«Үкімге айналдырмаңыз»: Грантқа түсе алмағандарға министр маңызды үндеу жасады

«Үкімге айналдырмаңыз»: Грантқа түсе алмағандарға министр маңызды үндеу жасады
Фото: Үкімет

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім грантын ала алмаған талапкерлердің ата-аналарына үндеу жасап, балаларын қолдауға шақырды.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік грант – жоғары білім алудың маңызды мүмкіндігі болғанымен, ол жалғыз жол емес. Биыл жоғары оқу орындары 2 мыңнан астам ректор грантын бөлсе, тағы 2 мыңнан астам білім грантын әкімдіктер ұсынған. Сонымен қатар жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары да бар.

Сондай-ақ министр көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндікке назар аударды. Оның сөзінше, студенттер оқуға қабылданғаннан кейін мемлекеттік гранттардың бір бөлігі жыл сайын босап отырады. Ақылы бөлімде білім алып, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейіннен сол бос гранттарға үміткер бола алады.

Саясат Нұрбек ата-аналарға мынадай кеңес берді:

«Егер балаңыз грант жеңіп алса, оның жетістігіне бірге қуаныңыз. Ол өз еңбегінің бағаланғанын сезінсін. Ал грант ала алмаса, дәл бүгін оған сіздің қолдауыңыз бұрынғыдан да маңызды. Оны өзгелермен салыстырмаңыз. Бір конкурс нәтижесін өмірлік үкімге айналдырмаңыз. Оның орнына бірге университеттердің тізімін қарап, қабылдау комиссияларына хабарласып, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы ақпарат алыңыздар. Келесі мүмкіндіктің жолын іздеңіздер», – деді министр.

Министр талапкерлерге де ақжарма тілегін жеткізді.

«Өмірлеріңізде әлі талай емтихан, байқау, жеңіс және алғашқы әрекеттен сәтті шықпайтын жағдайлар болады. Бірнеше жылдан кейін студенттік жолдарыңыздың қалай басталғанынан гөрі, қандай маман әрі қандай адам болып қалыптасқандарыңыз әлдеқайда маңызды болады. Бір ғана тізім сіздің арманыңыздың ауқымын анықтауына жол бермеңіздер», – деп жазды Саясат Нұрбек.

Ол грантқа ие бола алмаған жастарды мойымауға, мақсаттарына қарай алға ұмтылуды жалғастыруға шақырды.

«Болашақ студенттерді өмірлерінің жаңа кезеңінің басталуымен құттықтаймын. Ал есімі бүгін мемлекеттік грант иегерлерінің қатарынан табылмаған жастарға ең бастысы – тоқтамауды тілеймін. Кейде арманға апарар жол біз ойлағаннан сәл ұзағырақ болуы мүмкін. Бірақ бұл оның дұрыс бағытқа бастамайтынын білдірмейді», – деді министр.

Еске салайық, бүгін Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының иегерлері ресми түрде жарияланды.

Биыл грант конкурсына 127 мыңнан астам өтініш түсті.

Ең көп сұранысқа ие білім беру бағыттары:

  • педагогикалық ғылымдар;
  • инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары;
  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ).

Ал бір грантқа ең жоғары бәсеке мына мамандықтар бойынша тіркелді:

  • аударма ісі;
  • халықаралық қатынастар және дипломатия;
  • құқықтану;
  • психология;
  • педагогика.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз