Жаңалықтар

Ұлттық қорғаныс университетінде алғаш рет әскери психологтар курсы өтті

Ұлттық қорғаныс университетінде алғаш рет әскери психологтар курсы өтті
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі 15.05.2023 11:37 964

Психолог мамандарына арналған курс олардың кәсіби деңгейін жетілдіруге бағытталған. Бүгінгі таңда барлық қызмет салаларында 300-ге жуық әскери психолог әскерлерді психологиялық тұрғыда қолдауды жүзеге асырады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Оқыту қорытындысын шығару кезінде Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев курс тыңдаушыларын психологтардың қызметін ұйымдастыруға қатысты кейбір нормативтік құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер жөнінде хабардар етті.

– «Бейбіт уақытта ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің моральдық-психологиялық жай-күйін бағалау» деп аталатын жаңа әскери регламент әзірленіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, қолданыстағы әдіс 90-шы жылдары қабылданған және моральдық тұрғыдан ескірген, – деп түсіндірді департамент бастығы.

Бұдан бөлек, ол әскери-білім беру порталы шеңберінде құрылатын «е-интеллект» ақпараттық кешенінің психологтардың қызметін қамтамасыз етуге тоқталды. Мұнда тестілеу мен тренингтер өткізу үшін осы саланың мамандарына қажетті материалдар орналастырылады. «Ақ сұңқар» психикалық диагностика кешендерін сатып алу да жоспарда бар. Онымен бірінші кезекте әскери оқу орындары мен ұдайы жауынгерлік әзірлікте тұратын әскери бөлімдер қамтамасыз етілетін болады.

Курстың мән-маңызын сабақ барысында қарастырылған тақырыптарға қарай бағалауға болады. Шетел әскерлерінде психологиялық жұмысты ұйымдастыру тәжірибесі зерделеніп, әскери қызметшілермен профилактикалық жұмыстың негізгі аспектілері талқыланды. Тренингтер өткізу, дағдарыс жағдайында және жауынгерлік ахуалда психологиялық көмек көрсету жөніндегі әдістемелік ұсынымдар берілді. Әскери ұжымдардың моральдық-психологиялық жайын бағалау әдістеріне және әскери қызметшілердің психикалық диагностикасына назар аударылды.

Дәрістер мен тренингтерден басқа, Қарулы күштердегі 68665 әскери бөлімінің және Ұлттық ұландағы 5573 әскери бөлімінің базасында көшпелі практикалық сабақтар ұйымдастырылды, бұл ретте сала мамандары жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Аталған курс соңында тыңдаушылар кешенді емтихандар тапсырып, сертификаттар алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға