Жаңалықтар

Ұлтымыздың тарихи-рухани және киелі орындарын сақтау қажет - Дархан Қыдырәлі

Ұлтымыздың тарихи-рухани және киелі орындарын сақтау қажет - Дархан Қыдырәлі
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 15.02.2024 13:15 496

Қазақстанда ұлттың рухани бағдарына айналған және халыққа қорған болған көптеген киелі орындар бар. Бүгінгі Сенат отырысында Дархан Қыдырәлі осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кешендердің көбі жойылған, енді бірі бастапқы келбетінен қатты ауытқыған, тарихи орындарды қалауынша өзгерткен. Сол сияқты сансыз бабтар мекені Сайрамда қастерлі орындар қараусыз жатыр. VIII-IX ғасырдан қалған көне қорымның бір шетін базар басып барады. Бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау керек. Сондықтан көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыруды ұсынамыз, - деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі еліміздегі рухани ескерткіштерді қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін және олар біздің мұрамыз бен тарихымыз екенін атап өтті.

Ұлттың иммунитетін қалыптастыратын рухани орындар тағылым мектебі болуы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – діңгекті дәстүр мен рухани бұлақ көздері зерделене бастаса, деструктивті теріс ағымдардың жолын жабуға септеседі. Тарихи кешендерді ұлттық бренд ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет, - деді депутат.

Мемлекет басшысы 2019 жылы елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырғаны белгілі. Сондықтан сенатор киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды дамыту қажет деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға