2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында жанкүйерлерді үзіліс кезіндегі шоу тәнті етті. Әсіресе, поп-жұлдыз Шакирамен бірге өнер көрсеткен Уганданың «Ghetto Kids» би тобы ерекше әсер қалдырды.
Қазір оларды әлемнің түкпір-түкпірінен таниды. Алайда бірнеше жыл бұрын бұл балалардың өмірі мүлде басқа еді. Олар Кампаланың ең кедей аудандарының бірінде өсіп, жоқшылықпен күресіп жүрген қарапайым балалар болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Барлығы бір адамның арманынан басталды
«Ghetto Kids» тобы 2014 жылы Уганда астанасы Кампаланың Катве ауданында құрылды. Катве – қаңғыбас балалары көп, қылмыс пен кедейлік жайлаған аудан.
Топтың негізін қалаушы Дауда Кавума – математика пәнінің мұғалімі әрі музыкант. Оның өзі де бала кезінде жоқшылықтың тауқыметін тартады. Сондықтан тағдыр тәлкегіне түскен балаларға қол ұшын созуды ойға алады.
Ол үшін би жай ғана өнер емес, балаларды көшеден алып «шығудың» амалы болды. Осылайша алғашында бірнеше баладан құралған шағын би үйірмесі ашылды. Дауда Кавума балаларға билеуді ғана емес, армандауды да үйретті.
Әлемді таңғалдырған видео
2014 жылы топтағы бесеу – Алекс, Фред, Башир, Патрисия және Айзек угандалық әнші Эдди Кензоның Sitya Loss әніне билеп, видео түсіреді. Оны интернетке жариялайды. Көп ұзамай бұл ролик әлеуметтік желілерде тарап, миллиондаған қаралым жинайды. Кейін қаралым саны 8 миллионнан асады.
Бір қызығы, әннің авторы Эдди Кензо балалардың видеосы туралы қасындағы адамдардан естиді. Олардың өнеріне тәнті болған әнші бишілерді бейнебаянына түсуге шақырады.
Осы сәттен бастап G»hetto Kids-тің» өмірі түбегейлі өзгерді. Балалар қайтадан мектепке барады. Ал Дауда Кавума топтың жұмысын дамытуға қажетті музыкалық құрал-жабдықтарды сатып алады. Топқа жаңа балаларды қабылдай бастайды.
Угандадан Голливудқа дейінгі жол
Уақыт өте келе «Ghetto Kids» Африка елдерін ғана емес, Еуропаны да аралап, халықаралық сахналарда өнер көрсетеді. 2017 жылы олар америкалық рэпер French Montana-ның әлемге әйгілі «Unforgettable» әнінің бейнебаянына түседі. Миллиардтаған қаралым жинаған клип «Ghetto Kids-тің» танымалдылығын бұрынғыдан да арттырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кейін олардың өнеріне Нон Комбс (P. Diddy), Ники Минаж секілді әлемдік жұлдыздар жоғары баға береді. 2023 жылдың қаңтарында «Ghetto Kids» Франциядағы «ПСЖ» клубының матчында өнер көрсетіп, сол күні Килиан Мбаппемен жүздеседі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сол жылдың сәуір айында олар Britain’s Got Talent шоуына қатысып, тағы бір тарихи сәттің кейіпкеріне айналады. Қазылар алқасының мүшесі Бруно Тониоли олардың өнеріне ерекше тәнті болып, қойылым аяқталмай жатып-ақ «Golden Buzzer» батырмасын басады. Бұл – шоу тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді. «Ghetto Kids» финалға дейін жетіп, алтыншы орынға тұрақтайды.
Қайғы айналып өтпеді
Топтағы қайғылы кезең Алекстің қазасымен байланысты. 2015 жылдың қарашасында ұжымның ең жарқын бишілерінің бірі 14 жастағы Алекс велосипед қағып кетеді.Бұл балалар үшін орны толмас қайғы еді. Дегенмен олар өнерден қол үзген жоқ. Керісінше, Алекс армандаған жолды жалғастырып, әлемдік сахналарды бағындыруды бетке алады.
«Ghetto Kids» – қайырымдылықтың да символы
Дауда Кавума құрған «Ghetto Kids Foundation» қоры Угандадағы көше балаларын қамқорлығына алып, оларға баспана, ыстық тамақ, медициналық көмек және білім алуға мүмкіндік береді.
Топтың концерттер мен халықаралық жобалардан тапқан табысының едәуір бөлігі осы қайырымдылық жұмысына жұмсалады. Сондықтан олардың әрбір қойылымы тек өнер көрсетумен шектелмейді.
Шакираның өзі шақырған
2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Ghetto Kids-тің өнер көрсетуі кездейсоқ таңдау емес. Ұйымдастырушылар мен Шакира бұл қойылым арқылы әлемге үміттің, достықтың және бірліктің шекарасы болмайтынын жеткізгісі келеді.
Шакира бұған дейі жеткіншектерді «Dai Dai» клипінің түсіріліміне шақырады. Одан кейін финалда өнер көрсетуге ұсыныс білдіреді. Кезінде Кампаланың тар көшелерінде билеп жүрген балалар әлемдегі ең үлкен футбол мерекесінің сахнасына шығады. Әншінің перфомансы да, балалардың биі де жанкүйерлердің көңілінен шығады.