Қазақстанның көрнекті кинорежиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеп, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ардақ Әмірқұлов 1955 жылы 10 желтоқсанда Жамбыл облысы Талас ауданындағы Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1977 жылы педагогикалық институтты тәмамдап, еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында бастады. Кейін Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының режиссерлік факультетін аяқтап, кәсіби кино режиссурасы бойынша білімін жетілдірді.
1992-2002 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының директоры қызметін атқарып, отандық кино өндірісінің дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар театр және кино саласындағы жоғары оқу орнында дәріс беріп, профессор ретінде жас мамандарды тәрбиелеуге атсалысты.
Ардақ Әмірқұлов қазақ киносының жаңа толқынын қалыптастырған режиссерлердің бірі саналады. Оның шығармашылығы тарихи тақырыптарды, ұлттық құндылықтарды және адам тағдырын терең бейнелеуімен ерекшеленді.
Режиссердің шығармашылық жолындағы ең маңызды туындылардың бірі - «Отырардың күйреуі» фильмі. Ардақ Әмірқұлов көзі тірісінде бұл картинаны әр көрген сайын түсірілім кезіндегі ауыр кезеңдер есіне түсетінін айтқан еді.
"Отырардың күйреуін" көрген сайын басымызды бәйгеге тіккен тұсы көп болған екен ғой деп ойлаймын, - деген болатын ол сұхбаттарының бірінде.
Ардақ Әмірқұловтың айтуынша, фильм кейін әлемдік кино классигі Мартин Скорсезе құрған The Film Foundation қорының назарына іліккен. Қор туындыны қалпына келтіріп, Нью-Йорктегі фильмотека қорына енгізуді ұсынып, халықаралық фестивальдерде Мартин Скорсезенің қолдауымен көрсетуге бастамашы болған. Осы бастаманың арқасында режиссер Канаданың беделді кинофорумдарының бірінде өз фильмін қайта таныстырған.
Ол сондай-ақ «Отырардың күйреуі» тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылғанын еске алған. Алайда сол кезеңде халықаралық киноиндустрияның талаптары мен насихаттау тетіктері толық меңгерілмегендіктен, фильмнің мүмкіндігі толық ашылмағанын айтқан.
Режиссердің естеліктерінің бірі фильмнің қалай аяқталғанына қатысты болды. Оның сөзінше, түсірілім барысында қаржы тапшылығы салдарынан жұмыс бірнеше рет тоқтап, кейін мемлекет қаржыландыруды мүлдем доғарған. Сол кезде жаңадан құрылған жекеменшік банктердің бірінен несие алып, фильмнің авторлық құқықтарын сатып алу арқылы картинаны аяқтауға мүмкіндік туған. Содан бері «Отырардың күйреуі» толықтай өзі құрған «Ардфильм» киностудиясының меншігіне өткен.
Ардақ Әмірқұлов бұл фильмді тек шығармашылық жетістік емес, қиындықпен келген үлкен өмірлік тәжірибе деп бағалайтын. Оның айтуынша, дәл осы туынды қазақ киносын халықаралық деңгейде танытуға жол ашқан ең маңызды жұмыстардың бірі болды.
Режиссердің ең танымал туындыларының қатарында «Абай» (1995) және Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде түсірілген «Қош бол, Гүлсары!» (2008) фильмдері бар. Әсіресе «Отырардың күйреуі» картинасы халықаралық кино қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар беделді марапатқа ие болды.
Ардақ Әмірқұловтың еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Сонымен қатар Монреаль халықаралық кинофестивалінің ФИПРЕССИ жүлдесіне ие болып, 2005 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2016 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Ардақ Әмірқұлов режиссерлік шығармашылығымен қатар ұлттық кино мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан ұстаз әрі ұйымдастырушы ретінде де ел есінде қалды. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде қазақ кино өнерінің дамуына еңбек етіп келеді.
Белгілі режиссердің өмірден өтуі – қазақ мәдениеті мен кино өнері үшін орны толмас қаза. Оның шығармашылық мұрасы ұлттық кинематография тарихының маңызды бөлігі ретінде келер ұрпаққа рухани құндылық болып қала береді.