460.87
501.56
6.57

Ұлттық ойындарымыз брендке айналса деймін – Айнұр Жұмабекқызы

«TALAPAI» жобасының авторы Айнұр Полатовамен сұхбат
El.kz
Фото: El.kz 30.11.2022 09:00 927

Қазақтың ұлттық ойындары халқымыздың мәдениетін дәріптейді. Сол ұлттық руханиятымызды насихаттау үшін түрлі жобаны бастаған жастар бар.

Оның бірі Айнұр Полатова бүгінде қазақтың ұмыт қалған ойындарын қайтадан жаңғырту мақсатында «TALAPAI» авторлық жобасын қолға алған. Ойыншылар қазақтың ұлттық ойындарын таласып, тармасып ойнаса екен деген ниетпен «TALAPAI» деп атапты.

Айнұр Жұмабекқызы елімізде қазақи ойындардың сатыла бермейтінін көріп, жобаны ашу туралы шешімге келген. Өзіміз ғана ойнамай, шет мемлекеттерге апарсақ керемет болар еді дейді.

«Біз үнемі шетелге қыдыруға шыққанда тек өзімізден өндірілген шоколадты алып барамыз. Оданда неге ұлттық ойынымызды апарып еліміздің мәдениетімен өзгелерді таныстырмасқа?!», – деді кейіпкер.

Әрбір ойынға қажет материалдарды Айнұр өзі тапсырыспен жасатқан екен.

«Ойынға керек әрбір затты тапсырыспен жасаттым. Тіпті асықтардың өзін ойнағанда жеңіл болсын деп полиуретаннан (ең қатты пластмасс түрі) құйдырдым. Әр ойынның ішінде түсіндірме кітапшалары да бар. Оны да өзім жазып шықтым», – дейді ол.

Айнұр болашақта сол түсіндірме кітапшаны 3 тілде басып шығарып, ішіне QR код орналастыруға ниетті. Сол QR код арқылы кез келген адам ойын ойнау барысын бейнероликтен көре алады.

Кейіпкерге Астанадан ойынның дизайнын құрастыруға көмек беретін дизайнерді табу қиынға соққан. Ойындарының ерекше форматта дайындалғанын қалаған ол қазақи ою-өрнектерті насихаттап жүрген дизайнер Жанғазы Сейдахметтің көмегіне жүгінген. Екеуі бірге қазақылық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ойынға қажет заттың барлығының дизайнын құрастырған.

Сондай-ақ Айнұр Полатова ойын ойнау үшін керек тастарды таба алмай әзірге оны моншақпен алмастырып отыр екен.

«Негізінен ойыныма адамдардың қолына ұстауға ыңғайлы болатындай тастарды қосқым келеді. Сондықтан киізден тас жасатып, тапсырыс беру туралы шешімге келдім. Қазір ол дайындалу үстінде», – дейді ол.

Жұмысты жақында ғана бастағандықтан қоржынында әзірге 5 ойын бар. Олар Бестемше, Шалма, Тоғызқұмалақ, Бестас, Құмар деп аталады. Алдағы уақытта ойындардың санын 8-ге дейін ұлғайтпақ.  

Жоба авторы Айнұр қазақтың ұлттық ойындарының ішінде Бестемше ойынын ерекше ұнататынын айтады.

«Ең сүйікті ойындарымның бірі – Бестемше. Тоғызқұмалаққа қарағанда ойнауға жеңіл. Бірақ ол да логиканы талап етеді. Біздің ұсынысып отырған әдісіміз ойнауға қолайлы», – деді.

Айнұр Полатова ойындарын түрлі жерге апарып қоюды жоспарлауда.

«Ойындарымды аэропорт, вокзал, қазақылықты насихаттайтын кафеге апарып қою ойда бар. Білуімше, кейбір кафелер «Ауыл кеше» секілде түрлі форматтағы мерекелерді ұйымдастырып тұрады. Оған келген шетелдіктерді қазақтың ұлттық ойындарымен таныстырса керемет болар еді», – дейді ол.  

«TALAPAI» жобасының авторы көпшілікке қазақи ойындарды насихаттау мақсатында ASMR түсіріп, танымал тұлғаларға ойын ойнату арқылы таратқысы келеді.

Кейіпкер болашақта жобаны одан әрі дамытып, өзінің мықты командасын құрғуға ниетті екен.

«Қазіргі таңда барлығына өзім жалғыз жүгіріп жүргендіктен жобамен жұмыс істеу оңай болып жатқан жоқ. Десе де жақын досым маркетолог ретінде жобаны таныту үшін қолынан келген көмегін беріп жатыр. Болашақта өзімнің жеке командамның болғанын қалаймын. Бірлесе отырып еліміз, ұлтымыз үшін аянбай еңбек етсек деймін», – деді Айнұр.

P.S: Бүгінде Айнұр Жұмабекқызы қазақтың ұлттық ойындарын заманауи форматта шығару арқылы жастарға халқымыздың құндылығын дәріптеп, қызығушылығын арттыруға зор үлесін қосуда.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Жаңалықтар