Жаңалықтар

Ұлы музыканттар туралы 5 қызықты факт

Ұлы музыканттар туралы 5 қызықты факт
Фото: © Pixabay.com 19.01.2024 18:36 3551

Ұлы музыканттар да қарапайым адамдар. Олардың да өз қорқыныштары, басынан өткерген қызықты оқиғалары бар.

1. Ференц Лист бұрымын сұраған табынушыларына иттің жүнін жіберіп отырған

Өз уақытында Ференцтің (көп жерде Франц деп атайды) көптеген табынушылары болған. Көпшіліктің алдына шығып, шығармаларын орындағаннан кейін табынушылары қолғабынан бастап, мұрын сүртетін орамалына дейін таласқан. Оның портретін алқаларына салған. Ал әйелдер жалынып-жалбырынып, бұрымын беруді өтініп хат жолдаған. Композитор оның әрбірне бұрымына сыйлай берсе, шашсыз қалатынын түсініп, ит асырауды жөн санаған. Егер бұрымын сұраған хат келсе, итінің жүнін қырқып алып, салып отырыпты.

2. Мендельсонның бірнеше шығармалары әпкесі Фаннидің туындысы

Мендельсонның аты салтанатты той маршы арқылы көпшілікке белгілі болды. Одан бөлек, Феликс бес опера, көптеген симфония, хорға музыка жазған. Бірақ, ол шығарманың барлығы Мендельсонға тиесілі емес екенін көпшілік біле бермейді. Композитордың Фанни есімді әпкесі болған, оның есімі әнші ретінде белгілі. Фанни фортепианоға 125 ән, жалпы 250 ән жазған. Олар көзі тірісінде жарыққа шықпаған. XIX ғасырда әйел адамы музыкада ештеңе бітірмейді деген түсінік болған, сондықтан оның кейбір шығармалары інісінің атынан жарыққа шыққан. Ұзақ уақыт бойы «Пасхаль сонатасы» Мендельсонның туындысы болып келген еді, тек 2010 жылы музыка зерттеушілері шығарманы толық зерделеп, оның Фаннидің туындысына екеніне көз жеткізген.

3. Йозеф Гайднның басын табытынан ұрлап кеткен

Йозеф Гайдн — симфония мен ішекті квартет жанрының негізін қалаған, атақты австриялық композитор, Бетховеннің шәкірті. Оның мелодиясын негізге ала отырып, Германия өз әнұранын жазып шығарған. 104 симфония, 52 сонаттың авторы. Ұзақ аурудан кейін 77 жасында 1809 жылы Венада көз жұмған. Оның қайтыс болуы француз оккупациясының уақытымен тұспа-тұс келгендіктен жерлеу рәсімі өтпей, қарапайым табытқа салып жерлей салған. Тек 1820 жылы музыкантты құрметтеген ханзада Николаус Эстерхази II-ге жерлеу рәсімін қайта өткізу туралы ұсыныс айтылады. Сол уақытта табытты ашқанда ғана Гайднның басы жоқ екенін бір-ақ білген. Ұзақ тексерістен кейін композитордың басын френологияның табынушылары Йозеф Розенбаум мен Иоганн Петердің ұрлап кеткені белгілі болған. Ханзада ол екеуінің үйін тексеру үшін полиция жібереді. Розенбаум бас сүйекті қалың матаға орап, үстіне әйкелін отырғызып қояды. Ал әйелі Тереза етеккірі келіп жатқанын айтып, орнынан қозғалтпауды өтінген. Полиция оның сөзіне сеніп, үйді толық қарамай кетіп қалады. Петр болса, композитордың басы деп басқа әйел адамның бас сүйегін ұстатып жібереді. 1954 жылы ғана Гайдннің басы өзіне қайтарылады. Қайта жерлегенде қойылған белгісіз әйелдің бас сүйегін алып тастамауды жөн көріпті.

4. Жан‑Батист Люлли өзін абайсызда дирижер таяғымен өлтіріп алған

Француз бароккосының өкілі ретінде танымал Люлли Людовик XIV-тің сүйікті музыканты болған. Бір қарағанда дирижерлік еткенде өмірге қауіп төнетіндей ештеңе болмағанмен, Люлли үшін жазым оқиға орын алады. Людовик бірде ауырып, қайта аяқтан тұрғанда француз жеріне денсаулық беру үшін құдайға арнап музыка жазу керегін айтады. Ал Люлли ханның сөзіне дереу Te Deum атты шығармасын өмірге әкелген. Ол уақытта дирижер таяғы әлі өмірге келмеген, оның орнына баттут деп аталатын үлкен ағаш пайдаланған. Люлли ханға арнаған шығармасын орындау барысында әлгі баттут аяғына түсіп кетеді. Ол жарасы жазылмай, композитордың өліміне әкелген.

5. Чайковский басы бөлініп қалудан қорыққан

Чайковскиий өте ұялшақ адам болған. Ол өзінің бір танысына жолдаған хатында көпшілік алдында өнер көрсетуге қорқатынын мойындапты. Өмір бойы дирижерлік қолымнан келмейді деп қиналып өтіпті.

«Көпшіліктің алдында өзіңді басқара алмаудың өзінен қатты қорқатынмын» дейді ол. Басқа хаттарында «талантсызбын», «жексұрынмын», «сұмпайымын» деген сөздерді қолданған екен. Неміс филофонисті Юлиус Блок Чайковскийден таспаға жазып алу үшін бір туындысын орындап беруді өтінгенде «мен нашар пианистпін, даусым шіңкілдеген» деп бас тартқан екен. Сонымен қатар Чайковский дирижерлік еткенде басын сол қолымен ұстап тұрған. Оған басы міне-міне домалап кететіндей көрінген. Кейді тіпті сақалын қырып тастап, мойны басын мықты ұстап тұрғанына көз жеткізген екен. Психиатрлар композитордың бұл қорқынышын «шыны иллюзия» деп аталатын психикалық бұзылыспен байланыстырады. Оған ұшыраған адамдар өз денесін әлсіз, түсіп қалатындай, бөлініп кететіндей сезінеді екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға