«Отбасы банк» «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңіне өтінім қабылдауды 3 қарашада бастайды.
Бұл кезеңге 20 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама аясында әйелдер бастапқы және екінші нарықтан баспана сатып ала алады.
Ипотекалық бағдарламаның алғашқы кезеңі 31 тамызда сағат 09:00-де басталған. Сұраныс жоғары болып, сол күні сағат 16:00-ге қарай бөлінген қаражат толық игерілген. Бір қарыз алушыға берілген несиенің орташа сомасы 23,4 млн теңгені құрады.
Ипотеканың шарттары қандай?
«Ұмай» бағдарламасы бойынша баспана сатып алуға қойылатын негізгі талаптар мынадай:
Несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңге;
Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 14,8%;
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 16,3-16,8%;
Отбасының айлық таза табысының ең жоғары мөлшері – 1 млн 250 мың теңге;
Ресми табысқа қойылатын талап – соңғы алты айдағы кірісті растау.
Егер қарыз алушының табысы несие рәсімдеуге жеткіліксіз болса, қосымша екі қоса қарыз алушыға дейін тартуға болады. Олар туыстары ғана емес, заем алушымен туыстық байланысы жоқ басқа адамдар да болуы мүмкін.
Бастапқы жарна қанша?
Бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері баспана сатып алынатын қалаға байланысты белгіленген:
Астана мен Алматыда – тұрғын үй құнының кемінде 20%-ы;
Басқа қалаларда – кемінде 15%-ы.
Бастапқы жарнаны әйел өз қаражатынан тікелей сатушыға аударуы керек.
Банк несие сомасын баспананың сатып алу бағасы мен бағалау құнының қайсысы төмен болса, соған қарай есептейді. Сондықтан сатушы сұраған баға бағалаушы белгілеген құннан жоғары болса, айырмасын сатып алушы өз қаражатынан төлеуі қажет.
Қандай баспана сатып алуға болады?
Бағдарлама аясында мынадай тұрғын үй түрлерін сатып алуға рұқсат етіледі:
пайдалануға берілген бастапқы нарықтағы тұрғын үй;
Қазақстанның Тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар немесе сақтандыру тетігі қолданылған салынып жатқан баспана;
2016 жылы және одан кейін салынған қайталама нарықтағы тұрғын үй.
Бастапқы нарықтан баспана таңдау және сатып алу тек «Отбасы банктің» «Баспана маркет» платформасы арқылы жүзеге асырылады.
Тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді. Егер ол некеде болса, баспана ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ретінде тіркеледі. Несие алуға өтінім берген кезде жұбайы банкке өзі келуі керек.
Өтінім бермес бұрын нені тексеру қажет?
«Отбасы банк» өтінім берушілерге несие рәсімдеуге дейін бірнеше маңызды жайтты тексеруге кеңес береді. Атап айтқанда:
- несие тарихының жағдайын;
- зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын;
- бұрынғы несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің бар-жоғын;
- салық қарыздарын;
- өсімпұлдар мен төленбеген айыппұлдарды.
Банк өтінімді қарау кезінде соңғы 12 айдағы несие тарихын зерттейді. Қолданыстағы кредиттік карталар мен олардың лимиттері де берілетін несие сомасына әсер етуі мүмкін. Ал зейнетақы жарналарының уақытылы аударылмауы өтінімнің мақұлданбауына себеп болуы ықтимал.