Атауының өзі адамды елең еткізетін Барсакелмес туралы ел арасында небір аңыз таралған. Бірі аралға барған адамның қайта оралмағанын айтса, енді бірі мұнда уақыт басқаша өтеді деп сенген. Тіпті түнде аспанда жұмбақ жарықтар көрінетіні туралы әңгімелер де тараған. Алайда бұл жердің шынайы тарихы мен табиғаты аңыздардан да қызық.
Барсакелмес – Қызылорда облысындағы Арал теңізінің аумағында орналасқан ерекше табиғи мекен. Кезінде теңіз ортасындағы оқшау арал болған бұл жер бүгінде Арал теңізінің тартылуы салдарынан құрлықпен жалғасып кеткен. Ал оның атауы, табиғи ерекшеліктері мен тарихы Қазақстанның ғана емес, әлемнің де назарын аударған экологиялық құбылыстармен тығыз байланысты.
Неліктен «Барсаң, келмейсің» деп аталған?
Барсакелмес атауы қазақ тіліндегі «барсаң, келмейсің» деген тіркестен шыққан. Қорықтың ресми сайтында арал атауына қатысты бірнеше аңыздың тарағаны жазылған.
Солардың біріне сәйкес, ертеде қыстың қатты аязында арал мен материктің арасын мұз басқан. Осыны пайдаланған бірнеше қазақ отбасы малымен бірге аралға көшіп барған. Алайда арада жылдар өтсе де, олар елге оралмаған. Аңызда аралда тұщы су тапшылығынан адамдардың қаза тапқаны айтылады. Кейін бұл жерден қираған жертөлелер мен адам сүйектері табылғаны туралы әңгімелер тараған. Осылайша арал «Барсакелмес» аталып кеткен.
Аралды алғаш кім зерттеді?
Барсакелмес аралы географиялық картаға алғаш рет 1831 жылы ғалым А.Левшиннің еңбегінде түскен. Алайда ол кезде аралдың жағалауы нақты зерттелмеген еді. 1848 жылы Арал теңізі мен ондағы аралдарды зерттеу лейтенант Алексей Бутаков бастаған экспедицияға тапсырылды. Экспедиция екі жыл бойы аралдың пішіні мен көлемін анықтап, жер бедерін, топырағын, өсімдіктері мен жануарлар дүниесін зерттеген.
Бұл зерттеу Барсакелместің табиғи ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан тануға жол ашты. Кейін аралда экспедиция жетекшісі А. Бутаковқа ескерткіш орнатылған.
Арал құрлықпен жалғасып кеткен
Барсакелместің бүгінгі келбеті Арал теңізінің тартылуымен тікелей байланысты.
Бір кездері теңіздің ортасында орналасқан аралға тек су арқылы жетуге болатын. Алайда ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Арал теңізінің суы күрт азайып, жағалау сызығы өзгерді. Теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан аралдың айналасындағы су айдындары құрғап, бұрынғы теңіз табаны ашыла бастады.
1998 жылы Барсакелместің шығыс бөлігі материкпен жалғасты. Осыдан кейін аралдың географиялық сипаты өзгеріп, жабайы жануарлардың бұрынғы теңіз табаны арқылы басқа аумақтарға көшуіне мүмкіндік туды. Бұл өзгеріс қорықтың табиғатына да әсер етті. Бұрын теңізбен оқшауланған аумақ енді шөлейт экожүйелердің қалыптасуын зерттеуге болатын ерекше табиғи алаңға айналды.
Барсакелместе қандай жануарлар мекендейді?
Барсакелмес – тек аңыздарымен емес, биологиялық алуантүрлілігімен де құнды аумақ. Мұнда шөл және шөлейт табиғатына бейімделген жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрі кездеседі.
Қорықтың басты мақтаныштарының бірі – құлан. 1953 жылы Түрікменстандағы Бадхыз қорығынан тоғыз құлан әкелініп, аралға жерсіндірілген. Олар жаңа ортаға бейімделіп, көбейе бастаған. 1980 жылдары қорықтағы құландар саны 300-ге жеткен.
Алайда Арал теңізінің тартылуы мен су көздерінің тұздануы жануарлардың тіршілігіне қиындық туғызды. Сондықтан 1982 жылдан бастап құландарды Қазақстанның басқа өңірлеріне, соның ішінде «Алтын-Емел» ұлттық паркіне көшіру жұмыстары басталды. Бүгінде еліміздің өзге аумақтарындағы құландардың бір бөлігі Барсакелмес популяциясының ұрпақтары саналады.
Қорықта құланнан бөлек, ақбөкен, қарақұйрық, түлкі және басқа да шөл жануарлары кездеседі. Сонымен қатар бұл аумақ құстардың қоныс аудару жолындағы маңызды мекендердің бірі.
Барсакелмес қорығының халықаралық маңызы да жоғары. 2016 жылғы 19 наурызда ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында Барсакелмес биосфералық резерваты дүниежүзілік желіге енгізілді.
ЮНЕСКО дерегіне сәйкес, биосфералық резерват аумағында омыртқасыздардың шамамен 2 мың түрі, сүтқоректілердің 30 түрі, құстардың 178 түрі және бауырымен жорғалаушылардың 20 түрі бар.
Ал 2023 жылы Барсакелмес «Тұран шөлдері» табиғи мұрасы құрамында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. Бұл мәртебе өңірдің бірегей табиғи кешендерін сақтаудың халықаралық деңгейдегі маңызын көрсетеді. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы 1939 жылы 10 желтоқсанда құрылған. Алғашында оның аумағы шамамен 18 мың гектар болған. 2005 жылы Үкімет қаулысымен қорықтың аумағы кеңейтіліп, 160 826 гектарға жетті. Кейін, 2020 жылы Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр тұсындағы «Дельта» учаскесі қосылды.
Қазіргі таңда мемлекеттік табиғи қорықтың жалпы аумағы – 163 126 гектар. Ол үш кластерлік учаскеден тұрады: «Барсакелмес», «Қасқақұлан» және «Дельта». Айта кетейік, бұл көрсеткішті ЮНЕСКО мойындаған биосфералық резерваттың жалпы аумағымен шатастырмаған жөн. Биосфералық резерваттың аумағы 407 мың гектардан асады.
Тылсым аңыздың ар жағында не жатыр?
Барсакелмес туралы уақыттың өзгеше өтуі, адамдардың жоғалып кетуі немесе аспанда жұмбақ жарықтардың пайда болуы жөніндегі әңгімелер әлі де ел арасында айтылады. Алайда мұндай құбылыстарды растайтын ғылыми дәлелдер жоқ.
Ал шынайы деректер бұл мекеннің өзі-ақ ерекше екенін көрсетеді. Кезінде Арал теңізінің ортасында жатқан арал бүгінде құрғаған теңіз табанымен жалғасып, жаңа экожүйелер қалыптасып жатқан табиғи зертханаға айналды.
Ғалымдар үшін Барсакелмес – климат өзгерісінің, шөлейттенудің және табиғи ортаның өзгеруінің салдарын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды аумақ. Сондықтан оның құндылығы тек тылсым аңыздарында емес, табиғаттың қалай өзгеретінін көрсететін тірі тарихында жатыр.