Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 4-кезеңі аяқталды

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 4-кезеңі аяқталды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 10.09.2023 16:49 899

17 команда Қарағанды облысы Талдысай өңірінен Ұлытау облысы Айдар қыстағына жолға шықты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің тағы 100 шақырымын бағындырып, төртінші кезеңнің мәресі Айдар қыстағында қорытындыланды. Осылайша, шабандоздар 4 күн ішінде жалпы 350 шақырым жолды жүріп өтті.

Төртінші кезең қорытындысы бойынша, Астана қаласы командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы да Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы мәре сызығына екінші болып келсе, ақтөбелік шабандоздар үздік үштікке енді.

Өкінішке қарай, төртінші кезеңді 3 атпен бастаған Шымкент командасы алғашқы 50 шақырымнан соң бір атының жарақат алуына байланысты төрешілер шешімімен жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Айта кетейік, ереже бойынша команда құрамында кем дегенде 3 қатысушы болу керек. Сонымен қатар арғымақтарының ұзақ қашықтыққа дайын болмауының себебінен ШҚО командасы да додадан шығып қалды.

Сонымен бесінші кезеңге Абай, Қызылорда, Түркістан командалары 4 атпен, Ұлытау мен Павлодар командалары 3 атпен шығады. Қалған командалар құрамы толық. Жалпы Айдар қыстағына түнеген 15 команда ертең, яғни 10 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеру үшін Алғабас ауылына аттанады. Түскі астан соң Алғабастан Алаша Хан кесенесіне дейінгі 5-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға