Ұлттық ғылым академиясы әлемнің жетекші ғалымдарын шетелдік мүше етіп сайлады

Ұлттық ғылым академиясы әлемнің жетекші ғалымдарын шетелдік мүше етіп сайлады
Фото: qazscience.gov.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды қадам жасады.

Академияның 2026 жылғы 18 тамыздағы №5 Жалпы жиналысының шешімімен әлемдік ғылыми қауымдастықта танылған бірқатар ғалым Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының шетелдік мүшелері болып сайланды.

Бұл шешім Қазақстан ғылымын жаһандық ғылыми кеңістікке одан әрі интеграциялауға, халықаралық ғылыми серіктестікті дамытуға және озық білім мен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндік береді.

Академияның шетелдік мүшелері қатарында әлемдік деңгейдегі жетекші ғалымдар бар.

Музаффер Шекер – Muzaffer Şeker (Түркия) – Түркия ғылым академиясының (TÜBA) президенті, PhD, профессор. Ол қан тамырлары, сүйек тіндері, нейроанатомия және ұрық анатомиясының морфометриялық зерттеулері саласындағы жетекші ғалымдардың бірі.

Наджат Мохтар – Najat Mokhtar (Марокко) – МАГАТЭ Бас директорының орынбасары, PhD. Ғалым эндокринология, метаболизмдік бұзылыстар және клиникалық нутрициология бағыттарында зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар медицинада ядролық және изотоптық технологияларды қолдану саласында маманданған.

Кай-Фу Ли – Kai-Fu Lee (李開復, Қытай) – Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, PhD. Ол жасанды интеллект, тілтану және компьютерлік лингвистика саласындағы танымал маман.

Саймон Гриффитс – Griffiths Simon (Ұлыбритания) – Джон Иннес орталығындағы (JIC) бидай генетикасы және алдын ала селекция тобының жетекшісі, PhD. Ғалым генетика мен селекция саласында маманданған. Ұлыбританиядағы генетикалық, геномдық және селекциялық зерттеулердің жетекшілері мен үйлестірушілерінің бірі.

Академия өкілдерінің айтуынша, жаңа шетелдік мүшелердің ғылыми қауымдастыққа қосылуы Қазақстанның халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, олардың қатысуымен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру көзделіп отыр.

Ұлттық ғылым академиясы алдағы уақытта халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Оқи отырыңыз