Жаңалықтар

Ұлыбританияда алғаш рет азиялық азамат премьер-министр болды

Риши Сунак экономика үшін өте қиын сәтте премьер-министр қызметін атқармақ
Ұлыбританияда алғаш рет азиялық азамат премьер-министр болды
Фото: bbc.com 24.10.2022 22:54 1507

Ұлыбританияның үкімет басшысы қызметіне Риши Сунак сайланды, деп хабарлайды El.kz BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Консерваторлар партиясының көшбасшысы ретінде қатысқан бірінші сайлауда жеңілген ол арада жеті апта өткенде көздеген мақсатына жетті. Күресте қалған жалғыз қарсыласы жарыстан шығатынын жариялаған соң Риши Сунак 100 партиялық дауысы бар жалғыз қатысушы және сәйкесінше жеңімпаз болды.

Осылайша Сунак ресми процедура аяқталғаннан кейін тарихтағы алғашқы азиялық британ премьер-министрі болады.

Тамыз айында бұрынғы қаржы министрі Риши Сунак премьер-министрдің орнына таласқаны есімізде.

Алайда, ол сол кезде консервативті партия мүшелері оған сенім артпады, олар Лиз Трассты жөн көрді және белгілі болғандай, олар қателесті.

Елдегі ең жоғары лауазым үшін екінші мәрте бақ сынағанда жолы болды, әсіресе Джонсон өзінің кандидатурасын алып тастағаннан кейін. Жалпы бұл жолы Сунактың қарсыласы салыстырмалы түрде онша танымал емес Пенни Мордонт еді.

Жазғы сайлау науқаны кезінде Сунак негізінен Ұлыбритания экономикасына назар аударып, оны дағдарыстан шығару жоспарын ұсынды.

Содан кейін Сунак BBC-ге берген сұхбатында «жалған уәдемен жеңгеннен гөрі көшбасшылық жарыста жеңіліп қалғаны жақсы екенін» айтқан.

Риши Сунак экономика үшін өте қиын сәтте премьер-министр қызметін атқарғалы жатыр.

Еске сала кетейік, Сунак 2020 жылдың ақпанында қаржы министрі болған және бірнеше аптадан кейін басталған пандемия мен ұзаққа созылған карантин жағдайында Ұлыбритания экономикасын басқарды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға