Жаңалықтар

Ұлттық олимпиада география пәнінің мәні мен маңызын айшықтайды

15.05.2025 17:07 497
Ұлттық олимпиада география пәнінің мәні мен маңызын айшықтайды

2025 жылдың 12–15 мамыры аралығында Астанада «EcoForming» экология және білім беру қоры ұйымдастырған география пәні бойынша «Geo star» ұлттық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтіп, жеңімпаздары марапатталды. Олимпиадаға еліміздің барлық облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктеліп келген 7–8-сынып оқушылары (жалпы саны 72 оқушы) қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде география — рельеф пен Жердің бетін, табиғатты, мемлекеттердің аумақтарын зерттейтін іргелі ғылым ғана емес, сонымен қатар ғарыштық география сияқты жаңа бағыттарды қамтитын кең әрі қарқынды дамып жатқан сала. Көптеген ғылыммен сабақтасатын география пәнінің маңызы жылдан жылға артуда.  Әлемде «адам географиясы», «мәдениет географиясы» сынды ұғым-түсініктер қалыптасуда. География архитектура мен урбанистика, археология сынды салалармен де қабысып жатыр. Осыған байланысты географияны оқыту ісінің өзектілігі де өсіп келеді. Сондықтан да Ұлттық олимпиада оқушылардың география пәніне деген қызығушылығы мен ынтасын арттыруды, сондай-ақ бұл пәннің мектептегі мәртебесі мен беделін көтеруді көздейді.

 Олимпиадаға қатысу жасөспірімдерге зерттеу дағдыларын дамытуға және білімін тереңдетуге мүмкіндік береді, таным көкжиегін кеңейтіп, ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықтарын оятады. Өйткені, олипиада барысында оқушылар тест сұрақтарыман жауап беруден бөлек, мектепте алған білімдерін іс жүзінде қолдануды қаншалық меңгергенін анықтайтын даладағы практикалық тапсырмаларды да орындап жарысады. Осы тапсырмалардың жиынтығы негізінде қазылар алқасы балаларды бағалап, жүлделі орындарды анықтады. Бұл орайда, оқушыларды жай ғана дипломдармен ғана марапаттап қоймай, бірінші, екінші және үшінші орындарға тиісінше Apple Ipad, смарт-сағат, сымсыз құлаққап сияқты бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жүлделі орындарға ілікпеген қатысушылар да «тойдан – тобықтай» кәдесімен ынталандыру түріндегі сыйлықтарға ие болды.

Биыл үшінші рет өткізілген ұлттық олимпиаданың тағы бір ерекшелігі – финалға шыққан балалар география пәнінен Тайландта өтетін Азия чемпионатына жолдама үшін қосымша тест тапсырды. Үздіктің аты – үздік. Олимпиададан бірінші орын алған Алматы қаласынан келген Білім және инновация мектебінің 8-сынып оқушысы Ерік Ерлан бұл жарыста да үздік шығып, Тайландқа жолдаманы иеленді. Аталған компания Тайландқа баратын оқушы мен алып жүретін бір адамның жол қаражатын көтеруді де өз міндетіне алып отыр. 

Айта кету керек, олимпиадаға Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, сондай-ақ National Geographic Qazaqstan журналының редакциясы әдістемелік және мазмұндық қолдау көрсетіп келеді. Олимпиаданың финалы екі кезеңнен – тест тапсырмаларынан, мультимедиалық және далалық жұмыстардан тұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға