Бір кездері оның қабылдауына кіру үшін адамдар айлап кезек күтетін. Үкілі тақиясын киіп, қолына қамшы ұстаған қаршадай баланың алдына Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де адамдар ағылды. Бірі дертіне дауа іздеді, енді бірі күмәнмен қарады. «Үкілі бала» атанып кеткен Ерболсын Серікбаев – бүгінде 23 жаста. Ол қазір қайда жүр? Немен айналысады? Кезінде елді шулатқан емші бала бүгінде қалай өзгергенін El.kz тілшісі анықтап көрді.
Ерболсын Серікбаев Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Аралқұм ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, ол тоғыз жасынан бастап бойындағы емшілік қасиетті байқай бастаған. Алайда өзін ешқашан көріпкел немесе балгер ретінде таныстырмаған.
Адамдарды емдеп жүргеніне бүгінде 12 жылдан асқан. Алғаш рет тоғыз жасында дем салып, ем көрсете бастады. Қазақ халқында ежелден келе жатқан ұшықтау, дем салу дәстүрін ол емшілік жолындағы негізгі тәсілдердің бірі ретінде қабылдайды. Бір сұхбаттарында ол:
Тылсым күшті әлі ешкім дәлелдеген жоқ. Мен көретін, сезетін дүниені бәрі бірдей сезбеуі мүмкін. Адамдарды тек дем салып емдедім. Ұшықтау, дем салу – қазақ арасында бұрыннан бар дүние. Әсіресе Маңғыстау мен Түркістан өңірлерінде кең таралған, – деген.
Оның айтуынша, қамшы да, дем де мақсат емес, тек ем жүргізуге қолданылатын құрал ғана.
Қабылдауға күніне бес мың адам келетін
Ерболсынның есімі елге кеңінен тараған кезде оның жасы небәрі 11-12-де болған. Жас баланың қабылдауына келетін адамдардың саны кей күндері бес-алты мыңға дейін жеткен көрінеді.
Қазақстаннан ғана емес, шетелден де келетін. Бір күнде олардың бәрін қабылдау мүмкін емес еді. Көп адам айлап кезек күтіп, кіре алмай кететін. Кейін бір сеансқа 150 адамға дейін кіретін болды, – дейді ол.
Бұл кезеңде ақпарат құралдары да жас емші туралы жиі жазып, жұртшылықтың қызығушылығы бұрынғыдан да арта түсті.
«Емшіге де білім керек»
Жылдар өте келе Ерболсынның емшілікке деген көзқарасы өзгерген. Қазір ол халық емшілігімен айналысатын адамның міндетті түрде медициналық сауаты болуы қажет деп есептейді. Бүгінде өзін халықаралық деңгейдегі емші ретінде таныстырады.
Елге танылғанымен, Ерболсынның жолы тек қолдаудан тұрған жоқ. Бала кезінде оған бағытталған ауыр айыптаулар да аз болмаған. Әсіресе әлеуметтік желілер мен діни ортада айтылған пікірлер оның жадында әлі күнге дейін сақталған. Осы сыннан кейін өзін дәлелдеуге бел буғанын жасырмайды.
Ресейге не үшін көшті?
Кейінгі бірнеше жылда Ерболсын Ресейде тұрды. Ол бұл шешімді білімін жетілдіру мақсатында қабылдағанын айтады. Сөзінше, Мәскеу маңында оған жұмыс істеуге де, білім алуға да мүмкіндік жасалған.
Бүкіл Ресей танып, шақырту жіберді. Үй, көлік берді, командама жағдай жасады. Оқуыма да қолдау көрсетті. Ресейден көбірек қолдау болды, оны жасырмаймын, – дейді ол.
Сол кезеңде ол «Емдеу ісі» мамандығын меңгеріп, емшілік тәжірибесін медицинамен байланыстыра бастаған.
«Ақша үшін емдеймін»
Ерболсын бір сұхбаттарында адамдарды ақша үшін емдейтінін айтқан болатын.
Ақша керек болмаса, адам емдемес едім. Ақша үшін жұмыс істемеймін деген адамдарға сенбеймін. Кез келген адам еңбек еткен соң ақы алады. Менің қазіргі жұмысым соған лайық. Өйткені нәтиже бар, – деген еді ол.
Бірі мұны адал көзқарас деп бағаласа, енді бірі емшілік пен табыс ұғымын қатар қоюға қарсы болды.
Ерболсын жеке өмірі туралы да ашық айтып жүр. Алғаш рет 17 жасында үйленгенімен, бір жылдан кейін ажырасып кеткен. Кейін 19 жасында қайта шаңырақ көтерген. Қазір жұбайымен бірге ұл тәрбиелеп отыр.
Іштегі ойын ән арқылы жеткізеді
Кейінгі жылдары Ерболсын шығармашылыққа да ден қойған. Бала күнінен ән айтуға құмар болған. Ол бүгінде авторлық әндер жазады. Ресейлік музыканттармен бірге жұмыс істеп, тіпті бейнебаян да түсіріп үлгерген.
«Өзімді де, Жаратушыны да тереңірек танып келемін»
Әлеуметтік желідегі парақшасында Ерболсын жиі саяхаттап жүргенін көрсетеді. Вьетнам, Франция, Дубай, Самарқан және өзге де елдерге жасаған сапарлары туралы жиі ой бөліседі.
Ол өзінің бір жазбасында:
Соңғы уақытта өмірімдегі әрбір оқиға, әрбір сапар, сүйікті жұмысым мен айналамдағы адамдар мені бір ғана мақсатқа жетелеп келеді. Ол – өзімді тереңірек танып, Жаратушыға жақындай түсу, – деп жазған.
Тағы бір жазбасында адам өміріндегі қиындықтардан қашуға болмайтынын айтады.
Қай елге көшсең де, шешілмеген мәселелерің өзіңмен бірге жүреді. Сондықтан олардан қашпай, олармен өмір сүруді үйрену керек, – дейді.
Бір кездері үкілі тақия киген бала ретінде елге танылған Ерболсын бүгінде өзін үздіксіз ізденістегі адам ретінде көрсеткісі келеді.
Оның өмір жолына қатысты пікір әртүрлі болғанымен, бір нәрсе өзгерген жоқ: арада жылдар өтсе де, «Үкілі бала» атанған Ерболсын Серікбаевқа деген қоғамның қызығушылығы әлі де басылған емес.