Жаңалықтар

Ұлытау облысында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Ұлытау облысында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 21.10.2023 22:48 622

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы Орынбай ауылдық округінің тұрғындары үшін жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халық талап ететін әлеуметтік объекті демеушілік қаражаттың есебінен салынды. Бұл игі әрекетті осы ауданның тұрғыны, кәсіпкер, қазір марқұм Қуат Ахметов бастаған. Әкесі бастаған игі істі ұлдары жалғастырып, өз қаражатына туған ауылында жаңа фельдшерлік - акушерлік пункт салды.

Ұлытау облысында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Ауданы 200 шаршы метр болатын объектінің  құрылысына 98 млн теңге жұмсалды. Фельдшерлік-акушерлік пунктте зарарсыздандыру, ақпараттық қамтамасыз ету, егу, фельдшерлік, акушерлік, рәсімдік, қарау кабинеттері, химизатор кабинеті көзделген және ол заманауи жабдықтармен толық жабдықталған. Пункттің қуаты - күніне 30 адам, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің кең спектрі бар.

Медициналық объектінің салтанатты ашылуына Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова, Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев қатысып, ауыл тұрғындарының демеушілеріне алғыстарын білдірді.

Ұлытау облысында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Жалпы, қазіргі уақытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасының аясында Ұлытау облысында 5 фельдшерлік-акушерлік пункттің - Ұлытау ауданының 4 елді мекенінде (Байқоңыр, Байқоңыр, Терісаққан, Мибұлақ, Қоскөл) және Жаңаарқа ауданының 1 елді мекенінде (Ынтымақ) құрылыс жұмыстары басталды. Республикалық бюджеттен құрылысқа 574,6 млн теңге, жергілікті бюджеттен 63,8 млн теңге бөлінді. Дайын объектілерді пайдалануға берудің жоспарланған мерзімі-2023 жылғы желтоқсан.

Сондай-ақ ұлттық жобаның шеңберінде Кеңгір және Ақтөбек ауылдары үшін 2 дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда, олардың жобалары қорытынды алу үшін сараптамаға жіберілді.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ұлытау ауданында - Сарысу және Бозтұмсық ауылдарында және Жаңаарқа ауданында - Атасу және Бидайық кенттерінде орналасқан 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға