Жаңалықтар

ҰЭМ алдағы 5 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды

ҰЭМ алдағы 5 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды
Фото: gov.kz 13.09.2024 04:33 305

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Мәжілісте елдің 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

А. Әмрин атап өткендей, болжамды қалыптастыру негізіне мұнайдың бағасы барреліне 75 АҚШ доллары және доллардың есептік бағамы 470 теңге болғандағы базалық сценарийі алынды.

«Болжам бойынша 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,6 пайызды құрайды, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі – 5,4 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, экономиканың барлық салаларында өсім күтілуде. Мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Тауарлардың экспорты 2025 жылы 82,3 миллиард АҚШ доллардан 2029 жылы 90,0 миллиард АҚШ долларға дейін өседідеп болжануда. Импорт 61,3 миллиард АҚШ доллардан 67,5 миллиард АҚШ долларға дейін өседі.

Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5 және 7,5 пайыз, 2026 жылы 5 және 6 пайыз аралығында айқындалды, кейіннен 2027-2029 жылдары 5 пайызға дейін төмендеуі күтілуде.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды, онда Республикалық бюджеттің кірістері 2025 жылы 15,6 трлн теңгені, 2027 жылы 18,2 трлн теңгені құрайды.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңда мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026 жылы барреліне 41,0 АҚШ доллары, 2027 жылы барреліне 39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді.

Осыны ескере отырып, 2025-2027 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға