Жаңалықтар

Үндістан вакцинасының кесірінен қызылша ауруының өршігені рас па? Министр жауап берді

Үндістан вакцинасының кесірінен қызылша ауруының өршігені рас па? Министр жауап берді
Фото: t.me/mazhilis_kz 09.01.2024 12:37 1786

Денсаулық сақтау министрі қызылша ауруының ересектер мен балалар арасында белең алуы және иммунитеті жоқ адамдардың ауруды тез жұқтыруы екпе алмаудың салдарынан екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ажар Ғинияттың айтуынша, былтыр қараша айынан бастап қосымша иммундау күндері жүріп жатыр. Үш айдың ішінде елімізде 1,5 миллион адам екпе алады деп жоспарлап отыр. Оның ішінде 90 пайызы – балалар.

Балаларды қорғауымыз керек. Сол себепті 5-6 жасқа дейінгі иммунитеті жоқ ауырып жатқан балаларды екпемен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 30 мыңдай адам ауырып жатыр. Оның ішінде балалар да, ересектер де бар. Қызылшамен ауруды немесе басқа да вакцинациямен басқарылатын ауруларды әрі қарай болдырмау үшін қазір қосымша иммундау күндері жүруде. Келесі жылы да басқа инфекция бойынша бұл жұмысты кешенді жүргізетін боламыз. Бұл қызылша ғана емес, паротит ауруында да өте күрделі асқынулар болатынын айтып жүрміз. Осындай аурудың көтерілуіне байланысты заңға өзгерістер енгізу әлі талқыланған жоқ. Егер бұл мәселе көп көтерілсе, жан-жақты қарастыратын боламыз, – деді денсаулық сақтау министрі.

Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін министрлік қосымша 1,5 миллион доза вакцина сатып алды. Бұл Үндістан елінің вакцинасы екені айтылып жүр. Сарапшылар аталған елдің вакцинасы тиімсіз екенін айтып, салдарынан қызылша ауруы көбейді деп жатыр. Денсаулық сақтау министріне тілші «Неге біз Еуропа вакцинасын алмаймыз? Әлде ақша үнемдеп отырмыз ба?» деп тікелей сұрақ қойды. Аталған сауалға министр Еуропаның өзі осы Үндістан вакцинасын алып жатқанын айтты.

ДДСҰ ұсынған вакцинамен егілуде. 10 жыл осы елдің вакцинасымен қазақстандықтар егіліп келді. Ешқандай да бұл вакцинаның қарсы көрсетілімі болған жоқ. Қазір ауру өршіп жатқанда, қандай да бір вакцинаны іздеу және оны алуға уақыт керек. Сол себепті қазір бар вакцина егіліп жатыр. Ауырып жатқандардың бәрі екпе алмағандар, – деді Ажар Ғиният.

Айта кетейік, үш айдың ішінде елімізде 1,5 миллион адам екпе алады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға