Жаңалықтар

ТЖМ: Қазіргі уақытта 63 927 адам эвакуацияланды

ТЖМ: Қазіргі уақытта 63 927 адам эвакуацияланды
Фото: ortcom.kz 07.04.2024 00:32 367

Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы дерегі бойынша су тасқынына байланысты қазіргі уақытта елімізде 63 927 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Бұл туралы министрлікке қарасты Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қахарман  Оразалин Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы уақытқа дейін Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 391 жеке тұрғын үй, 1059 саяжай үйі, түрлі мақсаттағы 79 ғимарат су астында қалды.

Қазіргі таңда 63 927 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 45 мүмкіндігі шектеулі адам, 15 283 бала бар. Уақытша орналастыру пункттерінде 13 328 адам, оның ішінде 6 742 бала бар. Психологтар жұмыс істеп жатыр. Барлық қажетті көмек көрсетіледі, - деп атап өтті Кахарман Оразалин.

Спикердің айтуынша, 10 688 бас ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз қашықтыққа шығарылды. 

Ұшқыштардың шеберлігі арқасында 2 607 адам құтқарылды, оның ішінде 760 бала бар. Тәулігіне 243 адам құтқарылды. Құтқару операциясы қиын жағдайда өтті.

Өңірлерге 96 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді, 7 млн 300 текше метр еріген су тартылды, 921 мыңнан астам қапшық және 970 мың тонна инертті материалдар төселді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына дәл қазір 8 779 адам, 1756 техника, 415 су айдау құралы, 65 жүзу құралы, 12 әуе құралы жауынгерлік кезекшілікке жұмылдырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға