Үміт қасқыр аулады: Қазақстанға оралған жолбарыстардың тіршілігі

Үміт қасқыр аулады: Қазақстанға оралған жолбарыстардың тіршілігі
Фото: Экология министрлігі

Қазақстанның жабайы табиғатына жіберілген Үміт пен Амур жолбарыстары жаңа мекеніне біртіндеп бейімделіп келеді. Үміт осы уақытқа дейін қабан, Бұқар бұғысы мен қасқыр аулаған. Ал резерватқа кейінірек жіберілген Амурдың да өздігінен қорек тауып, екі рет сәтті аңшылық жасағаны анықталды.

Мамандар жыртқыштардың қозғалысын спутниктік қарғыбау арқылы бақылап отыр. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлімдеді.

Үміттің алғашқы олжалары қандай?

31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жіберілген Үміт жаңа мекеніне жақсы бейімделіп келеді. Мамандардың мәліметінше, жолбарыс табиғи ортада өздігінен қорек тауып, аң аулай бастаған.

Оның алғашқы олжаларының қатарында қабан, Бұқар бұғысы және қасқыр бар. Бұл – жыртқыштың жабайы табиғат жағдайында тіршілік етуге бейімделіп жатқанын көрсететін маңызды белгі.

Ал 31 қазанда табиғи ортаға жіберілген Амур да өздігінен аң аулауға көшкен. Мамандар спутниктік қарғыбау арқылы оның бірнеше күн бойы тұрақтаған аумақтарын анықтаған. Сол жерлерді тексеру кезінде аң қалдықтары табылып, жолбарыстың екі рет сәтті аңшылық жасағаны расталған.

Осылайша, Қазақстанға қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жіберілген екі жыртқыш та табиғи жағдайда өз бетінше қорек таба алатынын көрсетті.

Фото: Экология министрлігі
Фото: Экология министрлігі

Жолбарыстардың қозғалысы қалай бақыланады?

Жабайы табиғатқа жіберілген жыртқыштарды бақылау оңай емес. Сондықтан мамандар олардың қозғалысын спутниктік қарғыбаулар арқылы қадағалайды.

Бұл құрылғылар жолбарыстардың қай аумақта жүргенін, қанша уақыт бір жерде тұрақтағанын анықтауға мүмкіндік береді. Мамандар алынған мәліметтерді талдап, қажет болған жағдайда жануарлар мекендейтін аумақтарды тексереді.

Сонымен қатар резерват қызметкерлері жолбарыстардың мінез-құлқын, қорек іздеу ерекшеліктерін және жаңа ортаға бейімделу барысын зерттеп жатыр.

Жыртқыштардың табиғатқа жіберілуі олардың қауіпсіздігімен қатар, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де талап етеді. Осы мақсатта арнайы қақтығыстардың алдын алу тобы құрылған. Оның міндеті – жолбарыстардың қозғалысын бақылау, тұрғындармен байланыс орнату және адам мен жыртқыш арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу.

Қазақстанға жолбарыстар қайдан әкелінді?

2026 жылдың мамырында Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Олардың арасында екі ересек жыртқыш және 6-7 айлық екі күшік болды.

Жануарлар алдымен арнайы жабдықталған бейімдеу орындарында ұсталды. Мамандар олардың денсаулығын тексеріп, табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайындады.

Алғаш болып 31 шілдеде Үміт жабайы табиғатқа жіберілді. Араға үш ай салып, 31 қазанда Амур да еркіндікке шықты. Ал екі күшік әзірге арнайы бейімдеу қоршауларында мамандардың бақылауында қалды.

Оларды табиғи ортаға жіберу мәселесі жануарлар өсіп, өздігінен тіршілік етуге дайын болған кезде қарастырылады.

Фото: Экология министрлігі
Фото: Экология министрлігі

Неліктен жолбарыстарды Іле-Балқашқа жіберді?

Қазақстан аумағында жолбарыстардың жоғалып кетуіне бірнеше фактор әсер еткен. ХХ ғасырдың ортасына қарай Тұран жолбарысы тоғайлы ормандардың азаюы, қоректік жануарлар санының кемуі және браконьерлік салдарынан елімізде жойылып кетті.

Бұрын бұл жыртқыштар Іле өзенінің аңғары мен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауындағы тоғайлы алқаптарды мекендеген.

Оларды тарихи мекеніне қайтару үшін 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Резерваттың басты міндеттерінің бірі – жолбарыстардың табиғи тіршілік ортасын қалпына келтіру.

Бұл жұмыс тек жыртқыштарды әкелумен шектелмейді. Алдымен олардың тіршілігіне қажетті экожүйе қалыптастыру қажет болды. Осы мақсатта тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарлардың санын арттыру және табиғи қоректік тізбекті сақтау жұмыстары жүргізілді.

Мәселен, резерват аумағына 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан қоныстандырылған. Сонымен қатар 2026 жылдың қыркүйегінде «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен Іле-Балқаш резерватына тағы 30 құлан көшірілді.

Бұл жануарлар жолбарыстардың табиғи қоректік базасын қалыптастыруға көмектеседі. Өйткені ірі жыртқыштардың тұрақты тіршілік етуі үшін жеткілікті мөлшерде жемтік болуы маңызды.

2026 жылдың қаңтарында резерваттың аумағы 450 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл табиғи экожүйені қорғауға және жануарлардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді.

Жолбарыстардың тұрақты популяциясы қалыптаса ма?

Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару – бірнеше жылға жоспарланған ауқымды экологиялық жоба. Оның түпкі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен көбейіп, тұрақты тіршілік ете алатын жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.

Мамандар үшін жыртқыштардың аң аулауы ғана емес, жаңа аумаққа толық бейімделуі, қорек табуы және болашақта көбеюі де маңызды көрсеткіш саналады.

Алдағы уақытта екі жолбарыстың қозғалысы мен мінез-құлқын бақылау жалғасады. Екі күшікті де табиғи ортаға жіберу мәселесі олардың дайындығына қарай шешіледі.

Айта кетейік, Үміттің жабайы табиғатқа жіберілуі Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарысты тарихи мекеніне қайтарудағы алғашқы қадам болды. Ал Амурдың қосылуы осы бағдарламаның келесі кезеңіне жол ашты.

Оқи отырыңыз