Жаңалықтар

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Су кеңесі өтті

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Су кеңесі өтті
Фото: primeminister.kz 11.12.2023 20:02 567

Кеңесте су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ведомствоның жүргізіп жатқан жұмысы және отандық су саласының қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр бүгінгі таңда Қазақстанның су қоры жылына 102,3 текше шақырымды құрайтынын айтты. Оның 54%-ы ел аумағында, ал қалған 46%-ы елімізден тыс жерлерде қалыптасады. Жылына шамамен 25 текше шақырым су экономика қажеттіліктері үшін пайдаланылады, бұл көлемнің 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады.

Қазақстанда барлығы 13 мыңнан астам су шаруашылығы нысаны бар. Оның ішінде: 352 су қоймасы, 117 су торабы, 472 бөгет, 8278 суару каналы, 246 бөгет, 300 тоған, 3408 сорғы станциясы, ұңғымалар, коллекторлар және басқа да инфрақұрылым элементтері. 6629 су шаруашылығы объектілері республикалық меншікте, 6007 – коммуналдық меншікте, 528 – жеке меншікте, ал 9 нысан – иесіз.

Соңғыларына Алматы және Қарағанды облыстарындағы 8 бөгет, сондай-ақ Павлодар облысындағы 1 бөгет жатады. Жергілікті атқарушы органдар осы объектілерді коммуналдық меншікке қабылдау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов министрлік еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығы мәселесін шешу үшін Қазақстан Республикасының Су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасын әзірлегенін хабарлады. Құжат су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша шұғыл шараларды көздейді.

Кешенді жоспарды іске асыру қолда бар су ресурстарының көлемін 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жерлердің көлемін – 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, суармалы судың шығынын азайтуға және 3 текше шақырымға дейін арттыруға, сондай-ақ 55 мыңнан астам халқы бар 41 елдімекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәселен, 2024-2026 жылдары 11 облыс аумағында жалпы көлемі 2,4 текше шақырым көлемінде су жинайтын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау ұсынылып отыр. Бұл суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға және шекаралас елдерге су бойынша тәуелділікті орта есеппен 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда министрлік 9 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр.

Сондай-ақ, 9 облыс аумағында көлемі 1,9 текше текше шақырым болатын қолданыстағы 15 су қоймасын реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл 74 мың га суармалы жерге су беруді жақсартуға және 70 мың тұрғыны бар 64 елді мекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Суару жүйелерінің тозу проблемасын шешу үшін 14 мың шақырымнан астам каналды реконструкциялау жоспарлануда. Жобаны 3 кезеңде іске асыру ұсынылады. 1-ші кезеңде 2024-2025 жылдары ұзындығы 3500 шақырым 337 арнаны қайта жаңарту жоспарлануда.

Бұдан басқа, министрлік Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл 362 мың гектар суармалы жерлердегі суды есепке алуды қамтамасыз етеді және жыл сайын 0,6 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Министр сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту қажеттігін атап өтті. Каналдың жалпы ұзындығы 457 шақырым, нысан 22 сорғы станциясынан және 71 сорғы қондырғысынан тұрады. Арнаның ерекше стратегиялық маңыздылығын және оның техникалық жағдайын ескере отырып, 16 сорғы станциясы мен 15 қондырғыны толық ауыстыру қажет. Бұл Астана, Қарағанды және Екібастұз қалаларының, сондай-ақ Орталық Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру үшін министрлік суару жүйелерін құруға және тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттыруды ұсынады.

Бұл 2026 жылға қарай 1,5 текше шақырымға дейін суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Нұржан Нұржігітов тарифтерге жеке тоқталды. Қазіргі уақытта ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті табиғи монополияның барлық салалары үшін тариф белгілеудің бірыңғай әдіснамасын қолданады, соның салдарынан қиындықтар туындайды. Мысалы, тарифте әкімдіктердің коммуналдық меншігіндегі шаруашылық арналарда суармалы судың жоғалуы ескерілмейді. Сонымен қатар, төмен тариф ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді суды үнемдеуге және су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандырмайды.

Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін су ресурстары және ирригация министрлігіне каналдар арқылы су беру бөлігінде тарифтік реттегіштің функцияларын беру, ауылшаруашылығы дақылдарының түрлеріне және суды тұтыну көлеміне қарай тарифтерді саралау тетігін енгізу, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы суды пайдаланғаны үшін субсидиялау тетігін жетілдіру, шаруашылық арналарды пайдалануға жауапкершілікті коммуналдық кәсіпорындарға, кооперативтерге, шаруа қожалықтарына немесе «Қазсушар» РМК беру ұсынылады.

Министр жерасты суларын тиімсіз пайдалану мәселесін шешу туралы да айтты. Ел экономикасында жерасты суларын пайдалану үлесін ұлғайту және оларды бақылаусыз пайдалану проблемасын шешу мақсатында министрлік Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрады. Ол жерасты суларына мониторинг және бағалау жүргізеді, суармалы жерлердің жай-күйін бақылайды, жерасты сулары бөлігінде су кадастрын, іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізеді, гидрогеологиялық ұңғымаларды жоюмен және консервациялаумен айналысады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Тиісті қаулының жобасы әзірленді. Институт дүниежүзіндегі ең үлкен көлді сақтау үшін Каспий теңізі мен оның жағалау аймақтарын жан-жақты зерттеумен айналысады.

Нұржан Нұржігітов отандық су саласының кадрлық әлеуетін жақсарту мақсатында мамандандырылған жоғары оқу орнын құру мәселесін қарауды ұсынды. Бүгінгі таңда Қазақстанда гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация бойынша мамандар даярлайтын ЖОО жоқ.

Баяндамада қозғалған тағы бір тақырып су қоймалары мен каналдардың толып кетуі болды. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК бар болғаны 4 бірлік жер снарядтары бар, олардың екеуі 2014 жылдан бері пайдаланылуда. Министр кем дегенде 25 жер снарядын қосымша сатып алу қажет екенін атап өтті. Бұл жыл сайын су қоймаларының пайдалы көлемін 3,5 текше шақырымға ұлғайтуға және суармалы жерлердің жай-күйін жақсарту үшін 800 км коллекторларды тазартуға мүмкіндік береді.

Коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы объектілерінің жай-күйі де назардан тыс қалмады. Мәселен, әкімдіктердің балансында 6000 су шаруашылығы құрылыстары бар, оның 2,5 мыңнан астамы (41,6%) қанағаттанарлықсыз жағдайда, 53 нысан апатты жағдайда. 804 нысанның техникалық паспорттары жоқ. 272 су қоймасының техникалық жағдайы ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл ретте еліміздің 9 өңірінде 92 су қоймасын пайдалану жөніндегі мамандандырылған ұйымдар жоқ. Министр әкімдіктерге қысқа мерзімде пайдаланушы ұйымдарды анықтап, объектілерді құжатпен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Су ресурстары және ирригация министрі өз баяндамасын ведомство әзірлеген Су кодексінің жобасы туралы айтып, аяқтады. Мәселен, құжаттың жаңа редакциясына гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі, суару және дренаж, ауыз сумен жабдықтау және су бұру бөлімдері енгізілген. Кодексте сондай-ақ Қазақстанның су-ресурстық әлеуетін сақтау, су ресурстарын басқарудағы қоғамның рөлін арттыру, цифрландыру, су саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ су шаруашылығы құрылыстарын жобалау мен салуды министрлік жанындағы бассейндік инспекциялармен келісу мәселелері ескерілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға