«Іле-Балқаш» резерватына жіберілген Үміт пен Амур есімді жолбарыстар жабайы табиғатқа бейімделіп, өз бетінше аң аулай бастаған. Мамандар екі жыртқыштың әрбір қозғалысын спутник арқылы бақылап отыр. Ал олардың бір-бірімен кездесуі мен ұрпақ өрбіту мүмкіндігі туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі түсініктеме берді.
Үміт пен Амур бір-бірін кездестірді ме?
Қазір мамандар екі жолбарыстың қозғалыс бағытын арнайы GPS қарғыбаулар арқылы бақылап, олардың жаңа ортаға қаншалықты бейімделгенін зерттеп жатыр. Алайда қауіпсіздік мақсатында жыртқыштардың нақты жүрген жері құпия сақталады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, екі жолбарыстың бір-бірімен кездескені әзірге расталмаған. Тіпті олардың бір аумақта жүруі де кездескенін білдірмейді.
Жолбарыстардың иіс сезу қабілеті жақсы дамыған. Олар өз аумағын белгілеп, арнайы иіс іздерін қалдыру арқылы басқа жолбарыстардың бар екенін біле алады. Дегенмен Үміт пен Амурдың қашан кездесетінін алдын ала болжау мүмкін емес.
Қазақстанда жолбарыс шөнжіктері дүниеге келуі мүмкін бе?
Жолбарыстарды Қазақстан табиғатына қайтару жобасының басты мақсаттарының бірі – олардың санын табиғи жолмен көбейту.
Алайда мамандардың айтуынша, бұл жануарлардың денсаулығына, көбеюге дайындығына, мінез-құлқына, қорек қоры мен жаңа ортаға бейімделуіне байланысты.
Жолбарыстар негізінен жеке тіршілік ететінін және тұрақты жұп құрмайтынын ескеру керек. Сондықтан бұл кезеңде олардың ұрпақ өрбітуі туралы болжам жасауға әлі ерте, – деді министрлік өкілдері.
Жолбарыстар бір-біріне қызығушылық танытпаса не болады?
Үміт пен Амур бір-біріне қызығушылық танытпаған немесе аумақ үшін таласқан жағдайда мамандар олардың табиғи мінез-құлқына араласпайды. Жобаның негізгі қағидаты – жануарлардың адам көмегінсіз тіршілік етуіне мүмкіндік беру.
Тек жолбарыстардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда мамандар тиісті шаралар қабылдауы мүмкін.
Қос жыртқыш та аң аулауды меңгерген
Үміт табиғатқа жіберілгеннен кейін қабан, бұғы және қасқыр аулаған. Ал резерватқа кейінірек жіберілген Амурдың екі рет аң аулағаны тіркелген. Мұны мамандар спутник арқылы алынған деректер негізінде жыртқыш жүрген аумақтарды тексеру барысында анықтаған.
Еске салайық, биыл 31 шілдеде Үміт есімді жолбарыс «Іле-Балқаш» резерватына әкелінді. Бұл Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарысты жабайы табиғатқа қайтарудың алғашқы қадамы болды. Ал 31 қазанда Амур есімді аталық жолбарыс табиғатқа жіберілді.
Сонымен қатар Қазақстанға екі жолбарыс шөнжігі де әкелінген. Олар есейіп, өз бетінше тіршілік етуге дайын болған кезде табиғатқа жіберу мәселесі қарастырылады.