Жаңалықтар

Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған

Біздің даладан мал айдап барған саудагерлерден сол замандағы қытайлар «Ұлар етін жедіңдер ме?» деп сұрайтын болыпты
Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған
04.11.2022 11:06 2992

Тарихтың атасы аталатын Геродоттың жазбаларында «Тұран ойпатындағы тау» деп аталатын дала төсіндегі алып тау бүгінгі қазақ даласындағы Ұлытау. Дүниені дүр сілкіндірген, тұлпарының тұяғы бүкіл әлемді басып өткен Шыңғыс ханның сұрапыл жорықтарына да осы тау куә. Асан қайғының тамсанып, таңданып қимай кеткен жер ұйығы Ұлытау болғаны да тарихта таңбаланып тұр.. Ұлытау- қазақ үшін Отан ұғымының шығар шыңы. Қазақ жерінің кіндігі болғандықтан, бүгінде аңызға айналған талай оқиғаның дені осы жерде өткен.

1997 жылы Жезқазған облысы таратылып, аймақ Қарағанды облысының құрамына енген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 4 мамыр күні Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойып жаңадан үш облыс құруға пәрмен берген болатын. Құжат 8 маусымнан бастап күшіне енгені белгілі. Сөйтіп Қазақстанның картасында Ұлытау облысы ресми түрде пайда болды.

1 қараша күні Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы  Үкімет отырысына қатысып Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданғанын, жоспар 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтитынын жеткізіпті. Демек Ұлт ұясына айналған Ұлытау облысы жанданып, жаңаратын кезең алда. Бұл үлкен қуаныш.
«Жалпы, бес жылдық кезеңдегі инвестициялардың жалпы көлемі 1,8 трлн. теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 351 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 147 млрд. теңге бөлінеді, жеке инвестициялар 1,3 трлн. теңгені құрайды. Ұлытау облысының индустриялық-инновациялық дамуы өнеркәсіптік реагент шығару жөніндегі химия зауытының құрылысын, мұнай өңдеу зауытын, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын, Жезқазған мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехын және т.б. іске қосуды қамтиды. Жалпы, 3 мың жаңа жұмыс орындарын құрумен 787 млрд. теңге сомасына 16 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Өңірде минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд. теңгені құрайды. Агроөнеркәсіптік кешен саласында ет өңдеу және сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту сияқты т.б. 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Сала инвестицияларының жалпы көлемі 45 млрд. теңгеден асады, - деді Берік Әбдіғалиұлы. 

Ұлытау кешегі киелі бабалардың бізге қалдырған аманаты. Академик Қаныш Сәтбаев Ұлытау туралы: «Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған. Қазақтың Алаш, Ақназар, Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылысы жағынан өте әдемі және Қазақстанның географиялық орталығы болуы себеп. Ұлытаудың саяси-экономикалық маңызын орыс отаршылдары да білген. Олар XIX ғасырдың 30-жылдарынан бастап тауды табандап мекен етуге тырысқан, әскерлерін әкеліп орналастырған. Бірақ, жергілікті қазақтар елі соларға шабуыл жасап, тыныштық бермеген», дейді. Ұлытау туралы академик Әлкей Марғұлан: «Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған» деп жазды. 

Осыдан бір-екі жыл бұрын Ұлытауға біздің де жолымыз түскен еді. Ол кезде Ұлытау Қарағанды облысының ауданы. Аудан  әкімі – Берік Әбдіғали мырза болатын. Сол кезде өзім көрген, жүрекпен түйсінген дүниелерді оқырман назарына ұсына кеткенді жөн көрдім. 

Ұлар етін жемесек те, қонақжай қазақтың аста-төк дастарханы бір жиылмады. Жезқазғанға келіп тұрып Ұлытауға бармау, ондағы Ұлытау ауданы әкімі Берік Әбдіғалиға  соқпай кетуге қалай дәтің барады? Иә, арнайы ат басын бұрдық. Алашшыл азамат Бекең құшақ жая қарсы алды.  Ел мен жер тарихы,  алаш аманаты жайлы келелі әңгіме өрбіді. Жүрген жерін жайнатып жүретін Бекең бұл ауданға да алаш азаматтарына арнап «Тағзым тақтасын»,  «Қыдыр ата» символикалық мүсінін,  қазақ «Хандарына» арнап ескерткіш тұрғызып қойыпты. Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегі бір төбе! 

Тығыз шаруасына қарамай бізді қабылдап,  қазақ хандарын ақ кигізге көтеріп Хан сайлаған «Хан ордасына»  орынбасары Бағдат Байжантаев Тілеуліұлына «аманаттап» шығарып салды. Бір кездегі айтыс саңылағы,  ақын Бағдат мырза да оқығаны мен тоқығаны көп азамат екен. Жергілікті жердің өрені екенін аңғартып, Ұлытаудың ұлы тарихынан ұлағатты  ойлар айтты.  Хан ордасына аман - есен жетіп,  топыраққа аунап бір жасап қалдық, батыр бабалар рухына құран бағыштадық...

ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА? ҰЛАР ЕТІН ЖЕДІҢ БЕ?

Бар қазақ айтатын әңгіме бұл.  Бірақ бұлай неге айтады оны көбіміз біле бермейміз. Сол кездегі Ұлытау ауданы әкімнің орынбасары Бағдат Байжантаев Тілеуліұлы бұл сөздің шығу тарихын бізге  былайша әңгімелеп берген еді. 

«Қазақ даласының үстімен «Жібек жолы»  өткені белгілі.  Біздің даладан мал айдап барған саудагерлерден сол замандағы қытайлар «Ұлар етін жедіңдер ме?» деп сұрайтын болыпты.  Оның мәнісі, Ұлар етінің күш-қуатымен ерекше шипалығы, дәруменге бай, жұқпалы ауруға қарсы тұрар емдік қасиетіне байланысты болса керек. Кейбір аңқау қазақтар Ұлар етін жегенін сездіріп қойса,  қытайлар ебін тауып оны өлтіріп,  етін асып жейтін болған. 

Медицина ғалымдары сол дәуірде-ақ,  ұлар етін жеу - жұқпалы дертке ем екенін анықтаған.  Соны білетін қытайлар ұлардың етін жеген адамға да қырғидай тиген секілді. Демек ұлар еті  жұқпалы дертке қарсы тұрар күшке ие дәрумен! Сондай-ақ Ұлар кез келген тауды мекендей бермеген құс. Әлемде санаулы ғана тауларға тұрақтаған.  Соның бірі емес бірегейі- Ұлытау!  
Ерте замандарда Еуропа мен ішкі  Қытайда жұқпалы аурулар жиі кездескен көрінеді.  Ол ауруларға қарсы тұрар «антисептик» ұлар еті екенін айттым. Ал оның мекені қасиетті - Ұлытау екенін бабаларымыз жақсы білген... Олардың  азайып кетуіне де жоғары да  айтқандарым себеп болуы әбден мүмкін... Сондықтан да құны жоғары,  бәсі артық қай заманда да. Ғалымдардың зерттеуінше ұлардың азығының сексен пайызы арша  ағашының дәнегі мен жапырағы. Бұдан қазақ не үшін арша ағашын қастерлейтінін түсіну қиын емес. Қазақ тіпті тіс шұқуға анау- мынау ағашты емес аршаны қолайлы көреді. Оның себебі арша талшығы тіс арасындағы етті ғана тазалап қоймайды,  тістің эмалін сақтап,  құрт түсуін болдырмайтын күшке ие. 
Қызық дерек пе? Меніңше өте қазық.  

Ал біз «Ұлытауға бардың ба,  
Ұлар етін жедің бе?» дегенді мүлде басқаша түсініп жүрген секілдіміз...

1962 жылдары қыс қатты болып Ұлытау да Арқар қырылыпты. «Арқада қыс жылы болса,  Арқар ауып несі бар» деген тәмсіл сол кезде туған- ау. 

Сонымен қойшы, Арқармен бірген Ұлардың да саны азайып кеткен Ұлытауда. Мұны неге айтып отырмын, сөйтсек қалың қарда арқарлар тебіндеген кезде ұларлар соңдарынан қойша еріп бірге жайылып жан сақтайды екен. Арқарға зауал төнгенде,  ұларлар да «шулап» қоя берген. 

Жер бетіндегі жан - жануарды, адамзатты бір - біріне мұқтаж, тәуелді етіп қойған, бұл да Алла Тағаланың бір құдіретті емей не?!

                               ҰЛЫТАУ –ТУРИЗМГЕ  СҰРАНЫП ТҰР

Ұлытаудан ұлы іс бітіргендей оралдық. Нағыз туризмге сұранып тұрған өңір екен.  Ұлытау - қазақ ынтымағының қайнар бұлағы болған жер ғой. Бұл тауда Тоқтамыс хан мен Едіге би жатыр.  Әулие тауда осы аймақта. Оның басына шығып,  Алладан тілек тілеген жанның дұғасы қабыл болады дейді халық даналығы. Ең кереметі «Хан ордасына» барған жан энергетикалық қуат алып қайтады. Тұла бойыңда күшің тасып,  қуатың көбейіп, темір мен тасқа қолың тисе ток ұрады. Бұл да бір тылсым дүниенің бір құпиясы - ау. Оны өзіміз де бастан кештік... Біз әлі қадір- қасиетіне жетпей жүрген киелі өңірге көрші   Ресейден,  өзге де шет елдерден өз бетімен келетін туристтер көп болып шықты. Бәрінің айтатыны, Ұлытаудың саф ауасы,  кең аурасы,  бойға күш беретін жағымды әсері, ерекше қасиеті  жайлы хикая деседі.  

Ұлытауға апаратын күре жолда тегістеліп жатыр.  Шаршап - шалдықпай жетуге бар мүмкіндік қарастырылған. 

«Ұлытау- ұлттың ұясы» деген рас сөз. Ата қазақ оны текке айтпаған.  Оған барғанда арман да,  бармағанда арман да.
Ең бастысы Ұлытаудан олжамен оралдық.  Ұлытау ауданы әкімі Берік Әбдіғали мырза келген қонақтарына өзінің көп жылдық еңбегі - ұлт руханиятына қосылған кітаптарын сыйлады. Соның бірі «Қазақ болайық». «Қазақ болайық» кітабы өрелі ойымен, танымдық құндылығмен жоғары. Алашшыл азаматтың алаш жайлы жазған дүниелерінің өзі бір төбе.  

Ұлытау қазір облыс. Мемлекет қолдауына ие. Туризмге де сұранып тұрған өңір. Облыс әкімі Берік Әбдіғалидың айтуынша Облыс аумағында әлеуметтік нысандар салуға да айрықша көңіл бөлінген. Жақын жылдарда қоғамның қажетін өтеу үшін сан-cалалы ғимараттар бой көтермек.

«Әлеуметтік салада 47 жаңа нысан салынады. Олардың ішінде Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп, 4 оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорт нысаны және басқалары бар. Сондай-ақ, 27 білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөнделеді. Барлық іс-шаралардың жалпы сомасы 94 млрд.теңгеден асады. «Еңбек» футбол клубы жанданып, «Арыстан»балалар хоккей мектебі ашылады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа Ұлытау мемлекеттік техникалық университетіне студенттерді қабылдау жоспарлануда. Халық санының өсуін ескере отырып, Жезқазған қаласында 60 үйді немесе 1800-ге жуық пәтерді қамтитын үш жаңа шағын аудан салынады. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Сондай – ақ, Жезқазған қаласындағы 26 апатты үйді және Сәтбаев қаласындағы 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған іс-шараларға 62 млрд.теңгеден астам қаражат бағытталады. Сонымен қатар, Ұлытау облысын дамытудың кешенді бағдарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, сумен жабдықтау, Сәтбаев қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету, электр энергиясын өндіру, заманауи бу-газ қондырғысын салу секілді жаңа бастамалар қарастырылған.

Бұдан басқа, өңірдің газ инфрақұрылымын дамыту жобасын іске асыру үшін 34 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жалпы сомасы 264 млрд.теңгеге 227 км облыстық автожолдар және 118 км қалаішілік және кентішілік жолдар салынады, қайта жөнделеді және жөнделеді. Туризм саласын дамытуға 1,5 млрд. теңге бағыттау көзделген... Іске сәт!» - деп жазыпты Ұлытау өңірінің басшысы Үкімет отырысынан шыққаннан кейін. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсілге сүйене отырып, жақсы істің жарнамасын жасағымыз келді. Еліміз қуатты, жеріміз шуақты болсын, ағайын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға