Жаңалықтар

Ұлттық идеологияға жаңаша көзқарас керек – Сәбит Досанов

Жазушы Сәбит Досановпен сұхбат
Ұлттық идеологияға жаңаша көзқарас керек – Сәбит Досанов
Фото: adebiportal.kz 09.11.2022 11:52 2080

Алтын кездік қап ішінде жатпайды,

Алау күнсіз таң да ерте атпайды.

Сіздің өмір шежіре ғой қатпарлы,

Шежірені келер ұрпақ хаттайды.

Әдебиеттің әлемісіз бүгінде,

Көтергенсіз үлкен істің жүгін де.

Дағдарысқа қарсы тұрған дауылдай

Оны-дағы еңсергенсіз түбінде.

Бұл ақын Бақытжан Тобаяқовтың,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, жазушы Сәбит Досановқа арнаған өлең өрнегі.

Сәбит Досанов  1940 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Сәбең 26 жасында «Қайырлы таң» атты әңгімелер жинағын жарыққа шығарды. Көп ұзатпай «Соны іздер» атты әдеби-зерттеу еңбегін жариялады. Кейін көркем жанрға бет бұрған Сәбит Досанов қазақ әдебиетіне қомақты да сүбелі туындылар  тарту етті. Біз орайы келгенде жазушыны әңгімеге тарттық.

- Сәбит аға! Қоғамдық саланың айшықты саласы-әдебиет деп жатамыз. Өйткені, әдебитшінің құралы-тіл. Ендеше, көркем әдебиет дегенді қалай түсіну керек?

- Көркем әдебиет еш уақытта өлмейді. Ол өлсе өмір өледі. Көркем әдебиет өмірдің өзегі деп түсінуіміз керек. Жалпы көркем әдебиет қандай денгейде болса, халықтың рухани денгейі сондай болады. Бір данышпанның айтқан сөзі бар: -Көркем әдебиет жас баланы мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін тәрбиелейді,-деген. Наполеон жазыпты: -федолизмді құлатқан зеңбірік, ал адамзат қаламға тәуелді,-деп. Менің ойымша қаламнан күшті қару жоқ.

- Ресей Мемлекеттік  сыйлығының иегері, ақын Олег Шестинский:  «Сәбит Досановтың романы өте қызық, өткір, талантты. Өткір болып, дарынсыз болса – бұл үгіт. Егер ол талантты болса, оның зымырауы жақсы болса, бұл – әдебиет!»-деп сіздің романдарыңызға баға берген. Жалпы оқырман сіздің «Қыран қалғымайды» атты повестер жинағы мен «Тау жолы», «Екінші өмір» атты романдарыңыздың асқан шабытпен жазылған құнды еңбектер екенін жақсы біледі. Өмірдің өзекті мәселелерін көтерген «Жер тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар адамдар» және «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» атты шығармаларыңыз да сізді көркем сөздің шебері ретінде танытты. 

- Мен соңғы кезде  жиырмасыншы ғасырдың шындығын жазуға бар күш-жігерімді жұмсап жүрмін.  Келешек ұрпаққа қазақтың дала өмірі және оның өмір сүру  танымын танытуымыз керек. Жалпы тұтас бір ұлттың соқтықпалы соқпақтағы соры мен парасат-пайымына көз жеткізбей, рухани өріс іздей алмаймыз. Сондықтан да, мен көп шығармаларымда адамдар мен туған жер тағдырын өзара үндестіремін. Тарихи шығармаларыма шындық берем. Рас, кешегі кеңестік дәуірде тарихи тақырыптарды жазу қиын болды ғой. Коммунисттік идиология шындықты айтқызбады. Бірақ, сол заманның өзінде батыл да, қайсар тарихшылар мен жазушылар шықты. Мысалы, Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» атты 4 томдық роман жазды. Қудаланды, қаншама таяқ жеді, бірақ қайтпады. Мұхтар Мағауин да жазды, Әбіш Кекілбайдың да құнды тарихи еңбектері жарық көрді. Тәуелсіздік алғаннан кейін біраз тарихи шығармалар жазылды. Тарих дегенің қатпар-қатпар, жердің қыртыстары сияқты тереңде жатыр ғой. Оның бәрін бірден игеріп алу қиын. Бұл тарихи тақырыпта істелген жұмыс аз емес. Істелетін жұмыстар одан да көп. Қадыр Мырзалидің айтқаны бар ғой:. Тарихымыз  қап-қалың, оқулығы жұп-жұқа,-деп. Сол жұп-жұқа оқулықты толтыру бағытында тарихшылар да, жазушылар да әлі де еңбек сіңіру керек.

- Сәбит аға! Сіз қазақ әдебиетіндегі берекелі биікті бағындырған жазушылардың бірісіз. Өзінше бір құбылыссыз. Сіздің таптаурындықтан ада «ХХ ғасыр» романыңыз  қазақ тағдырына тән шынайы шындықтың шырағын жаққандай. Солақай саясаттың салдарынан шаң басқан сөрелерде сақталған ақиқатты сөйлеттіңіз. Осы романыңыз арқылы қазақ халқының қаһармандығы мен саясат езгісінде езілмеген еңсесін таныттыңыз. Осы романды жазуға не түрткі болды?

- Біз арғы тарихты жазуда адасуымыз мүмкін. Ал, ХХ ғасырды көрдік ғой, ақиқатын ақтара аламыз. Бұл ғасыр қазаққа қасірет әкелген ғасыр. 4 томдық  «ХХ ғасыр» роман-эпопеямда қазақтың осы ғасырдағы ащы шындығын жаздым. Бұл еңбегімді ақ патшаның тұтас бір ұлтқа жасаған қиянатынан бастадым. Мұрағаттан табылған бір фактіні ғана келтірейін. Сол заманда Батыс Қазақстаннан сайланған Думанның депутаты Бақытжан Қаратаев бір үлкен жиында сөз сөйлеп, патшаның отаршылдық саясатын сынға алады. Құжатқа түскен Б.Қаратаевтың сөзін В.Ленин қолдап, қазақ дұрыс айтып отыр, патша саясаты дұрыс емес,- деп қолдау білдірген. Тарихи дәлел бар, патшаға қарсы күрес ең алдымен Торғай даласында басталған. Патша әскер жіберіп басқан оны. Мұндағы сұрқия саясат сол, қазақ жерін алумен қатар шіркеулерін сала бастағандығы. Міне, осындай әділсіздіктерді қазақ қайраткерлері талай рет сынға алған. Осы оқиғаларды көркем оброздармен жеткізуге тырыстым. Бұл еңбегім мемлекеттің сыйлықты алды.  

- Ресейлік академик Феликс Кузнецов: «ХХ ғасыр» романы тек талантты ғана емес, бізді, орыстар мен қазақтарды біріктіруші шығарма. Бұл монументті шығарма…,-деп баға бергені бізге белгілі. «Литературная газета» бас редакторы Юрий Поляков: Сәбит Досанов «ХХ ғасыр» романында өз халқының тарихи шытырман өміріне еніп, ел-жұртының жан дүниесін, арман-үміттерін әдемі үлестіре білген,-деп жазса, ал академик  Валентин Осипов:  Сәбит Досанов-көрнекті суреткер. Оның «ХХ ғасыр» романы-эпикалық сурет, прозадағы поэма іспеттес…,-дегенін оқығаным бар. Сіз бір сұхбатыңызда ұлтымыздың сүттей ұюы керек екенін айтып, ұлттық идеологияның қалыптастыру маңызды депсіз. Сонда қазіргі идеология қандай болғанын қалайсыз?

 - Тәуелсіз еліміздің идеологиясы бір ізге түспей жатыр. Кешегі кеңестік идеологиядан бас тартық, бірақ орны бос тұр. Мән бермей жүрміз. Мен үнемі айтып та, жазып та жүрмін. Ауылдарды көп аралаймын, сонда сол баяғы жалаң ұрандарды жиі көрем. Сол үшін қаншама қаржы жұмсалады. Қазір халықтың сана-сезімі өсті ғой. Бұрынғы ұрандар кәдеге жарамсыз. Жаңа бағыт керек. Бұрынғы коммунистік ұрандарды қазақшалап өзгерте салғаннан идеология жақсармайды. Қазір құраннан алу керек. Онда қазақтың қанына жат емес небір аяттар бар. Одан кейін ұлы Абайдың сөздері. Ол дегенің тұнып тұрған идеология ғой. Сөйтіп, бір негізі бар идеология жасау керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да халық қабылдап жатқан қанатты сөздері бар.  Ол неге жазылмайды. Біз билік болып, халық болып жаңа Қазақстанның жаңа идеолгиясын жасауымыз керек.

 - Сәбит аға! Сіздің романдарыңыз-эпопея деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Мұқабасын ашсаң өзгеше бір әлемге тап боласың. Адамдық болмыстың ауылын аралайсың. Адам мен табиғат тұтастығын танисың. Жазушы ретінде тіл мәселесі жайында не айтар едіңіз. Қазір қазақ тілін кемсітетіндер көбейіп кеткен сыңайлы.

 - Тіл мәселесі жанымды ауыртатын мәселе. Өз ана тіліңді өзің құрметтемесең, өзің сөйлемесең оны әрине кім көрінген кемсітеді. Оған ашуланудың қажеті жоқ, алдымен кінәлі өзіңнен ізде. Тілді жетілдіру керек деп құр айқаймен жүзеге асыра алмайсың. Өзіміз сөйлеуіміз керек. Қазақ тілді жандар көбейсе тіл өзінен өзі дамиды. Қазір үкімет жақсы қадамдарға барып отыр. Қазақ тілін білмесең Қазақтан азаматтығын алу оңай еместігі де айтылды. Мемлекеттік тілді дамытуға қомақты қаржы да бөлініп жатыр. Енді не керек. Қазақ қазақша сөйлеуі керек ғой. Өзіміз құрметтесек, өзгелер де қадырлейді емес пе!?  Алдымен қазақ тілі кедей деген ұғымнан арылуымыз керек. Біздің тіл әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Жазушы Герольд Бельгер жазушы Шекспирдің бүкіл шығармаларындағы сөздің қоры 15 мыңға жетпейтіндігін, ал Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағы» сөздік қоры 16 мыңға жуықтайтындығын айтты емес пе. Ендеше қазақ тілін неге кедей дейміз.  

 - Сәбит аға!  Сіз «Ақ аруана» атты шығармаңызбен киелі  сөз өнерінің қақпасын қаққандайсыз.   Кезінде сіз жайында Сәбит Мұқанов:-әдебиетімізге болашығынан үлкен үміт күттіретін жазушы келді,-деп жазған болатын. Бұл пікірді Ғабит Мүсіріпов, Сейітжан Омаров, Мұхамеджан Қаратаев, Темірғали Нұртазиндер де қолдап еді. Бүгінде қырықтан астам кітап жаздыңыз. Осының бәрі ізденістің жемісі ме?

- Өмірде өз ұстанымым бар. Оның бірі-адалдық, екіншісі-тынымсыз еңбек. Өзің адал еңбек етсең, жүрегің ақ болса әйтеуір бір биікке шығасың. Ол өмірде дәлелденген қағида. Еңбексіз, адалсыз ешқандай жетістік жоқ.  Адам арамдық, қулықпен уақытша жеңіске жетуі мүмкін, бірақ ұзаққа бармайсың. Біз бір нәрсені ұмытпауымыз керек, адамдарды алдауға болады, бірақ көктегіне көндіре алмайсың. Алла әмірінсіз ештеңеде болмайды. Құдайдың құдіретінсіз қурайда сынбайды.  Сондықтан да адалдықты ту ету керек. Өз ортаңда, ел алдында бедел, аброй болады.

- Сіз бүгінде мәртебелі әдебиеттен өз орнын ойып тұрып алған көркемсөз шеберісіз. Көпті көрген, көп оқыған жазушы ретінде жастарға не айтасыз?

- Қазіргі қоғамда қазақ жастарының ұстанған мақсаты-ұлттық рух болуы керек. Әр санада ұлттық рух жаңғырып тұрғаны абзал. Жеке бастың қамын ойлаған жастары бар елдің оңғаны шамалы. Қоғамың әр мүшесі өз туған жерінің, өз отанының арқайсүйері. Яғни, қоғам гүлденіп тұрса, сен де бақыттысың. Қазақстан – ол біздің бақыт ордамыз. Ол орданың жастары білімді, өзінің ұлттық құндылықтарын қадырлей алатын ұрпақ болса, еліміз өркендейді. Өзге елдер бізбен санасатын болады. Біздің бойымызда тамаша қасиеттер бар. Ол кеңпейліділік, өрлік, ауызбіршілік. Осы құндылықтардан безінбеу керек.

- Сәбит аға, әңгімеңізге рақмет!

«Тәуелсіз елде өмір сүргеннен асқан бақыт жоқ»,-дейді Сәбит аға. Сәбит Досанов қазақ  әде­биетіндегі  классик жазушы­лардың заңды жалғасы! Ол – «Ақ аруана» һәм «Ақбас бүркіт» – мейірімді де қайырымды, жан-жағына шапағат нұрын шашқан, жүрегі махаббатқа толы жазушы. Сонысымен бірге анық та ашық, батыл да қайратты қалемгер!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға