Уақытты кім ұрлап жатыр? Ғалымдар цифрлы дәуірдің қауіпті тұсын түсіндірді

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

«Жаңа жыл кеше ғана еді ғой», «Балалар кеше ғана мектепке барған сияқты еді» деген сөздерді үлкендерден жиі естиміз. Жас ұлғайған сайын уақыттың зымырап өте шығатынын көпшілік сезінеді. Бұл жай ғана субъективті әсер ме, әлде оның ғылыми түсіндірмесі бар ма? El.kz  интернет порталы әлемдік зерттеулерге шолу жасады.

Ми жаңа әсерлерді аз тіркеген сайын уақыт қысқарады

Ғалымдардың ең кең тараған теорияларының бірі – жаңалық әсері (novelty effect). Балалық шақта адамның өміріндегі әрбір оқиға жаңа тәжірибе болып саналады: алғашқы мектеп күні, алғашқы дос, алғашқы саяхат, алғашқы жеңіс. Ми мұндай оқиғаларды егжей-тегжейлі есте сақтайды.

Ал ересек өмірде күнделікті әрекеттер қайталана береді. Жұмыс, үй, бірдей маршрут, бірдей міндеттер. Ми бұрыннан таныс процестерді «қысқартылған режимде» өңдейді. Соның салдарынан есте сақталатын ерекше сәттер азаяды.

Scientific American басылымы келтірген зерттеулерге сәйкес, адам өткен кезеңге көз жүгірткенде уақыт ұзақтығын сол аралықта қалыптасқан жаңа естеліктер саны арқылы бағалайды. Жаңа естеліктер неғұрлым көп болса, өткен уақыт соғұрлым ұзақ болып көрінеді.

Жас ұлғайған сайын ми әлемді баяуырақ «сканерлейді»

Кейбір зерттеушілер уақыттың жылдам өту сезімін мидың ақпарат өңдеу жылдамдығымен байланыстырады.

Мичиган университетінің психологтары адамның жасы артқан сайын ми қабылдайтын ақпарат көлемі азаятынын айтады. Бейнелеп айтқанда, бала әлемді секунд сайын көптеген «кадрлармен» қабылдаса, ересек адам азырақ кадр көреді. Сондықтан уақыт та жылдамырақ өтіп жатқандай сезіледі.

2024 жылы жарияланған зерттеуде ғалымдар 18 бен 88 жас аралығындағы адамдардың ми белсенділігін зерттеген. Нәтижесінде жасы үлкен адамдардың миы оқиғаларды аз әрі ірі блоктар ретінде тіркейтіні анықталған. Яғни күн ішінде ерекшеленетін оқиғалар саны азайған сайын уақыт та қысқарғандай қабылданады.

Уақытты қабылдаудың тағы бір түсіндірмесі – салыстырмалы пропорция теориясы.

Мысалы, бес жастағы бала үшін бір жыл оның өмірінің 20 пайызына тең. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл бар болғаны өмірінің 2 пайызы ғана.

Сондықтан ми өткен кезеңдерді салыстырмалы түрде қысқа деп бағалауы мүмкін. Ғалымдар мұны уақытты логарифмдік қабылдау үлгісімен түсіндіреді.

Цифрлы технология уақыттың жылдам өтуіне әсер ете ме?

Соңғы жылдары сарапшылар уақыттың зымырауын цифрлы технологиялармен де байланыстыра бастады.

Әлеуметтік желілер, қысқа видеолар, мессенджерлер мен үздіксіз хабарламалар адамның назарын үнемі бөліп отырады. Ми бір тапсырмадан екіншісіне жиі ауысқан сайын күннің қалай өткенін аңғармай қаламыз.

The Guardian келтірген зерттеулерге сәйкес, әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану және қайталанатын цифрлы тұтыну уақыттың тез өткенін сезінуге ықпал етуі мүмкін. Себебі мұндай әрекеттер жаңа әрі есте қалатын тәжірибе емес, ақпараттың үздіксіз ағынын ғана қалыптастырады.

Психологтар мұны «назардың бөлшектенуі» деп атайды. Адам күні бойы жүздеген хабарлама, бейнеролик және жаңалық көргенімен, олардың басым бөлігі ұзақ мерзімді жадта сақталмайды. Соның салдарынан өткен апта немесе ай бос әрі қысқа болып көрінеді.

Неге пандемия кезіндегі уақыт басқаша сезілді?

Қызығы, уақыт әрдайым жылдам өтпейді. Зерттеулер көрсеткендей, күйзеліс, қорқыныш немесе жалғыздық кезінде уақыт баяу жүргендей сезіледі. Ал адам көңілді болып, қызықты іспен айналысқанда уақыт тез өтеді.

Сондықтан уақытты қабылдау тек жасқа ғана емес, эмоционалдық жағдайға да байланысты.

Ғалымдардың айтуынша, сағат тілін тоқтату мүмкін емес. Бірақ уақыттың зымырауын аздап бәсеңдетуге болады.

Ол үшін:

  • жаңа жерлерге бару;
  • жаңа дағды үйрену;
  • күнделікті маршрутты өзгерту;
  • жаңа адамдармен танысу;
  • әлеуметтік желіде өткізетін уақытты азайту;
  • саналы өмір сүру тәжірибелерін қолдану қажет.

Зерттеулер көрсеткендей, жаңа әсерлер көбейген сайын ми көбірек естелік қалыптастырады. Нәтижесінде өткен кезең ұзақ әрі мазмұнды болып көрінеді.

Ғалымдардың пікірінше, уақыттың өзі жылдамдап жатқан жоқ. Біз оны басқаша қабылдай бастадық. Жас ұлғайған сайын өмірде қайталанатын әрекеттер көбейеді, ми жаңа ақпаратты азырақ тіркейді, ал цифрлы технологиялар назарымызды ұсақ бөліктерге бөліп тастайды. Соның нәтижесінде апталар айға, айлар жылға айналып кеткендей әсер қалдырады.

Оқи отырыңыз