Жаңалықтар

Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өтеді

Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өтеді
Фото: Мәжіліс 20.03.2024 13:02 379

Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Жуырда ғана Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Онда мемлекет басшысы еліміздің рухани және идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек, - деді Мәжіліс төрағасы.

Бүгінгі депутаттық сауалдар – мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіне көрсетілген нағыз қуатты қолдау екенін атап өтті. Аталған мәселелер Парламенттің ресми мінберінен көтеріліп, нақты іске асырылатынын жеткізді.

Яғни олардың негізінде Парламент бірқатар заң жобасын қабылдауы тиіс. Мәселен, бүгін біз лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасын жұмысқа алдық. Бұл құжат депутаттардың бастамашылығымен әзірленді. Оны осы сессияның соңына дейін қабылдауымыз қажет. Бұл – президенттің тікелей тапсырмасы. Соңғы кездері есірткі саудасы өзекті әлеуметтік проблемаға айналуда. Депутаттар осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Есірткі өндірісімен айналысқаны үшін жауапкершілікті күшейтіп, оны аса ауыр қылмыстармен теңестіруіміз қажет, - деді Қошанов.

Мәжіліс төрағасы вандализмнің кез келген түрі үшін жауаптылықты заңнама деңгейінде қатайту керек екенін айтты.

Дін мәселесі де аса өзекті. Осы саланы реттеудің құқықтық негізін дәстүрлі әдет-ғұрпымыз бен құндылықтарымызға, зайырлы мемлекет қағидаттарына сүйене отырып, қайта қарау қажет екенін жеткізді.

Сонымен қоса археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы күтіп тұр. Мәселен, кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан герб мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі. Қолданыстағы гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша герб мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр. Бұл ретте жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажет. Біздің герб сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе. Әріптестер, президент белгілеп берген бағыт-бағдар бәріңізге түсінікті деп ойлаймын, - деді Қошанов.

Сондықтан Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізу қажет екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға