Жаңалықтар

Ұлттық кеңес мүшесі: Шалғай ауылдағы жағдай мәз емес, әйелдер үйде босанып жатыр

Ұлттық кеңес мүшесі: Шалғай ауылдағы жағдай мәз емес, әйелдер үйде босанып жатыр
Фото: Жеке мұрағаттан 12.08.2023 10:24 934

Мемлекет пен қоғам бірлесе атқарып жатқан шаруа аз емес. Соның бірі – отбасылық және гендерлік саясат, ана мен баланы қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган – Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшелері еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жер-жердегі ахуалмен жіті танысып қайтты. Ұлттық Кеңестің және осы комиссияның мүшесі Тоғжан Қожалы Ұлытау және Түркістан облыстарын аралап, түйген ойы жайында El.kz-ке сұхбат берді:   

El.kz: Отбасылық және гендерлік саясат, ана мен баланы қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам үшін өте маңызды мәселе. Аймақтарды аралап, ахуалды көзбен көріп қайттыңыз. Комиссияның осы сапардағы негізгі көздеген мақсаты қандай болды? 

Тоғжан Қожалы: Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшелері жазғы демалысымызды пайдаланып, аймақ-аймақтарды аралап шықтық. Бірі – Жетісуға, бірі Маңғыстауға кетті. Өз басым, Ұлытау мен Түркістан облыстарына бардым. Екі аймақтағы сапарымның мақсаты екі түрлі болды.

Ұлытауда әйелдер мен балалардың жағдайын қарастырдық. Әлеуметтік мәселелер бойынша, жергілікті тұрғындармен, үкіметтік емес ұйымдармен және әкімшілік өкілдерімен кездесіп, пікір алмастық. Әйелдердің дағдарыс орталығына да бардық. Ұлытау, Сәтпаев, Жаңаарқа және түкпірдегі ауылдарды да аралап көрдік. Шалғайдағы Қызылжар, Кенжебай және Еремеевка ауылдарының тұрмыс-тіршілігімен таныстық. Бір күннің ішінде 600 шақырым жер жүрдік.

Еl.kz: Аталған бағыттағы мемлекет саясатының қалай жүзеге асып жатқанын тексеріп қайттыңыздар ма?

Тоғжан Қожалы: Аймақтағы әйелдердің жағдайының қалай екенін өз көзімізбен көрдік. Дағдарыс орталықтарын тексердік. Олар аз қаржы алып жатқан жоқ. «Бұл орталықтар шын мәнінде жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па? Әйелдерге көмегі бар ма?» дегендей. Бұл сапарды ревизия деп атаса да, болады.

Сонымен қатар, ауылдық жердердегі әйелдердің тұрмыс-тіршілігін білдік. Оларға мемлекет тарапынан қарастырылған көмек – жеңілдіктер, кредиттер мен несиелер бар екенін түсіндірдік. Көкейлеріндегі сұрақтарға жауап бердік. Содан түйгеніміз, шешімін таппаған бірсыпыра әлеуметтік мәселе бар екен. Мәселен, көп ауыл интернетпен қамтамасыз етілмеген. Интернет түгілі, көп ауылдарда дүкен, дәрігер, электр қуаты да атымен жоқ. Соның кесірінен шалғайдағы ауылдардағы әйелдер үй жағдайында бала босанып жатыр. 200 шақырым жердегі орталыққа тек таксимен жетуге болады екен. Екі араға қатынайтын қоғамдық көлік – автобустар да жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаса, дәрі-дәрмек ала салатын дәріханалардан да құр алақан. Алыстағы ауылда жағдай мәз емес. Малы бар, жағдайы бар, бірақ жайлы орта жоқ. Дәрігер жоқ болған соң, өзін-өзі емдеуге мәжбүр.

Еl.kz: Ана мен баланы қорғау туралы жиі сөз болып жүр. Мемлекеттік саясат бар. Ал шалғайдағы ауылда әйелдер үйде босанып жатса, бұл нені көрсетеді?

Тоғжан Қожалы: Қағаз жүзінде бәрі жақсы. Іс жүзінде әйелдерге қолайлы жағдай керек. Ауылдарға ең алдымен дәрігер қажет. Жарық сөніп қалса, қосалқы қуат көздері жетіспейді. Үш ауданға бір участкелік полиция бар. Аудандардың арасы – 200 шақырым. Аптасына бір рет қана келеді. Бірақ, құдайға шүкір, бұл аудандарда қылмыс жоқтың қасы.

Жергілікті халық дәрігерге, дүкенге бару секілді қарапайым қолайлы жағдайды қалайды. Керек-жарағын алу үшін дүкенге айына бір рет қана жеке көліктерімен барады екен. Ең жақын дүкен 200 шақырым қашықтықта.

Еl.kz: Демек, әйелдердің, ана мен бала құғынын жеткілікті дәрежеде қорғай алмай жүрміз бе? Бұл қосымша шараларды талап ете ме?

Тоғжан Қожалы: Ана мен баланы қорғау өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды талап етеді. Участкелік полиция болмаса, олардың құқығын кім қорғайды?

Еl.kz: Ал оңтүстіктегі ахуал қандай?

Тоғжан Қожалы: Оңтүстікте балалар лагерьлерін тексеруге бардық. «Балалар қандай лагерьлерге барып, демалып жүр?» деген сауалға жауап іздедік. Масқара жағдайлар аз емес. Санитарлық эпидемиологиялық талаптар бойынша, лагерьде 200 бала демалуы керек болса, іс жүзінде олардың саны 300 баладан асып жығылған. Тексеру кезінде 90 балаға арналған лагерьде 280 бала болғаны анықталды.

Еl.kz: Бұған сыбайлас жемқорлық түрткі болып отыр ма?

 Тоғжан Қожалы: Жоқ, қазір кәсіпкерлікті тексеруге мораторий қойылған. Оларды лагерь маусымы алдында ғана тексереді. Адам жоқ кезде. Әдемі жерлерін көрсетіп, көзбояушылық жасайды. Маусым басталғанда, ешкімді кіргізбейді. Құзырлы органдардың тексеруге құқығы жоқ.

Бір лагерьде матрастарды төсеп, балаларды жерге жатқызып қойғанын да көрдік. Кез келген ашық жерге орналастырып жатыр. Бұл – лагерьге балаларды демалдыру, тамақтандыру нормасын өрескел бұзу. Көп лагерьде өрт сөндіру қауіпсіздігі сақталмаған. Сигнализация жүйесі де орнатылмапты.

Еl.kz: Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамды тіксіндіріп отыр. Мұндай деректер ақпарат құралдарында жиі кездестіретін болдық. Дағдарыс орталықтарында болып, көзіңізден көріп қайттыңыз. Бұл жөнінде қандай пікір айтар едіңіз?

Тоғжан Қожалы: Рас, бізде дағдарыс орталықтары көп ашылды. Десе де, үйлестіру мәселесі ақсап тұр. Әр үкіметтік емес ұйым өзімен-өзі жұмыс істеп жатыр. Олар участкелік полицияға хабарласады. Учаскелік полиция қай үкіметтік емес ұйымды білсе, «көмек көрсете алады» деп соған жібереді.

Мысалы, Сәтпаевта бір дағдарыс орталығын көрдім. Керемет жұмыс істейді. Қала әкімінің орынбасары әйел адам болғандықтан ба, сын таға алмайсыз. Бұл орталық теперіш көрген аруларға заңдық тұрғыдан кеңес береді. Әйелдер шағым айтып келсе, қылмыстық іс ашқызады. Түрлі кеңес береді.

Жақында мынадай бір оқиға болыпты. Ер кісі әйелін үйінен қуып, далада қалдырған. Ол адамның басында үш үйі бар екен. Орталық соттасып жүріп, әйелге үш үйдің бірін алып берді. Әйелдерге солай қолғабыс етіп жүр. Орталықтың жатын орындары, асханасы және басқа да орынжайлары бар. Әдемі салынған. Осындай орталықтардың көп болғаны жөн. 

Еl.kz: Сіздің ше, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп-тамыры қайда жатыр?

Тоғжан Қожалы: Статистикаға сүйенсек, әйеліне, бала-шағасына зәбір көрсететін еркектердің 90 пайызы – жұмыссыздар. Жасыратыны жоқ, жұмысы жоқ, тұрмысы төмен еркектердің арасында бұл көрсеткіш артып тұр. Әлеуметтік жағдайдың нашарлауынан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың елеулі түрде көбейгені байқалады.

Еl.kz: Зорлық-зомбылықтың бір ұшы әлеуметтік жағдайға келіп тіреліп тұрғаны ма?

Тоғжан Қожалы: Әрине, бірінші фактор – жұмыссыздық. Сонымен қатар, жарына қол көтеретіндердің көбі – білімі жоқ адамдар екен. Бізге отбасы идеологиясы керек. Мәселен, Сәтпаев қаласындағы орталық отбасы құндылықтарын насихаттайтын түрлі шаралар жүргізеді. Соның арқасында ажырасу едәуір азайыпты.

Еl.kz: Демек, бұл – осы бағыттағы мемлекеттік саясат көп нәрсеге, тұрмыстағы келеңсіздікке де ықпал ете алады деген сөз. Мұнымен келісесіз бе?

Тоғжан Қожалы: Әрине, келісемін. Отбасы жөнінде идеология, үгіт-насихат керек.

Еl.kz: Мемлекетіміздің отбасылық саясаты бар. Отбасын «шағын мемлекет» деп те атап жүрміз? Отбасы құндылығы жөнінде саясат қалай құрылуы тиіс? 

Тоғжан Қожалы: Отбасы деген – екі адамның немесе мінездердің қосылуы ғана емес. Отбасындағы екі жұп та осы бағытта жұмыс істеуі тиіс. Психологиялық тұрғыдан.

Қазіргі жастар үйленуге жеңіл қарайды. Үйленіп, артынша ажыраса салуға бейім. Жауапкершілік, отбасылық құндылық деген ұғымдарды бойына сіңірмеген. Мемлекет тарапынан насихат жүргізілсе, басқаша болар еді. Отбасын бұзатын нәрсе – енелердің жастардың өміріне араласуы. Көбіне, оңтүстіктегі келіндердің мәртебесі күңмен бірдей.

Еl.kz: Соңғы деректерге қарағанда, жан басына шаққанда ажырасу жағынан әлемнің алдына түсіп кетіппіз. Бұл да отбасы институтын қожыратып алғанымызды байқата ма?

Тоғжан Қожалы: Қазір отбасын құру мәселесі ақшаға келіп тіреледі. Әсіресе, оңтүстікте «қалың малы қанша болды? Құдалық қашан болады?» деген сауалдардың төңірегінде көп әңгіме өрбиді. Отбасының не екенін жастарға дұрыс түсіндірмейді. Шаңырақ көтеру, ең алдымен, жауапкершілік. Ұлттық идеологияда да ештеңе айтылмайды.

Айталық, Жапонияда ажырасқан адамдарды қызметке алмайды. Мәнсабын өсірмейді. Бұл да отбасына жауапкершілікпен қарауға итермелейтін тетік.

Еl.kz: Кеңес одағы тұсында да ажырасқан адамдарға партиялық мәнсабын аяқтауға тура келетін еді. Мұндай тәсілдерді қайта жаңғырту керек деп есептейсіз бе, сонда?

Тоғжан Қожалы: Керек. Жапониядан үлгі алуға болады деп есептеймін. Қазір қоғамда «тоқал» деген әңгіме жиі айтылады. Әйелдің қадірін қашыру, құнын түсіру, рөлін төмендету қоғамда басым болып барады.

Ұшақта көзі ашық, бизнесі бар бір жас жігітпен таныстым. Оның пікірінше, қыз алып қашудың ешқандай сөгеттігі жоқ екен. «Қыз үйленуге келіспесе, мен оған қалай үйленемін? Ұрлап аламын», - дейді әзіл-шынын араластырып. «Біреудің қызы емес пе?  Ол жағын неге ойламайсыз?» – деп дау айтып едім, сонда ғана ойланып, пікірінен бас тартқандай болды.

Еl.kz: Еліміз гендерлік саясатты қолға алып жатыр. Мемлекеттік қызметте, парламентте болсын, әйелдердің санын ерлермен теңестіруге күш салып жатыр. Десе де, қоғамда гендерлік саясатқа қарсылар аз емес секілді...

Тоғжан Қожалы: Меніңше, гендерлік саясат жөнінде әйелдерге емес, ер кісілерге насихат жүргізіп, тәрбиелеу қажет. Прокурорлармен әңгіме-дүкен құрған кезімде, бұған нақты көз жеткіздім. Олардың өз чаты бар. Түрлі деректер жарияланады. Ұлтымыздың соншалықты азғындап кеткенін көріп, прокурорлардың төбе шашы тік тұрып жүр. Әкесінің өз қызын немесе өгей қызын зорлау тым көп кездеседі екен.

Жақында жаға ұстатар бір оқиға болды. 2009 жылғы қызды туған әкесі 2016 жылдан бері зорлап келіпті. Ұлты – қазақ. Бұл не масқара! Кейде ер адамдарды психологиялық тұрғыдан зерттеу керек секілді көрінеді.

Еl.kz: Ағартушылық жұмыстар жүргізу керек пе?

Тоғжан Қожалы: Иә, ағартушылық жұмыстар керек. Содан кейін мектептерде, жоғары оқу орындарындарда ер мұғалімдер мен оқытушыларды көбейту қажет. Қазір ер адамдардың көбі әйел мінезді болып кетті. Өкпешіл, күйзелісті көтере алмайды.

Неге? Өйткені, тәрбие саласында тек қана әйелдер қалған. Мектеп директорларының дені – әйелдер. Квота жасап, ер адамдарды білім саласына тарту қажет. Ұл балаларымыз ер мінезді болып өсуі керек.

Еl.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға