Жаңалықтар

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

Ұлттық дәстүрге жанашыр болып жүрген жандардың бірі – Толғанай  Елекбаева.
Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?
Фото: Нұрбек Әлманбетов 24.12.2016 18:52 14951

Кез келген елдің экономикасы қарыштап дамыған сайын, ұлттық құндылықтары мен ерекшелігі, ұлттық мәдениеті айшықтала түсуі керек.  Мемлекеттілігі нығайған сайын ұлттық өнімі алдыңғы сапқа шығуы тиіс. Ұлттық өнім демекші бізде қазақты әлемге әйгілі еткен қандай ұлттық бренд бар? Мәселен, Германия мен Жапония жалпақ жұртқа көліктерімен танымал, Франция иіссуымен мақтанады, Голландия хош иісті гүлдерімен әйгілі, Үндістан шәйімен, Швейцария сағатымен мәлім. Корея озық технология мен электроника өндірісі арқылы әлемді мойындатса, Қытай көшірмемен әйгілі. Осының бәрін тізбектей келе, Қазақстанда түк жоқ деуден де аулақпыз. Керісінше, қазақ халқында өзге халықта жоқ көп нәрсе бар. Тек сол қазақ ұлтына тән тарихи құндылықтарымызды қастерлеу, дәріптеу, насихаттау әлі де жетісе бермейтін сыңайлы. Қазақстанның брендін жасайтын кім? Әрине ол – қазақ. Бүгінгі жаһандану заманында уақыт талабы өзгерген сайын, ұлттық бояуымызды айшықтайтын, отандық өнімге деген сұраныс артты. Өнімдер де жоқ емес, бар. Ұлттық дәстүрге жанашыр болып жүрген жандардың бірі – Толғанай  Елекбаева.  Қазақтың аяулы қызы осыдан 4 жыл бұрын жүрексінбей көптен бері көкейінде жүрген игілікті істі  қолына алып, көздің жауын алатын, қанық түске малынған алуан түрлі қазақ оюларымен көмкерілген кілемдер өндіруге кірісті.

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

Таза жүннен жасалған оюлы кілемдер моңғолиялық Erdenet Carpet фабрикасында жасалады. Тек еуропалықтар тапсырыс беретін кілем фабрикасына төрт жылдан бері Қазақстаннан да тапсырыс түсіп, ою-өрнектермен әрленген эксклюзивті кілемдер топтамасы өндірілуде. Ұлттық нақыштағы өнімдер еліміздің сауда айналымына енген күннен бастап-ақ қазақ жұртшылығының назарын аударып, қызықтырғаны, тамсандырғаны сөзсіз. Келешек ғасырларға сарқылмай жететін ұлттық өнім қайсы десе, нағыз ұлттық бренд деп қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүрінен сыр шертетін осы оюлы кілемдерді айта аламыз.

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

Толғанай Елекбаева, кәсіпкер

Таза жүннен өндірілген қазақ оюлы кілемдер – қазақ халқының мақтанышына айналатын ұлттық өнім болу керек деген ойдың жемісі. Бұрындары таныстарыма қазақы нақыштағы бұйымдар өндіру жөнінде ұсыныс айтып жүрдім. Кешегі Кеңес империясының құрсауында болған қазақ халқының  көптеген ұлттық құндылықтары көмескі тартты. Жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған мәдени мұраларымызды мейілінше дәріптеп, жандандыру талабы басым болды. Осылайша көптен бері көкейді тескен үлкен арманымның орындалуына біраз уақыт қажет болды. 90 жылдардың басында  Қазақстанда ою-өрнекті кілем, сырмақ, текеметтер жасайтын цех ашу туралы ой келді. Қандай өнім өндірсек те ұлттық бояуы бар өнім өндіреміз деп бекіндік. Кандидаттық диссертация қорғауыма байланысты ғылымға бет бұрдым, уақыт сырғып өтіп жатты.

«90 жылдардың басында  Қазақстанда ою-өрнекті кілем, сырмақ, текеметтер жасайтын цех ашу туралы ой келді. Қандай өнім өндірсек те ұлттық бояуы бар өнім өндіреміз деп бекіндік»

Бір күні сіңілім: «Елге айтып-айтып мезі болдың, осы жобаны қолға алып, өзің айналыссаңшы», – деп жігерлендірді. «Тәуекел» деп сіңілім екеуміз осы іске кірісіп кеттік. Ұлттық ерешелік, ұлттық құндылықты дәріптейтін  сапалы дүние жасауды мақсат еттік. Тұтынушылар өнімді қолдану барысында жылуы мен сапасын да сезінсін деген ниет болды. Осылайша, алғашқы құжаттар жасалып, моңғолиялық кілем өндіретін Erdenet Carpet фабрикасына жобамды арқалап, ұсыныспен бардым. Кілем фабрикасының басшылығы қатты таң қалды. Осыншама алыс жерден тың идеялармен келген жас кәсіпкер ретінде алғашқы қадамыма сүйсінді. Ең бастысы, ұлттық бояуға көмкерілген ою-өрнектерімізге қатты тамсанды. Әрбір ұлтта материалдық мәдениет пен рухани мәдениет болады. Түрлі түске малынған ою-өрнектеріміз – қазақ халқының рухани мәдениеті болса, ұлттық оюлар бейнеленген тұрмысқа қажетті бұйымдар материалдық мәдениеті болады. 

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

«Ұлттық нақыштағы киім-кешек өндіру қолға алынса деп армандаймын»

Біз бүгінгі күні осы қазақ оюларын тұтынып, құрметтеу, насихаттау арқылы тарихпен рухани байланыс жасаймыз, болашақ ұрпаққа жеткіземіз. Ұлттық бояуы бар төл өнімдерімізді тұтына білсек, жеткілікті деңгейде насихаттай білсек, ертеңгі ұрпақ та білетін болады, тұтынатын болады. Ұрпақ сабақтастығын өрбіту деген осы. Мен үшін басты мақсат – ақша табу емес, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Кеше тарихта болған құндылық бүгін де құндылық бола алады, болашақта да жалғасады. Қазақ мәдениетін дамытуымыз керек, мейілінше насихаттай білуіміз керек.

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

Ұлттық өнімнің ерекшеліктері

Астана қаласындағы «Қазақ оюлары» дүкені ешбір қосындысыз қой жүнінен тоқылған ою-өрнектермен көмкерілген кілем және кілем төсемелерін, түйе және қой жүнінен жасалған төсек бұйымдары мен көрпелерін, кашемирден тоқылған шәлі мен бөкебайларын, сондай-ақ киізден тігілген аяқ киімдерін сатады. Өндірушілер кілемдердің ерекшелігі – ең әуелі табиғи өнімнен жасалуында екенін айтады. Бояуының қанықтығы мен ұзаққа сақталуын қамтамасыз ететін ерекше бояу технологиясының қолданылуы, кілемдердің эксклюзивті дизайны мен кілем түгінің тығыз болуы сапасы жоғары екендігін дәлелдей түссе керек.

         Жүннен тоқылған кілемнің пайдасы неде?

Жүн – серпімді, икемді, берік материал. Оның талшықтары иілгіш болып келеді. Серпімді болуының арқасында жүннен жасалған бұйымдар бүктелмейді және сыртқы түрі мен түсі ұзақ уақытқа дейін сақталады. Қалыпты жағдайда пайдаланса, жүн көп электрленбейді және шаң жинамайды. Жүн су мен басқа сұйықтықтарды сіңірмейді. Жүннің талшықтары синтетикалық талшықтардан әлдеқайда пайдалы. Ол жаңартылған табиғи ресурс болып табылады.

«Жүн – серпімді, икемді, берік материал. Оның талшықтары иілгіш болып келеді.»

Өндірушілердің пікірінше табиғи материалдан жасалған таза өнімдердің артықшылығы көп. Жылы әрі түгі қалың кілем бөлмедегі ауа температурасын шамамен 10 пайызға көтереді, аяққа жылы сезіледі. Жүннен тоқылған кілемдер сынақтан сәтті өткен. Пайдалану барысында адам денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қажетті шаралар сақталған.

Жүннен жасалған кілемдердің сапасына көз жеткізу үшін тұрақты тұтынушылардан да пікір бөліскенді жөн көрдік. Айна Өміржанова – Астана қаласының тұрғыны. Айна апайдың үйіндегі әр бөлменің еденінде «Қазақ оюы» дүкенінің ою-өрнектері бейнеленген сапалы кілемдері төселгенін көзбен көріп қайттық.

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

Айна Өміржанова, тұтынушы

Заман өзгерген сайын тұрмыстағы қажеттіліктер де түрленуде. Әркім заманға сай болғысы келеді. Бірақ бір нәрсені ештен шығармауымыз керек. Әркім өзінің шыққан тегін, тарихын, мәдениетін білу керек. Сол үшін оюлар бізге ыстық, ата-бабаларымыздан келе жатқан құндылық деп білемін. Кейбір таныстарым «Үйімнің бір бөлмесін қазақы нақышта безендіріп, жабдықтағым келеді», – дейді. Мен: «Неге тек қана бір бөлме? Заман ағымынан қалмаған дұрыс, алайда үйіңдегі әр бөлмеде қазақ оюларымен көмкерілген кілем жатса, әр бөлмеде қазақи бояу, қазақи иіс болар еді ғой», – деп үгіттеймін. Кілемдер кез келген жиһазбен жарасым табады. Қайта әр бөлменің ажарын ашып, жүректі  жылу нұрына бөлейді. Мысалы, әр адамның сеніміне байланысты ақша көп болсын деген мақсатта бөлмеде құрбақаның мүсіні тұратын үйлер де бар.

Мен: «Неге тек қана бір бөлме? Заман ағымынан қалмаған дұрыс, алайда үйіңдегі әр бөлмеде қазақ оюларымен көмкерілген кілем жатса, әр бөлмеде қазақи бояу, қазақи иіс болар еді ғой» , – деп үгіттеймін.

Өзгенің қаңсығына таңсық болмай, әрбір қазақ отбасының шаңырағында қазақ оюлы кілемдер жатса, сандығы мен оюлы жастығы жатса, қандай жарасымды. Үйімнің әр бөлмесін қазақ дәстүрімен сабақтастырып, үйлестірдім. Бұған қоса той-томалақтарда осы қазақ оюлы кілемдерді сыйға тартуды дәстүрге айналдырдым. Ондағы мақсатым – ұлттық нақышқа бай отандық өнімді насихаттау. Жақында ғана Елена Гомер есімді неміс қызы қазақ халқының оюларын зерттеп жүргендігі туралы материал оқыдым. Болашақта оюлы кілем өндіргісі келетінін жазады. Осы мәселе де қазақтарды ойландыруы тиіс.

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

Толғанай Елекбаева:

Кешегі көшпенді қазақ қолданған ағаш кереуетті  ескінің көзі деп қолданбай қойдық, жасамай қойдық. Енді сол кереуетті бүгінгі таңда Жапон халқы ортопедиялық тұрғыдан адам денсаулығына аса пайдалы екендігін аңғарып, белсенді түрде қолдануда. Сол тарихи кереуетті бізге неге өндірмеске, неге  насихаттамасқа?

Ұлттық нақыштағы киім-кешек өндіру қолға алынса деп армандаймын. Тұтынушылар арасында қазақы жиһаз іздейтін адамдар кездесіп жатады. Ұлттық орнаменттермен көмкерілген жиһаз неге өндірмеске? Шикізат  жүн өндірісін жандандыру керек. Ата-бабаларымыздан мирас болған кәсіп. Жүн Қазақстанда тегін шашылып жатыр десем, артық айтқандық емес. Мәселен, Моңғолияда жүн өндіретін өндіріс орындарының саны өте көп. Онда сол салаға қажетті маман әзірлейтін колледж бар, жоғары оқу орындары бар. Әлем нарығында жүн өнімдерін экспорттау арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Неге солардан үлгі алмасқа? Бізге ол жат кәсіп емес қой? Неге бізде киіз үй өндіретін зауыт жоқ, ол біздің нағыз ұлттық брендіміз емес пе?. Неге мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге киіз үй жасап бермеске? Қазақы бояуы бар дүниелерімізді дамыту керек. Осы бағытта ұлттық құндылықтарымызды дамытуға тамшыдай болсын үлес қосуға тырысып жүргеніме қуаныштымын.

Ұлттық кілемдерімізді кім жасап жүр?

«Бота» астаналық  шұлық фабрикасы

Бірнеше ай бұрын ғана Толғанай Елекбаева мен Гүлсанат Мерқұлованың бастамасымен ел тарихында алғаш рет таза жүннен шұлық бұйымдарын өндіретін кәсіпорын ашылды. Оны ашуға үш жылдай уақыт жұмсалған. Италиялық техникамен жабдықталған кәсіпорын тұтынушыларды өте сапалы өнімдерімен қуантып отыр. Жылы әрі жоғары сапалы шұлықтар ұлттық ою-өрнегімен көзге өте тартымды көрінеді. Үш минут ішінде бір шұлық жасап шығаратын замануи техника тек тетікті басу арқылы ғана басқарылады. «Бота» шұлық кәсіпорыны өндірген өнімдер қатарын жақында түйе жүнінен жасалған көрпе, жастық өнімдері толықтырды. Тараз қаласында өңделген түйе жүнінен жасалған отандық өнімнің сапасы талапқа сай келеді. 


 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға