Ұлттық ұлан жауынгерлері отандық броньды техниканы қалай меңгеріп жатыр?

Ұлттық ұлан жауынгерлері отандық броньды техниканы қалай меңгеріп жатыр?
Фото: Ұлттық ұлан

Алатау қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде отандық броньды машинаны басқару және пайдалану бойынша оқу курсы өтуде. Оған Алматы, Түркістан және Қостанай қалаларындағы әскери бөлімдерден, сондай-ақ Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясынан келген механик-жүргізушілер мен көздеуші-операторлар қатысуда.

Полигонда механик-жүргізушілер броньды машинаны күрделі жер бедері мен жолсыз жерлерде басқару дағдыларын жетілдіруде. Практикалық сабақтарда маневр жасау, қозғалыс бағытын таңдау және кедір-бұдырлы жолдардан өту тәсілдерін пысықтайды.

Ал көздеуші-операторлар машинаның құрылымы, орнатылған жабдықтар мен борттық жүйелерді пайдалану ерекшеліктерін үйренуде.

«Барыс 6х6» – күрделі жер бедерінде жоғары өтімділігімен ерекшеленетін отандық броньды машина. Ол 11 адамға дейін тасымалдауға арналған және −50-ден +50 °C-қа дейінгі температурада пайдалануға бейімделген.

Оқу курсы аяқталған соң әскери қызметшілерге арнайы сертификаттар табысталады. Қараша айының басында осындай оқу жиынын «Батыс» өңірлік қолбасшылығында да өткізу жоспарланып отыр.

Даярлықтың мақсаты – ұландықтардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға әзірлігін арттыру.

Оқи отырыңыз