Жаңалықтар

Ұларлы ұлытау, ұранды ұлытау

Ұларлы ұлытау, ұранды ұлытау
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі 16.03.2023 18:51 1475

Қазақтың байтақ даласының қай бұрышына барсаңыз да алдыңыздан алты алаштың арман-мұратын бауырына түйіп алған, тарқата түссең тарих болып сөйлеп, Ұлы Даланың бағзы шежіресінің тұнбасындай болып тұрған тұғырлы тауға ат басын тірейсіз. Аспан-көкке қол созған Алатау, күн астындағы күмбездей болып көрінетін асқақ Алтай, сұлу, сылқым Көкше, болмыс-бітімі ерек Баянауыл, ұлылар мекені Шыңғыстау, ...Маңғыстау қойнауына кәрі тарихтың құпия сырларын жиып алып, маңғазданып, мағмұрланып жатқан қасиетті Қаратау – бәрі де мына даланың тірлік-қозғалысын қалт жібермей қадағалап отырған қария-абыз іспетті жаратылыс. Шапқан аттың белі, ұшқан құстың мойыны талатын ұлан-байтақ даланың қамсыз-қаперсіз жатқаны да осы таулардың бар болғанынан шығар дейсіз.

Ұлытау!

Ұлытау – осы таулардың ерекшесі. Ерекше болатынын құр мақтанмен айтып отырған жоқпыз, оның халық берген атауына қарап түйген ойымыз бұл.

2019 жылы Ұлытау ауданында, Ұлытау бауырында халықаралық туризм форумы өтті. Сол форумда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен»,- деп өңір жұртын жалт қаратып, жылылық лебін сездіріп кеткендей болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жошы хан мазарының басында кешен құрылысы басталып, қазір Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елдерден қызығушылар қара көрсете бастады. Аймақ жұрты мұны да жақсылық нышаны деп бағалаған болатын. Президентіміздің сол форумдағы: «Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер»,- деген сөзін тек Ұлытаудың тарихи  тағдырына ғана емес, ұлт тағдырын, ұлттың ұйысуына қатысты айтылған сөз деп санасақ керек.

 Өткен 2022 жыл Ұлытау өңірі үшін ақжарылқап жыл болды.

Ел Президенті 2022 жылдың 16 наурыздағы Жолдауында Ұлытау облысының ашылатындығын жариялады. Бұл – біз үшін, ұлытаулықтар үшін, жалпы қазақ елі үшін тарихи тосынсый, әділетті шешім еді. Ұлытау, Абай, Жетісу рухы түлеген сол оқиға «Әділетті Қазақстан» құру идеясына соны серпін беретін шешімді қимыл нәтижесі деп бағалаймыз.

Өңір халқы ширек ғасырға жуық уақыт бойы күткен қуанышына қол жеткізді. Халықтың сол кездегі көңіл күйінен күллі әлемді құшағына сыйдырып жіберетіндей ғаламат күй сезілді. Көшелерде бір-бірін құттықтаған жерлестер үні әсем ән мен әуезді күйге ұласты. Жезқазғаннан Ұлытауға 100 ден астам еріктілерден құралған автошеру де халықтың қуанышынан хабар беріп тұрды. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы – өңірдің жарқын болашағына жол ашты. Осылайша Ұлытау облысы ашылды. Бұл – қайта жаңғырған Жезқазған облысы емес, бұл – жаңадан құрылған Ұлытау облысы.

Халық арасында «Кеменің атын қалай қойсаң, солай жүзеді», деген сөзді жиі естиміз, жаңа облысымыздың  Ұлытау аталуының өзі бізді ұлы істерге жетелейді. 

Ал, қарт Ұлытаудың тарихи аталуының мәнісіне бір көз жүгіртіп өтейік. Даңқты жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, энциклопедиялық білім иесі Ә.Кекілбаев: «Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, ол тарихтың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның  бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан  Ұлытау атанған»,- дейді қаламгер аға.

Даңқты Жошы ханның Ордабазарын Ұлытау бауырына орнатқанының сыры неде? «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» зұлматында шығыс пен түстікті жапыра жайлап, ойран салып келе жатқан жоңғарлардың Ұлытауды бауырыма басып барап тоқтаймын деуінің мәнісін қалай түсінеміз? Біздің ойымызша, оның сыры біреу: Ұлытау қазақ халқы рухының дәні жатқан топырақ еді. Жошы сол рух мекеніне Ордасын тікті. Кейін жоңғарлар сол рухты сындырмақ болды. Алайда Бұланты-Білеутіге келіп маңдайын соқты. Дүлей күштің екпіні қайтты. Біз – Бұланты-Білеутіні рух, қаһар қамалы деп бағалауымыз керек.

Ұлытауға қарай қаптап келе жатқан жауды өткізбейміз деп атойлап атқа мініп, қылыштарын күнге шағылыстырып, садағынан жебе жаудырған қазақ батырларының түп ниеті тұтас еді. Олар Ұлытауды – алаш, Алашты – Ұлытау деп таныды. Міне, өткен тарихтың сабағынан түйген ойымыздың бір парасы осындай.

Жасыратыны жоқ, шамамен осыдан ширек ғасыр бұрын орталығы Жезқазған қаласы болған Жезқазған облысы жабылып, өңір тұрғындары әрі-сәрі күйді бастан кешті. Жаппай көшу үдерісі басталды. 1996 жылға дейін 130 мың тұрғыны бар Жезқазған 2022 жылы 89000 адамға азайған. Өңір халқы Алматы, Астана, Қарағанды сияқты үлкен қалаларға қарай ағылды. Жұмыс орнын ұсынатын мекемелердің саны күрт азайды. «Қазақмыс» бас офисін Жезқазғаннан алып кетті. Жезқазған, Сәтбаев қалаларының халқы жоғарыда аталған мегаполистерге қарай жылжып, Ұлытау ауданына қарасты ауыл тұрғындары Жезқазғанға келіп қоныстана бастады. Осының салдарынан Ұлытау ауданынына қарасты қуатты, күйлі дейтін ауылдардың тынысы тарылды. Ауыл жүдеп кетті. Соңғы жиырма бес жыл Жошы хан мен Алашахан жатқан жері, тасқа таңбаларын ойып, қазақтың біріккен мекені, ақындардың ордасы, баһадүрлердің елі, Алаш қайраткерлері мен Алаш идеясын қолдаушылардың жұрты, қазақтың тарихи астанасы Ұлытау кенжелеп қалғаны көз алдымызда өтті.

Тарихи әділдіктің орнығуы, жаңа облыстың ашылуы халықтың рухын көтеріп жіберді. Облыс орталығына жан біте бастады. Жазиралы Жаңаарқа, Қазыналы Қаражал, Кеншілер мекені- Сәтбаев, Ұлт ұясы – Ұлытау, мысты қала –Жезқазғанның экономикасына қан жүгіріп, елдің ертеңгі күнге деген жоспарлары нақты бола бастады. Өңірдің азаматтары елге оралып, аймақ азаматтары атқа қонып елдіктің ісін бірге көтеріп кеттік.

Облысымыздағы ең алғашқы ауқымды іс шараның Ұлттық Құрылтайдан басталуы да Ұлытаудың ел үшін идеологиялық маңызын арттыра түсті. Тұңғыш Ұлттық Құрылтайдың исі қазаққа қасиетті мекен Ұлытауда, Жошы Хан кесенесінің жанында өтуі- бірліктің бесігі болған қасиетті жерге берілген құрмет нышаны еді.  Негізгі басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беріп, жалпыұлттық бірлікті нығайту болды. Халық пен биліктің диалогы жаңа платформада іске асты. Ұлытау осындай берекелі істің бастауында тұрғандығы қуантады. Облыстағы алғашқы іс шарамыз -Ұлттық Құрылтай бізді әрі қарай ұлы істерге бағыттағаны анық.

Ұлытау облысының әкімшілік-аумақтың құрамына 3 қала, 2 аудан ғана енгенімен, халқының саны жағынан аз болғанымен аумағы жағынан республика бойынша бесінші орында тұрғандығымыз алдымызға үлкен міндеттер жүктейді.

Бүгінгі күні  алдымен көші-қоң мәселесіне басты назарды аударып, тұрғындардың басқа қалаларға көшуін тоқтатуымыз керек. Жастарды туған ел топырағында тұрақтауын қолға алуымыз керек, деген болатынмын.  Әрине, ол үшін әуелі облыс орталығы саналатын Жезқазғанның, сонан соң 2 қала мен 2 ауданның экономикалық-әлеуметтік саласындағы қордаланған мәселелерді оң шешу қажет. Осы бағытта біз осы өңірдің қиын да күрмеуі шешілмей келе жатқан өзекті мәселелеріне назар аудардық. Халықтың үніне құлақ түрдік, ауқымды жоспар жасадық. 2022 жылдың қараша айының басында ҚР Үкіметінде мақұлданған Ұлытау облысының 2026 жылға дейінгі Кешенді даму жоспары – осы өзекті мәселелерді шешудің күретамыры болмақ.

Жаңа облыстың жаңа жобасы не бермек? Қысқаша тоқтала кетсек, Кешенді даму жоспарында белгіленгендей 1,4 трлн. теңге инвестиция тартылса, бұл әртүрлі салада 120-дан астам жаңа жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.  Жоспарланып отырған 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша қолға алынатын 11 инвестициялық жоба – облыс тынысын ашатын жобалар.  Салынатын 5 денсаулық сақтау нысаны, 880 орындық 4 жаңа балабақша мен 1100 орындық 4 оқушы сарайы, ашылатын халықаралық  техникалық университеті, құрлысы басталатын 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры мен амфитеатр, сондай-ақ 10 спорт нысаны – халықты өңірдің ертеңіне, табысты болашағына сендіретін игі істер. Ал жылу, кәріз құбырларын жаңарту, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, экологиялық сұрақтарды шешу, сапалы жол қызметі - өзекті мәселе.  Жүйелі жұмыс пен тынымсыз еңбек, жарасқан бірлігіміздің арқасында барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады.  

Географиялық жағынан алғанда орталықта орналасқан Ұлытау облысы шығыстағы Қорғас пен батыстағы теңізді Ақтауды, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын Қазақстанның логистикалық орталығына айналатынына сенімдімін. Осы бағытта біршама игі жобаларымыз бар.

Еліміздегі алпауыт кәсіпорын саналатын «Қазақмыс» Корпорациясының бас офисінің Жезқазғанға оралуы да сенімге серпін берді.

Ұлытау облысында орналасқан тарихи әрі киелі орындар туризмнің де қарқынды дамуына әкеледі.

Өңірді дамыту – облыс не аудан-қала басшыларының міндеті, алайда халықтың белсенділігі мен жұмыла жүк көтеріп кетер жігер-күші, ұранға айналар ұстанымы қажет. Рух берік болса, табаның тиген туған жерге деген сүйіспеншілік мықты болса, алынбас қамал болмайды деп есептеймін. Облысымыздың әлеуетін арттырар мүмкіндіктер көп. Ұлытау облысы – өндірісті өңір, мал шаруашылығын, егін шаруашылығын, басқа да кәсіпорындар жұмысын жандандыруға қолайлы аймақ. Бізге бір ғана күш керек: ол – рух күші.

Ел аузында «Ұлытауға бардың ба, ұлар құсын көрдің бе», «Ұлытау – ұлт ұясы» деген қанатты сөздер жиі айтылады. Бұл – әсіре мақтан үшін айтыла салған сөз емесі анық.

Ұлытау – рух, ұлар құс – кие.

Шындығында да солай. Ұлытау – ұлттық рух жанартауы, Ұлытау – қазақтықтың шаңырағы, Ұлытау – елдіктің нышаны. Біздің ойымызша, бүкіл алаш баласының осылай деп ортақ мүдде түйінін жасайтын күн алыс емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға