамасы да басынан өткерді. Олар алғашқы ойынында қытайлықтарға 4-1 болып ұтылса, келесі ойында Ұлыбритания хоккейшілерін 11-0 есебімен тізе бүктіріп бір қуантқан. Бірақ британдық қыздардың кешкен кейін бізге канадалықтар сезіндірді. Олар жауапсыз 11 шайбы соғып, өз үйімізде жерге қаратты. 6-шы орын үшін өткен кездесуде қыздарымыз сол баяғы Ұлыбританияға қақпасына 6 шайбы тоғытты. Бірақ, бұл жеңістің артында ешқандай қуаныш тұрмағаны мәлім.

Универсиадағы жалғыз африкалық кім?

Алғаш рет дүниежүзілік Универсиадаға Уганда елінің өкілі қатысып жатыр. Ол – Бролин Маведже.

Бролин үш ұл, жеті қызы бар көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол үш жасқа толғанда анасы балаларын тастап, АҚШ-қа біржолата кетіп қалады. Ал әкесін ол ешқашан көрмеген. Атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленіп жатқан Бролин 12 жасында анасын іздеп, мұхит асады. Жаңа өмір бастамақ оймен келген жеткіншекті анасы керек етпей, үлкен елде тағы да жалғыз тастап кетеді. Өз үйіне Угандаға кері қайтпақ болған Бролинге жұмыс беруші табылып, оның жаңа өмір бастауына себепкер болды. Спортшының айтуынша, африкалық әйелдер әрқашан балаларына қаталдығымен еркшеленеді екен.

Маведже алғаш рет сноубордпен сырғанауды жаңа отбасысымен Нашоба тау шаңғысы курортында демалуға келгенде үйренеді. Бір күн бойы спорт тақтасында қалай тұруды, қалай сырғанауды меңгерген қара бала бірер күн өткен соң-ақ, бұл спорттың жаңа элементтеріне көшеді.

Осылай жас спортшы Олимпиадаға өтініш беру үшін көп жылдан кейін 2012 жылы Угандаға келеді. Дегенмен, жергілікті шенеуніктермен келісе алмай, 2014 жылы Сочида өткен айтулы додадан шет қалды. Осы уақытқа дейін бірнеше аймақ аралық бәсекелерде топ жарып, АҚШ-тың екі рет үздік сноубордисті атағын да жеңіп үлгерген Бролиннің дәрігерлік мамандығында білім алатынын ешкім біле бермейді.

Африкада туған «қазақ»

Конгода дүниеге келген Дарсиль Эссамамбо бүгінде Қазақстан намысын қорғайды. Анасы қазақ 23 жасар спортшы осыдан 20 жыл бұрын Африкадағы саяси ахуалдың күрт нашарлауынан Алматыға қоныс аударған. Конькимен жүгіру спортын 11 жасында жанына серік еткен Дарсиль жасөсіпірімдер арасындағы Әлем Кубогында жеңіске жетіп үлгерді. «Бала кезімде саусақтарымен шұқшитып көрсетіп, сыртымнан күлетіндер көп болатын. Оларға аса мән бермеуге тырысатын едім. Мен өзімді қазақпын деп санаймын, әнұранымызды естігенде бойымды әрқашан қуаныш кернейді. Бұл – менің Отаным!», – дейді жас спортшы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға