Жаңалықтар

Үкімет Степногорск қаласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады

Үкімет Степногорск қаласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады
Фото: t.me/KZgovernment 10.08.2023 10:16 1032

Ақмола облысының индустриялық орталығы Степногорск қаласы жаңа серпінмен дамитын болды. Себебі ел Үкіметі қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді және әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі мәселелерін шешуге, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Ал құжатта дансаулық сақтау саласынан бастап бизнесті дамыту мәселелері қарастырылған.

Құжатта денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканың нақты секторын, өнеркәсіпті, АӨК, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту, т.б. бойынша 83 шара көрсетілген, - делінген мәліметте.

2027 жылға дейін жоспарды іске асыруға шамамен 107 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде 62 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен болмақ.

Шығындардың басым бөлігіне (58,3 млрд теңге) тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту және тозуын азайту (23 жоба) қарастырылған. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған, - делінген мәліметте.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 550 млрд теңге деңгейінде қамтамасыз етілсе, өңдеуші сектор өнімі кемінде 70% болмақ.

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10%-ға артады.

Құжатта жұмыспен қамту мәселесі, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінген.

Денсаулық сақтау саласында медициналық колледж ашу арқылы кадрлық әлеуетті арттыру жоспарланған. Сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтің жақсаруына орталық қалалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу және техникалық жабдықтау әсер етпек.

Сонымен қатар экологиялық проблемаларды шешу шаралары жоспарланған.

Ал жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 74%-дан 90%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға