«Ұлттың жаманы болмайды»: Жәкішев қызының ұзатылуынан соң сынға жауап берді

 Әлеуметтік желіден
Фото: Әлеуметтік желіден

Белгілі кәсіпкер Мұхтар Жәкішев қызы Алтынайдың шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуына байланысты әлеуметтік желіде туған пікірталасқа қатысты ойын білдірді. Ол үшін басты өлшем ұлт емес, адамның қадір-қасиеті мен қызының бақыты екенін айтты, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

5 маусым күні Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынайдың ұзату тойы өтті. Өз жазбасында ол бұл күннің әрбір әке үшін ерекше екенін атап өтті.

Ұядан ұшқан кішкентай қызыңның есейіп, өмірлік серігін таңдағанын мойындап, тебіренетін сәт, – деп сипаттаған Жәкішев қызы үшін шексіз бақытты екенін айтты.

Алты жылға созылған махаббат хикаясы

Жәкішевтің айтуынша, Алтынай мен Карлдың қарым-қатынасы кездейсоқ шешім емес. Олар алты жылдан бері таныс, ал екі жыл бұрын Карл арнайы Алматыға келіп, қыздың әкесінен рұқсатын алған.

Әкесі күйеу баласының білімін, еңбекқорлығын және өмірлік ұстанымын жоғары бағалайтынын жеткізді. Бірақ, оның сөзінше, ең маңыздысы – Карлдың қызына деген шынайы махаббаты.

Бұл тойдың Жәкішев үшін тағы бір ерекше мәні бар. Себебі үлкен қызы тұрмысқа шыққан кезде ол түрмеде отырған.

Сол кезде әкелік ақ тілегін тек хат арқылы жолдай алған. Ал бұл жолы қызының қуанышында өзі болып, батасын беруге мүмкіндік туған.

Қызыңды өзің ұзатып, жүрекжарды сөздеріңді өз аузыңмен айту - үлкен бақыт, – дейді ол.

Әкесіз өткен балалық шақ

Жәкішев жазбасында қызының қиын тағдырына да тоқталды. Ол қамауда болған жылдары Алтынай әкесіз өсті.

Отбасына жасалған қысымның салдарынан жас қыз туған үйінен жырақтап, бөтен елде білім алуға мәжбүр болған. Соған қарамастан мойымай, мектеп пен университетті аяқтап, кәсіби журналист әрі модель ретінде қалыптасты.

Әкесі қызының жетістіктерін мақтан тұтатынын айтып, оған ең қажет сәттерде жанында бола алмағанына өкініш білдірді.

Әлеуметтік желідегі сынға жауап

Алтынайдың шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуы қоғамда түрлі пікір туғызды. Кейбір желі қолданушылары қазақ қызының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуын сынға алды.

Бұл пікірлерге жауап берген Жәкішев адамның қадір-қасиетін ұлтымен өлшеуге болмайтынын айтты.

Жәкішевтің жазбасындағы ең көп талқыланған ойлардың бірі осы болды.

Маған өз құдаларым ұнайды. Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады, – деп жазды ол.

Оның пікірінше, адамның кім екені шыққан тегінен емес, өмірдегі ұстанымы мен әрекетінен көрінеді. Ол намыс ұғымының да ұлтпен емес, адамның ар-ожданы мен принциптеріне адалдығымен өлшенетінін атап өтті.

Мұхтар Жәкішев Карлдың отбасымен жақын танысқанын да жазды. Оның айтуынша, Ұлыбританияда бірнеше ұрпақтан бері өмір сүрсе де, олар өздерінің ұлттық тамырын ұмытпаған.

Тойға келген туыстары ұлттық киім киіп келіп, өз мәдениетіне деген құрметін көрсеткен.

Сондай-ақ Карлдың әкесі Генриді білімді әрі парасатты адам ретінде сипаттап, онымен әлемдік экономика туралы пікір алмасқанын айтты.

Жәкішевтің айтуынша, ол әрдайым балаларының таңдауын құрметтейді. Өмірде түрлі сынақтан өткен балаларының адамдық қасиеттерін сақтап қалғанын ерекше бағалайды.

Сөз соңында ол жас жұбайларға ұзақ ғұмыр, адал махаббат және бақыт тіледі.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Мухтар Джакишев (@dzhakishevmukhtar)

Оқи отырыңыз