Жаңалықтар

Ұлттық нейрохирургия орталығында күрделі ми ісігі сәтті алынды

15.05.2025 16:55 393
Ұлттық нейрохирургия орталығында күрделі ми ісігі сәтті алынды

Ұлттық нейрохирургия орталығына Динара есімді пациент қатты бас ауруы, есту және көру қабілетінің төмендеуі, жүрістің тұрақсыздығы мен жалпы әлсіздік шағымдарымен жүгінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

МРТ нәтижесінде ми бағанының қысылуымен оң жақ мишық көпірінің көлемді ісігі және қайталама окклюзиялық гидроцефалия белгілері анықталды. Бұған дейін Динара туыстарының кеңесімен Өзбекстанның Ташкент қаласында емделіп, оң жақ желке сүйегінің краниоэктомиясы мен ісіктің субтотальды микрохирургиялық алынуын өткізген. Емдеуге және дәрі-дәрмекке ол өз қаражатынан 2,5 млн теңге жұмсады. Алайда ісік толық алынбағандықтан, оған Гамма пышақ арқылы емді жалғастыру ұсынылған еді.

Уақытша жақсарғанымен, пациенттің жағдайы қайта нашарлап, көру қабілеті күрт төмендеді. Радиохирургиялық емдеуге үмітпен Динара Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгінді. Бірақ жаңа МРТ нәтижесі ісіктің көлемі 5,03×4,58×3,71 см дейін өскенін көрсетті, сондықтан Гамма пышақпен емдеу мүмкін болмады. Пациент тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (МӘМС) аясында квота бойынша емдеуге жатқызылды.

Ұлттық нейрохирургия орталығының тәжірибелі командасы күрделі операция жүргізді: желке сүйегінің рекраниотомиясы жасалып, интраоперациялық нейромониторинг қолдану арқылы оң жақ акустикалық шваннома толық микрохирургиялық жолмен алынды. Операция сәтті өтіп, кейінгі кезеңде неврологиялық бұзылыстар байқалмады. Динара тез қалпына келіп, палатаға ауыстырылды.

Астанада осындай ірі клиника бар екенін білмеппін. Егер бірден осында келгенімде, үлкен шығындар мен қайта операциядан аман қалар едім. Операциядан кейін әлсіздік жойылып, жағдайым айтарлықтай жақсарды, — деді пациент.

Операцияны білікті нейрохирургтар Айдос Молдабеков пен Айдос Құрманахунов жүргізді. Мамандар атап өткендей, ісіктің сәтті алынуы заманауи жабдықтың, дұрыс хирургиялық тәсілдің және жоғары кәсіби шеберліктің нәтижесі. Ұлттық нейрохирургия орталығы кезекті рет дәлелдеді: Қазақстанда жоғары технологиялық әрі тиімді нейрохирургиялық емдеу квота арқылы қолжетімді және сапасы халықаралық деңгейге сай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға