Жаңалықтар

Ұлттық экономика министрі Доссор ауылының тұрғындарымен кездесті

Ұлттық экономика министрі Доссор ауылының тұрғындарымен кездесті
Фото: gov.kz 01.08.2023 04:27 678

Кездесу барысында тұрғындар жолдарды қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыру, халықты баспанамен қамту мәселелерін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олардың айтуынша, ескі және апатты жағдайдағы, сондай-ақ өртеніп кеткен үйлердің орнына жаңа баспана салуға қаржы бөлу керек.

Жергілікті бюджет пен демеушілік қаражаты есебінен салынған кейбір үйлердің сапасы төмен: үйлердің төбесінен су ағып, сыртқы қаптамасы бұзылып, түсіп жатыр.

Әлібек Қуантыров облыс әкімдігімен бірлесіп, үйлерді салу және жөндеу шығындарын қаржыландыру әдістерін қарастыратынын айтты.

Бұдан бөлек, жергілікті кадрларды жұмысқа орналастыру мәселесі көтерілді. Тұрғындар ірі ұлттық компанияларға жұмысқа орналасу мүмкін емес деп шағымданды: жұмысшыларды басқа қалаларда орналасқан рекрутингтік компаниялар жалдайды. Сондықтан жергілікті тұрғындар жұмыссыз отыруға мәжбүр.

ҰЭМ басшысы кадрларды жұмысқа орналастыруда басымдық мүмкіндігінше жергілікті мамандарға берілуі тиіс деген пікір білдірді. Оның айтуынша, мамандандырылған кадрлар болмаған жағдайда жергілікті тұрғындарды дайындық курстарынан өткізіп, жұмысқа орналастыруға болады.

Доссор ауылы тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – тұзды сорлардың ашық жатуы. Ол адам денсаулығына өте зиян,-дейді жұртшылық. Сондықтан, тұрғындар тұзды сорды жоюды талап етеді.

Ә.Қуантыров барлық мәселелер жергілікті билік және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылатынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға