Жаңалықтар

Үкіметтің жауабын оқу үшін алдымен «давленияны» өлшету керек – депутат

Үкіметтің жауабын оқу үшін алдымен «давленияны» өлшету керек  – депутат
Фото: Мәжіліс 29.05.2024 16:50 601

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Парламент депутаттары халықтың зар-мұңы мен  талабы орындалуы үшін үкіметке депутаттық сауалдар жолдап жатады. Ал үкіметтен келіп жатқан жауаптардың сапасы қандай? Көптеген жауаптар шала болып, қате келеді. «Мен не деймін, домбырам не дейді?» дегендей, кейде мүлде бұрмаланған жауаптар келіп жатады... Үкіметтен келген кейбір жауаптарды оқу үшін алдын ала қан қысымыңызды өлшеп, қалыпқа түсіретін дәрі-дәрмегіңізді дайындап алмасаңыз, өзіңізге өте қиын болады, - деді мәжілісмен.

Депутат сауалында жақында мәслихат депутаттарының мәртебесін айқындау туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдағанын атап өтті.

Онда: «Мәселенің шешімі мәслихаттардың әкімдіктерге тәуелділігін жою жолымен шешілуі тиіс. Конституцияда мәслихатты әкімдікке тәуелсіз етіп, билік тармақтарының теңдігін жасау қажет!»-деп мәлімдегенбіз.

Ал енді жауаптың сиқын көрейік:

«Мәслихат депутаттарына жергілікті бюджеттің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерін қысқартуды көздейтін бюджеттік комиссиялардың құрамына кіру құқығын беру ұсынылды», - дейді бәрін бірден жарылқап тастаған сияқты..., - деп атап өтті Қазыбек Иса.

Депутаттың сөзінше, жергілікті бюджеттік комиссия құру мәслихат депутаттарының құзыретінде болуы керек, оған әкімдерден рұқсат сұрауға тиісті емес. Сөзінше, әрі қарай тіпті жарылқаудың көкесіне тап болған.

«Президент мәслихатты таратқан жағдайда, депутаттық өкілеттіктер тоқтатылған күннен бастап 3 айдан асырмай, ай сайын жәрдемақы төлеуді көздейтін норма ұсынылады» деген жауап келіпті...

Бұл Үкіметтен келген жауапқа «Атам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей, түк түсінбей жатырмыз?!. Біз қашан өздерінің  көбісі жұртқа жалақы беріп жүретін кәсіпорындарды басқаратын мәслихат депутаттарына “мәслихат тарай қалса,  үш айлық жалақы төлеңдер» деп сұрап едік деп, айран-асыр болып отырмыз... Ал біздің сауалымыздағы: «Конституцияда мәслихатты әкімдікке тәуелсіз етіп, билік тармақтарының теңдігін жасау қажет!»-деген ең басты сұрағымызға ешқандай нақты жауап жоқ, - деді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың сөзінше, бұрын «осы үкімет, министрлер өздері жазған жауапты оқи ма дейтін едік... Қазір «осы министрлер депутаттар жолдаған сауалды оқи ма өзі?» дейтін жағдайға жеткен…

Қазыбек Иса Үкіметтен келетін сауалдардың жауаптарына қатысты бірқатар ескертуін жеткізді.

Ағымдағы жыл» емес, үкімет жазатындай, биыл 13 наурызда Денсаулық министріне жолдаған сауалымызда медициналық сақтандыру қорының тетіктерінің әділетсіздігін айтып, жақында жарияланған төлемдерді 5 есе көтеруге қарсы шықтық. Ертеңінде, Денсаулық министрінің алдына түсіп алып шапқан  вице-министрі Т.Сұлтанғазиев, журналистерге біздің сауалдың нақты мәнін бұрмалап, өз сөзін дәлелдеу үшін, өтірікті соғып жіберді...

Оның бұрмалауы бойынша,  бізді «төлемдерді көтеруді ұсынды» деп түсінуге болады. Ал біз,керісінше, қорға төленетін төлемдерді көтеруге қарсы шыққан едік...

Вице-министр «міндетті сақтандырудағы жеке шоттар тек Сингапур елінде ғана бар» деп, жалған ақпарат соғып жіберуі  қоғамда жалған пікір туғызды. Ал шын мәнінде, нарықтық, яғни дербес медициналық сақтандыруды барша дамыған мемлекеттер пайдалануда, - деді ол.

Мәжіліс депутаты Үкімет басшысына жолданған Энергетикалық машина жасау жайлы сауалға да шала жауап келгенін айта кетті.

Үкіметтен келген кейбір жауаптар қалай жазылатынын қайдам, жариялауға біз ұяламыз..., - деді депутат.

Қазыбек Иса осы мәселеге қатысты үкіметтен депутаттар сауалында көтерілген нақты мәселелерді шешуді,  ұлттық мүддемізді қорғайтын, елдің жағдайын жақсартатын, халықтың мәселесін шешетін нәтижелі шаралар жасауды, депутаттық сауалдарға нақты, тура және толық жауап беруді талап етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға