Британдық ханзада Хәрри мен оның жұбайы Меган Маркл Ұлыбританияға оралғаннан кейін алғаш рет бірге қоғамдық іс-шараға қатысты. Ерлі-зайыпты Ноттингем қаласындағы бірнеше қайырымдылық ұйымын аралап, балалар мен жастарға арналған әлеуметтік жобалардың жұмысымен танысты, дейді El.kz интернет басылымы BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл сапардың Хәрри мен Меган үшін символдық мәні бар. Өйткені 2017 жылы екеуі үйленетіндерін жариялағаннан кейін алғашқы ресми сапарын дәл осы Ноттингем қаласынан бастаған.
Алайда бұл жолғы сапардың бұрынғыдан айырмашылығы бар. Хәрри мен Меган енді корольдік отбасының ресми өкілдері ретінде емес, жеке тұлғалар ретінде қоғамдық іс-шараларға қатысып жүр.
Еске салайық, ерлі-зайыпты 2020 жылы корольдік міндеттерінен бас тартып, АҚШ-тың Калифорния штатына қоныс аударған болатын. Ұлыбританияға оралғаннан кейін де олардың ресми мәртебесі өзгерген жоқ.
BBC-дің корольдік отбасы жөніндегі тілшісі Даниэла Релфтің айтуынша, корольдік отбасы қазір Хәрри мен Меганды ресми міндет атқармайтын жеке тұлғалар ретінде қарастырады. Ал ерлі-зайыпты өздерін қоғам назарын маңызды әлеуметтік бастамаларға аудара алатын танымал тұлғалар деп санайды.
Олардың мәртебесіндегі өзгеріс қауіпсіздік шараларынан да байқалады. Мәселен, Ноттингемге сапары кезінде Хәрри мен Меганның қауіпсіздігін полиция емес, жеке күзет компаниясы қамтамасыз еткен.
Соған қарамастан, іс-шараның бағдарламасы корольдік отбасы мүшелерінің дәстүрлі сапарларына ұқсас өтті. Олар қайырымдылық ұйымдарын аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, көпшілікпен әңгімелесті.
Хәрри мен Меган қандай ұйымдарға барды?
Ерлі-зайыпты сапарын 35 жыл бұрын құрылған Community Recording Studio қоғамдық дыбыс жазу студиясынан бастады. Бастапқыда балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне арналған шағын музыкалық студия бүгінде спорт, білім беру және шығармашылық бағыттарды қамтитын ірі орталыққа айналған.
Хәрри бұл ұйымға алғаш рет 2013 жылы барған. Ал былтыр дәл осы жерде BBC Children in Need қайырымдылық жобасына 1,1 миллион фунт стерлинг бөлінетінін жариялаған болатын.
Бұдан кейін ерлі-зайыпты Himmah Food Hub қайырымдылық азық-түлік орталығы мен балалар және жастарды қолдауға бағытталған Epic Partners ұйымына барды.
Меган көпшілік алдына жиі шықпай ма?
The Telegraph басылымының хабарлауынша, Меган Маркл алдағы уақытта күйеуімен бірге қоғамдық іс-шараларға жиі қатысуды жоспарлап отырған жоқ.
Ерлі-зайыптыға жақын дереккөздің айтуынша, ол уақытын негізінен балалары Арчи мен Лилибетке арнап, As Ever брендін дамытуға және актерлік мансабын қайта жалғастыруға көңіл бөлмек.
Басылым дереккөзінің сөзінше, Меган қазір жаңа жобаларға қатысу мүмкіндігін қарастырып, көптеген киносценарийді оқып жүр.
Айта кетейік, бұл – Меган Марклдың соңғы төрт жылда Ұлыбританияда көпшілік алдына алғаш рет шығуы. Ол бұған дейін 2022 жылдың қыркүйегінде патшайым II Елизаветаның жерлеу рәсіміне қатысқан еді.