Қазір қоғам трансформациядан өтіп жатыр. Қуантарлығы, құндылық өзгеріп, бұрын белгілі бір ортада ғана талқыланатын тақырыптар шеңберден шықты. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы филиалы сондай бір бастама көтеріп, «Үні – SEN» көпсалалы қыздар жобасын жүргізіп жүр. Жоба аясында қыздардың психологиялық, әлеуметтік және репродуктивті саулығын сақтау сияқты мәселе көтеріледі.
Қыздарды алаңдататын тақырып
Иә, қыздарға арналған басқосуда өзін-өзі бағалау деңгейін арттыру, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және өмірлік маңызды дағдыларды дамыту тақырыбы да назардан тыс қалмайды. Жобаға мектеп, колледж, ЖОО-да білім алып жатқан 13-22 жас аралығындағы қыздар қатысады. Іс-шара аясында 13-22 жас аралығындағы 1000-ға жуық қыздар, 5 колледж, Алматы қаласы мен облысын қосқанда 15 мектеп қамтылады.
Семинар барысында арулардың жаһандану заманына сай әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлі өзгеріп жатқаны тақыланып, ұлттық құндылықтардан алшақтамауы сөз болады. Қыздарға арналған комьюнити психологиялық тұрақтылықты нығайтуға, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, тәуекелді мінез-құлықтың алдын алуға және болашақта саналы ана мен қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптасуға ықпал етеді.
Жалпы, мына тақырыптар күнтәртібінде тұр:
- репродуктивті денсаулық;
- ерте жүктіліктің алдын алу;
- жауапкершілік мәдениеті;
- қыз бала гигиенасы;
- эмоционалдық саулық;
- өзін-өзі қорғау және жеке шекара;
- харасмент пен психологиялық қысымның алдын алу;
- тұлғалық даму және өзін-өзі бағалау;
- отбасы құндылықтары мен болашақ ана рөлі
Посмотреть эту публикацию в Instagram
9-10 жаста етеккір келгені дұрыс па?
Аталған тақырыптар бойынша ақпараттық-ағартушылық лекция мен тәжірибелік рефлекция өтеді. Біз қатысқан семинардың бірін физиолог, биолог, нутрицолог, «Сенімен Болашақ» РҚБ эксперт-жанашыры Еркежан Маратқызы жүргізді. Қатысушылармен қатар сұрағымызды қойып, қазір жасөспірім қыздарды не мәселе алаңдататынына құлақ түріп қайттық. Әсіресе, жеке гигиена, етеккір, ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы ашық талқыланды.
Өткен ғасырмен салыстырғанда балалар мен жасөспірімдердің дене бітімі мен физиологиялық дамуы күрт жылдамдады. Физиологиялық тұрғыдан алғанда акселерация әсерінен процесс жылдам жүреді. Жалпы, кәмелетке толмаған қыздарда алғашқы етеккір циклінің басталуы 9-10 жас аралығында қалыпты саналады. Алайда көпшілігінде 11-13 жаста келеді және бұл биологиялық тұрғыда әр ағзаның тікелей өмір-сүру салтына қарай, генетикасына да байланысты. Физиологияда етеккір циклінің ерте басталу себептері: эндокриндік жүйедегі ауытқулар (циклді жылдамдатады не баяулатады), қалқанша безі қызметінің бұзылысы, аналық бездегі киста, дұрыс емес ұйқы, созылмалы күйзеліс, салмақтың күрт өзгеруі және тағы басқасы. Оған қоса ағзадағы дәрумендер мен минералдардың жетіспеуі, әсіресе D дәруменінің тапшылығы етеккір цикліне тікелей әсер етеді. Темір, магний минералдарының да тапшылығынан да ағзада өзгеріс болуы мүмкін, – дейді маман.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Эко өнімге басымдық беру керек
Физиолог-биолог Еркежан Маратқызының айтуынша, қыздарға жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Әсіресе, етеккір келгенде төсемені жиі ауыстырып, жиі жуынған дұрыс. Инфекцияның алдын алу үшін алдыңғы жақтан тік ішекке қарай жуыну керек. Интимді аймаққа арналған жеке, таза, жұмсақ сүлгі болуы шарт. Синтетика бактериялардың көбеюіне әсер ететіндіктен, тек табиғи мақтадан тігілген іш киім киген жөн. Осы тұста маман эко өнімге назар аударып, сатып алған заттың құрамын оқыған дұрыс екенін атап өтті. Табиғи мақтадан жасалған төсемені тұтыну аллергияның алдын алады. Сондай-ақ дезодорант және тағы басқа декоротив косметика таңдауда да эко өнімге басымдық беру керек.
Органикалық косметикалар, гигиеналық жуынатын құралдардан бастап құрамы тек өсімдіктектес болуы керек. Өйткені қазір өнімдерде парабендер (фталат, триклозон, бисфенол) көп. Сондықтан жасөспірім қыздарда органикалық өнімдер болғаны дұрыс. Құрамы экологиялық таза өнімдерден тұратын гигиеналық өнімді тұтыныңыздар, – дейді маман.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал эко өнімді қалай таңдаймыз?
Мүмкіндігінше natural / organic белгісі бар өнімді сатып алу керек. Өнім құрамындағы қоспа тізімі неғұрлым қысқа болса, соғұрлым реакция аз жүреді. Әсіресе, сезімтал теріге кейде 5 дұрыс ингредиент ішіндегі 20 қорексіз қоспадан жақсырақ әсер етеді. Vegan өнімде жануардан алынған зат жоқ. Cruelty Free белгісі жануарға тест жасалмайтынын білдіреді. Vegan косметика жануарлардан алынған ингредиентсіз, көбіне өсімдік не минерал, этикалық және табиғи балама негізде болады.
Ауыр металдар бет күтімімен қатар косметикада да кездеседі. Бұл – ағзаға жиналуы мүмкін уытты элемент. Салдарынан ағзадағы гормонның жүйесі бұзылады. Көбінесе, ауыр металды арзан косметика жасайтындар пайдаланады. Ата-аналарға айтарым, қыз баланың бет күтіміне мән беріңіздер. Тері типіне сай өнім таңдауды, ауыр металы бар опа-далапты сатып алмауды үйретіңіз. Әсіресе, кей компания мұны қабақтың үстін бояйтын сүрмеге қосады, – дейді биолог-блогер Аида Қайратқызы.
Бет әрлеу құралдарында (пигменттерде) жиі кездесетін қауіпті ауыр металдар:
- Lead (қорғасын) уытты, жүйке жүйесіне әсер етеді;
- Mercury (сынап) өте қауіпті, кейбір «ағартқыш» жақпамайда (крем) болады;
- Cadmium (кадмий) канцероген;
- Arsenic (мышьяк) уытты;
- Chromium, Nickel аллергия тудыруы мүмкін.
Ерте жүктіліктің алдын алуда ақпараттандырудың маңызы зор
Қазір мұғалімдер де, гинекологтар да мектепте не колледжде репродуктив денсаулық, ерте жүктіліктің алдын алу туралы ақпаратты ашық айтуға тырысады. Бұрынғыдай осы тақырып биология пәні кітабының ішінде жасырулы тұрмайды. Өйткені ақпарат, интернет дәуірінде әлеуметтік желіден де керегіңді табуға болады. Маманның айтуынша, осындайда ата-ана бірінші дереккөз болуға ыңғай білдіргені жөн. Сонда ұл-қыздың психологиясы бұзылмай, ата-ана мен баланың арасында тығыз байланыс орнайды.
Біз өткізіп жүрген семинар-тренингтерде жалпы репродуктивті тәрбиеге қатысты айтылатын тақырыптар мемлекеттік стандартқа, оқу бағдарламасына сай жүзеге асырылып жүр. Қыз баласы білуге тиіс адам ағзасының анатомиялық құрылымы, эндокриндік жүйе жайлы,яғни гормондар балансы күн тәртібі, дұрыс тамақтану жайлы, тереңірек айтсақ әр жасушада жүретін бихимиялық және физиологиялық үдерістер айтылады. Әр ақпарат ғылыми негізде, ұлттық болмысымызға сай, рухани тұрғыда ұлттық дәстүрден ауытқымай мәдениетті және сыпайы тұрғыда жеткізіледі, – дейді физиолог-биолог Еркежан Маратқызы.